Қылыш асынған казактардың жиынын өткізуге кім рұқсат берді?!. (ФОТО)
2016 ж. 21 қыркүйек
7694
22
ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті төрағасы К. Мәсімовке,
ҚР Бас прокуроры А.Жақыповтың назарына
Қасиетті Алаш ордасы – Семей қаласында Тәуелсіздіктің 25 жылдығында қылыш асынған казактардың жиынын өткізу мерейлі мерекені келеке ету емес пе?!.
Семейде казактардың қарулы жиыны өтті. Бұл туралы "Қазақ Үні" ұлттық порталының тілшісі хабарлайды.
Ұлтты басыну дейміз бе, ұлтаралық алауыздықты туғызды дейміз бе?.. Бұл оқиғаны қалай атауды да білмей дал болдық. Қазақты қырған қанды атаман Ермактың күндерін өздерінің дәстүрлі мерекесі деп атап, Семей жеріне Өскемен мен Шемониханың казактары қылыштарын сүйретіп келіп той тойлады.
Бұны той деуге де болмайды. Мұнымен қоймай, казактардың әскери формасын киіп алған бұлар өз "Отечестволарына" адал болуға ант берісіпті. Қазақстанға емес, Елбасыға емес, өздерінің, казактардың "Отечествосына" ант берген!!! Бұл туралы Экспресс-К газеті де еш қымсынбай жазды.
Ант беріскеннен кейін жастардың басын тақырлап, оларға ұрыстың айла-тәсілдерін үйретті. Мұны қалай атаймыз? Бір емес, он емес, жүзден астам адамның суық қарумен ұрыстың айла-тәсілін үйреніп жатқанына Семей әкімдігі де, жергілікті Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің бөлімшесі де көз жауып қарап отырған ба?
[caption id="" align="aligncenter" width="485"] Семей қаласының әкімі Ермак Салимов[/caption]Семей қаласының әкімі қайда қарап отыр? Айтпақшы, Семей әкімінің есімі де осы қанды атаман Ермактың құрметіне қойылған-ау, шамасы. Ермек емес, ресми түрде өзін Ермак деп жазатыны соған дәлел секілді. Ермак Салимов үшін бұл жиын қалыпты жағдай секілді... Шығыс Қазақстан облысына әкім болып бара салып, "Қызыл алаң саламын" -деп қызылшеке болып жүрген Даниал Ахметов облысында не болып жатқанын біле ме? Білсе, бұндай масқараға қалай рұхсат беріп отыр? Одан да биыл 25 жылдығы өткелі отырған Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесіне, 30 жыл толып отырған Тәуелсіздік қарлығашы -Желтоқсан көтерілісіне арналған шаралар өткізбей ме?
Қасиетті Алаш ордасы – Семей қаласында Тәуелсіздіктің 25 жылдығында қылыш асынған казактардың жиынын өткізу мерейлі мерекені келеке ету емес пе?!.
"Время" қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Милана Гузеева бұл жиын туралы былай деп жазды:
"В Семее отпраздновали День Ермака. Но речь идет не об акиме города Ермаке САЛИМОВЕ, а о его тезке - легендарном казачьем атамане.
На святом ключе в сосновом бору, где проходило празднество, собрались казаки из Семея, Усть-Каменогорска и Шемонаихи. Собравшиеся продемонстрировали обряды, в том числе посвящение в казаки (верстание). А благодаря “казачьему вару” - старинному способу обучения навыкам коллективного взаимодействия в бою - собравшиеся смогли показать свою молодецкую удаль. Финальным аккордом Дня Ермака стало спускание поминального венка в воды Иртыша. По народным преданиям, именно в этой реке утонул атаман."
Сонда бұл Ермак кім? Бұл Ермак қазақты аяусыз қырған жауыз. Өлтіріп ғана қоймай, аруақты қорлаған адам. Мұсылман зираттарын қаздырып, өлгендердің мәйітін де қорлаған атаман. Қазақтың "Сәтбек батыр" дастанында Сәтбектің бала-шағасын Ермактың қалай өлтіргені туралы айтылады. Сол үшін батыр Ермактың басын шауып алып, мәйітін иттерге талататыны туралы жазылған.
Ал, енді қазақты қырған атаманның күндерін қазақтың жерінде тойлау ұлтымызға деген теріс ниетті білдіреді емес пе? Екіншіден, еліміздің құзырлы органдары ұрыс тәсілдерін үйретуге негізделген қарулы жиын өткізгені үшін ұйымдастырушыларды жауапқа тартуы керек деп санаймыз.
Алтай Сағидолда,
qazaquni.kz
Фото: Экспресс-К