«АЗАТ» ҚОЗҒАЛЫСЫ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІНІҢ АНЫҚТАМАЛЫҒЫ
2016 ж. 21 қыркүйек
17526
18
АЗАТКЕР
Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл!
Биыл 25 жыл толып отырған Тәуелсіздігімізге өлшеусіз үлес қосқан "Азат" азаматтық қозғалысы қайраткерлері туралы анықтамалық толық емес. "Азаттың" белсенді қайраткері Серік Ерғалиға бұндай маңызды бастамасы үшін рахмет айта отырып, бұнда, оқырмандардың айтуы бойынша, өңірлердегі азаттықтар сырт қалып кеткенін ескертеміз. Сондықтан әр өңірдің "Азат" қозғалысы қайраткерлері анықтамалықты өздеріңіз толықтырып, "Қазақ үні" ұлттық порталы поштасына жіберсеңіздер немесе пікір алаңына жазсаңыздар, толықтыра береміз.
Редакция АЙДАРБЕК Жомарт Аққазиұлы 1962 жылы 16 каңтарда Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Теректі ауылында дүниеге келген. Мамандығы - педагог, мәдениет қызметкері. 1988 жылы Әбу Насыр Әл-Фараби атындығы Шымкент педагогикалық-мәдениет институтын бітірген. Қазақстанда тұңғыш құрылған (1989 ж.) «Парасат» қоғамдық, саяси-демократиялық қозғалысының, «Азат» азаматтық қозғалысының облыстағы белсенді мүшелерінің бірі, облыстық Кеңес мүшесі. Республикалық партияның Маңғыстау ауданы бойынша төрағасы (1991) болды. Жомарт Айдарбек 1997 жылдан «Парасат» қозғалысы облыстық Кеңесінің мүшесі және 2003 жылдан кеңес төрағасының орынбасары. Облыстық Кеңестің мүшесі ретінде «Парасат» қозғалысы облыстық Кеңесі ұйымдастырған шараларға ұйытқы болып, көптеген игі істердің басы-қасында жүрді. Ол Тельман елді мекеніне Сайын Шапағатовтың есімінің берілуіне, жерді сату туралы заңды қабылдатпау үшін бүкілхалықтық референдум жариялау туралы демократиялық ұйымдардың Алматы қаласында ұйымдастырған республикалық деңгейдегі жиналысына, 2002 жылы Алматыда циркте ұйымдастырылған ҚДТ қозғалысының құрылтайына және митингіге, «Азат» қоғамдық қозғалысының кеңейтілген жиналысына, Конституцияда көрсетілген «Өзін-өзі басқару туралы» заңды өмірге енгізу мақсатында өлкемізде ұйымдастырылған қабылдануға тиісті заңдар туралы қоғамдық тыңдауларға, «Парасат» қозғалысы ұйымдастырған барлық акциялар мен жиналыстарға қатысып, оның шешімдерін іске асыру мақсатында барлық күш-жігерін аямай жұмсады. АЙМАХАНОВА Гүлсамал Төрединқызы 1961 жылы 21 қарашада Ақтөбе облысының Шалқар қаласында заң қызметкерінің отбасында жеті баланың бесіншісі болып, дүниеге келді. 1979 ж. №40 орта мектепті, 1985 ж. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. 1989 жылдан бастап Қазақстанның Тәуелсіздігі жолында қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласты: Халықаралық ядролық жарылысқа қарсы «Невада-Семей» қозғалысының, облыстық «Жем» антиядролық тобының, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының, «Алдаспан» қоғамдық-саяси, мәдени бірлестігінің мүшесі болды. 1994 ж. ҚР өткен алғашқы сайлауда республикалық «Азат» азаматтық қозғалысы облыстық бөлімшесі атынан қалалық мәслихатқа № 5 округтен депутат болып сайланды. АҚАТАЕВ Сәбетқазы (1938 - 2003) Белгілі ғалым, қоғам қайраткері, жазушы. 1938 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданында дүниеге келген. 1960 жылдары Мәскеуде қазақ студенттерімен бірге «Жас тұлпар» атты қазақ жастарының ұйымын құруға қатысты. 1987 жылдың 7 қаңтарынан бастап, Желтоқсан оқиғасының шындығын бүкіл әлемге жеткізу мәселесімен айналысқан. Осы қанды оқиғаның бетін ашатын мәтін әзірлеп, оны арнайы пленкаға түсіріп, Африка, Қытай, Америка және Венгрия елдеріне жіберді. Мажарстандық Иштван Қоңырдың көмегімен сол мәтін Еуропа еліне таралып, Желтоқсан оқиғасының шындығы бүкіл әлемге жайылды. С.Ақатаев - Қазақстанның «Азат» азаматтық қозғалысының негізін салушылардың бірі. 1990-1991 жылдары ұйым басшыларының бірі болды. Ол 1991 жылы қазан айында Қазақстанның Халықтық республикалық партиясын құрып, басқарды. Ол өмірінің соңына дейін Қазақстан тәуелсіздігіне адал еңбек етіп, өз үлесін қосып кеткен ұлттық қайраткер. АМАНҒАЛИ Мұханбетияр Бисұлтанұлы 1954 жылы 28 мамырда Атырау облысы Қызылқоға ауданы Миялы ауылында туған. 1990 жылдан бастап «Алдаспан» қоғамдық бірлестігі, «Азат» азаматтық қозғалысы, «Өрлеу» қоғамдық-саяси және «Ана тілі» қоғамдық ұйымдарында төраға, төрағаның орынбасары болып, белсенді жұмыс жасап, облыстың қоғамдық-саяси істеріне араласты. 1994-1999 жылдары Ақтөбе қалалық маслихатының депутаты болып сайланды. Депутаттық міндетін атқаруда ұлттық құндылықтарды қорғауға зор үлес қосты. 90-жылдары Ақтөбе қаласындағы «Алдаспан» ұйымының белсенді мүшесі болды, кейін «Азат» азаматтық қозғалысының аясындағы шараларына белсене араласты. АРАЛБАЕВ Данияр Аралбайұлы 1949 жылы 1 қазанда Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Үштаған ауылында дүниеге келді. Атырау мемлекеттік педогогикалық институтының тарих факультетін 1975 жылы бітірген. Данияр Аралбайұлы 1989 жылдан бері «Парасат» қозғалысының мүшесі. 1997 жылдан «Парасат» қозғалысы облыстық Кеңесінің төрағасы. 1994-1999 жылдары тәуелсіз Қазақстан Республикасының алғашқы шақырылымындағы тұңғыш рет демократиялық жолмен сайланған Ақтау қалалық мәслихатының депутаты. «Азат» қозғалысының ұжымдық мүшесі болып табылатын «Парасат» қозғалысының аясында: қазақ тілінің тағдыры, қазақ бала-бақшаларын, мектептерді көбейту және қазақ тіліне шынайы мемлекеттік мәртебе беру, жер атауларына бұрынғы тарихи есімдерін қайтару, ата салт-дәстүрді жаңғырту, Әулие Аталарды құрметтеу мен бірге халықтың әлеуметтік мәселелерін (жұмыссыздық, экология, экономика және адам хұқы) көтерді. Данияр Аралбайұлы 2004-2010 жылдар аралығында облыстық Ономастика комиссиясының мүшесі болды.Оның араласуымен 2006 жылы туған жері Тельман елді мекеніне еліміздің бір туар перзенті Сайын Нәдірұлы Шапағатовтың есімі берілді. АХМЕТОВ Көшкінбай Нұрмағанбетұлы Ахметов Көшкінбай Нұрмағанбетұлы – 1953 жылдың 1-ші қаңтарында Ақтөбе облысы Ақтөбе ауданының Елек елді мекенінде жұмысшы жанұясында туған. 1968 жылы Елек сегіз жылдық мектебін бітіріп, 1972 жылы Ақтөбе теміржол техникумын тәмамдады. 1991–1996 жылдары “Бекарыс” ШК басқарып, осы жылдары «Алдаспан» ҚБ, Азаматтық «Азат» қозғалысының Ақтөбе облыстық бөлімшесінің іс-шараларын қаржыландырып тұрды. 1989 жылдан бастап Тәуелсіздік жолында қоғамдық жұмысқа белсене араласуда: 1989-1990 - “Қазақ тілі ” қоғамы, Басқарма мүшесі. Бастауыш ұйым төрағасы. 1990-1991 - “Алдаспан” ҚСМБ, үйлестіру кеңесінің мүшесі. 1991-1994 - “Азат” ҚАҚ Ақтөбе бөл., үйлестіру кеңесінің мүшесі. 1994-2000 - “Азат” ҚАҚ Ақтөбе бөл., үйлестіру кеңесінің төрағасы. ӘБІЛОВ Аманжол Күзембайұлы Қостанай өлкесіндегі Меңдіғара өңірінің Майлыагаш ауылында 1945 жылдың 24 наурызында дүниеге келген. А. Әбілев 1965 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітірді. 1969 жылы жолдамамен Қарағандыға келді. 1971-1974 жылдары Алматы шет тілдері институтында аспирантурада оқып қайтты. Қарағанды мемлекеттік университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі болды. Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент. Қарағанды облыстық «Азат» қозғалысын құруға белсене араласып,қозғалыстың облыстық бөлімшесін басқарды. БАБАЛЫҚҰЛЫ Жағда (1917-2010) 1917 жылы 21 қарашада ҚХР, СУАР, Іле Қазақ автономиялы облысы, Тарбағатай аймағы, Толы ауданы, Ұты-Құжырты тауында дүниеге келген. Мектепті Тарбағатай аймағының орталығы ІІІәуешек қаласында бітіріп, Үрімші қаласындағы «Шың-Жаң-Шөян» институтында оқыған. 1944-1945 жылдары ұлт-азаттық ұйымның жұмысына қатысқаны үшін «Туфи-бандит» атанып, абақтыға қамалған. 1945-1949 жылдары Шығыс Түркістан республикасының ұлт-азаттық әскерінің қатарында подполковник шеніне дейін әртүрлі дәрежелі қызмет атқарып, Бас штабтың саяси басқарма бастығының орынбасарына дейін көтерілген. Гоминдан әскеріне қарсы 23 ұрысқа қатынасып, үш рет жараланған (1947 жылы 8 ай әскери түрмеде қамауда болған). 1950-1958 жылдары Қытай халық-азаттық армиясы әскери сотының орынбасары, Іле Қазақ автономиялы, Тарбағатай аймағының әкімі, СУАР өкіметінің саяси-заң басқарма бастығы, Іле Қазақ автономиялы облысының төрағасы болып қызмет істеген. Сол кездерде жергілікті қазақтардың әлеуметтік және құқықтық мәселелерін шешу жолында табандылық танытып, біраз мәселелердін шешілуіне ықпал жасады. Қытай мемлекетінің аз санды ұлт өкілдерінің әліппесін латын әрпіне көшіруінің нәтижесінде қытай қазақтарының өзінің ата жұртындағы елінен ажырасып қалатынын түсініп, өз мүмкіншілігін пайдаланып, көптеген себептерді көлденең тартып, жергілікті қазақ әліппесін кирилицаға көшірді. Қытайдағы, Монғолиядағы және Қазақстан қазақтарын қосатын саясат жүргізетін ұлтшыл, оңшыл өте қауіпті элемент деген айып тағылып, 1958-1961 жылдары бостандықтан айырылып, еңбекпен түзету лагеріне жіберілді. Еңбекпен түзету лагерінен босаған соң Қазақстанға келді. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезінде тергеліп, біраз уақытқа дейін бақылауда болды. Желтоқсан оқиғасы туралы шындықты жазып, мақалаларын Венгрия, Чехия, АҚШ-ка жіберіп, бүкіл әлемге жариялады. 1989-1991 жылдары Қазақстандағы «Азат» қозғалысын кұруға белсене араласты. 2010 жылы дүние салды. БАУБЕКҰЛЫ ӘЛІБЕК (1939 – 2003) 1939 жылы 1 қаңтар күні Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, қазіргі Үрмәш Түктібаев ауылында дүниеге келген. Қызылорда педагогикалық инсгитутын \қазіргі Қорқыт Ата атындағы университет\ математика мамандығы бойынша бітірген. Мұғалім, мектеп директорының орынбасары қызметін атқарған. 1990 жылы Қызылорда қалалық «Қазақ тілі» қоғамының жауапты хатшысы қызметінде жүріп «Азат» қозғалысын облыста ұйымдастыруға ұйытқы болды, тең төрағасы болып сайланды. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесіне, облыстық мәслихатқа үміткер болып сайлауға түсті. Ақын, жазушы ретінде саяси-публицистикалық, шығармашылық еңбектері республикалық, облыстық баспа беттерінде жарияланған. «Жыл он екі ай», «Сарқырама», «Өзі-ұшар», «Диқан мен дән», «Ащы балмұздақ» атты кітаптары жарық көрген. 2003 жылы ауыр науқастан кейін дүние салды. БӨЛЕК Төлеген Садықұлы 19 қараша 1946 жылы Ақтөбе облысы Темір қаласында туған. Заңгер.Журналист. Қазақстанның «Азат» азаматтық қозғалысының жұмысына Темір ауданы бойынша белсене қатысты. Қозғалыс жұмысы тоқтағаннан кейін «Қазақ тілі» қоғамының, «Ана тіл» қоғамдык бірлестігінің, «Мемлекеттік тіл» қозғалысының, «Ұлт тағдыры» қоғамдық бірлестігінің жұмыстарына белсене араласып келеді. БӨТЕЕВ Болат 1953 жылы 2 маусымда Талдыкорған облысы, Панфилов ауданы, Пенжім ауылында дүниеге келген. Жамбыл қаласындағы Гидромелиорациялық құрылыс институтын бітірген. «Азат» қозғалысының аудандық бөлімшесінің шараларына белсене қатысты. 2006 жылдан бастап «Аллажар-қолдау» ҚҚ атқарушы директоры. Желтоқсан көтерілісінің 20 жылдығына орай 2006 жылы «Аллажар» фильмінің көрсетілімін ұйымдастырды. ДЕМЕУБЕРГЕНҰЛЫ Қожахмет Қожахмет Демеубергенұлы 1950 жылы Маңғыстау ауданы, Кәрі қыстағында дүниеге келді. Орал педагогикалық институтын бітіріп, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы алып шықты. Журналистика саласында 35 жылдай еңбек етті. Ол Маңғыстау аудандық «Жаңа өмір», Мұнайлы аудандық «Мұнайлы жаңалығы» газеттерінде жауапты хатшы, кейін көп жылдар бойы Маңғыстау облыстық телерадиокомпаниясында аға редактор болып қызмет жасады. 1989 жылдан «Парасат» қоғамдық-саяси демократиялық қозғалысының және «Азат» қозғалысының мүшесі, Сайын Шапағатовтың сенімді саяси серігі. Кезінде «Парасат» қозғалысы мәдениет орталығының жетекшісі болды. 1999 – 2003 жыл аралығында облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланды. Ол өз қызметі арқылы ел есінде сақталған талай игі істердің бастамасы болды. Кезінде көпшілік толғандырған Баянды ауылындағы мал ұрлығының ашылуына, Тұрдыбай бағын қорғап қалуға, Жетібай кентіндегі проблемаларды шешуге, Қаражамбас мәселесі және Бекет – Ата тарихи химаратын қорғауға араналған қызметтері облыс тұрғындарының жоғарғы бағасына ие болды. 2006 – 2010 жылдары аралығында Маңғыстау облыстық ономастика комиссиясының мүшесі. ДӘРІМБЕТ Батырхан (1951-2005) 1951 жылы 5 желтоқсанда Қызылорда облысы, Арал ауданы, Акбай ауылында дүниеге келген. 1977 жылы ҚазМУ-ді тәмамдағаннан кейін ҚазКСР Мемлекеттік кино мекемесі төрағасының көмекшісі, Қазақстан Ғылым академиясы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері болды. Филология ғылымдарының кандидаты. 1990 жылдардың басында Б.Дәрімбет еліміздің коғамдық-саяси өміріне белсене араласты: 1991 жылы - «Азат» азаматтық қозғалысы төрағасының орынбасары, «Азат» газетінің редакторы. 1996 жылы - Мұстафа Шоқай атындағы коғамдық қордың президенті, «Радио Свобода» тілшісі болды, «Азат» коғамдық-саяси газетін, «Жас Түркістан» журналын басқарды. «Азат» қозғалысы» тағы басқа бірнеше кітаптардың авторы. ЕЛУБАЙ Смағұл 1947 жылы Түркменстанда туған. Жазушы, журналист, сценарист. 90-жылдары «Азат» қозғалысының жұмысына араласты. Құрылған күнінен бастап еліміз тәуелсіздік алғанға дейін барлық шараларына қатысқан. 2004 жылы құрылған «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының құрушылардың бірі және қозғалыстың төрағасының бірінші орынбасары болды. Ақпарат құралдарында тіл, ұлттық сананы құлдық санадан арылту, ашаршылық, геноцид мәселелерін үзбей қозғап келеді. «Құрмет» орденімен марапатталған. ЕРҒАЛИ Серік Әбдірешұлы 1961 жылы 16 маусымда Актөбе облысында туған. Математик-мұғалім, заңгер мамандықтарын алған. Педагогика және психология магистрі. Публицист. Этнолог. 1989 жылы «Жем» антиядролық тобын құрып, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының Ақтөбе облысы бойынша өкілі болды. 1990 жылы 24 каңтарда «Алдаспан» пікірталас клубын құрды, клуб сол жылғы қазан айында қоғамдык-саяси-рухани бірлестікке айналды. 1991 жылы 6 сәуірден бастап Қазақстаннын азаматтық «Азат» қозғалысының Батыс (алты облыс кірген) аймак бойынша үйлестірушісі, Орталық үйлестіру кеңесінің мүшесі. «Азат» қозғалысының Ақтөбе, Қызылорда, Орал, Торғай, Атырау облыстарындағы бөлімдерін құруға атсалысты. 1991 жылғы тамыздағы Семей полиғонының жабуын талап еткен «Азат» қозғалысының Семейдегі апталық шарасына, 1991 жылғы қыркүйектегі Орал көтерілісіне басшылық жасағандардың қатарында болды. 1993 жылғы Кеңкияқ кентіндегі болған мұнайшылар ереуіліне дем беріп, оның нәтижелі болуына атсалысты. 1990-1992 жылдар аралығында жоғарыда аталған ұйымдардың қызметі ауқымында ұйымдастырылған түрлі қоғамдық-саяси шаралардың басы қасында болды. 1993 жылы «Азат» қозғлысының бастамасымен құрылған «Отау» құрылыс-әлеуметтік кешенін құрып, баспанасыздар мәселесімен айналысты. 1992 жылы «Көсеге қайтсе көгерер?» атты сериялық мақалалар аясында ел астанасын Алматыдан орталық аймаққа көшіріп, облыстарды жойып, елдің әкімшілік-бөлініс құрылымын өзгертуді ұсынды. ЕСЕНӘЛИЕВ Михаил Иванович (1928-1999) (Хәкім Тілегенұлы) 1928 жылы 15 қыркүйекте Ресей, Саратов облысы, Питер ауданы, Питерск селосында дүниеге келген. Саратов зангерлік мектебін, БЛКЖО ОК құзырындағы комсомол мектебін, КОКП ОК Қоғамдық ғылым академиясының аспирантурасын бітірген. Дипломат. Заңгер. Философия ғылымдарының кандидаты. 1981-1989 жылдары Қаз КСР-ің Сыртқы істер министрі болды. 1991-1992 жылдары Қазақстанның Азаматтық «Азат» қозғалысының төрағасы, 1992-1994 жылдары Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі қызметін атқарды. ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің VII, VIII, IX, X, ХІ-шы шақырылған кеңестерінің депутаты. КСРО Жоғары Кеңесі Төралқасынын жарлығымен «І-дәрежелі төтенше және өкілетті өкіл» атағы берілген. БҰҰ Бас ассамблеясының 31 және 37-сессияларына қатысқан. Саяси тақырыпқа жазған мақалалардың саны - 200-ге жуық. Олар Қазақстанның, бұрынғы одақтас республикалардың бірнешеуінің, Қытайдың, Үндістанның, Чехословакияның газет-журналдарында жарияланған. «За сильных духом», «Небоскреб на 0 Ікт-Ривер», «Размышления вслух», «На грани... эпох», «Записки дипломата», «Штрихи к портретам», «Ақиқатын айтқанда» атты кітаптардың авторы. ЕСМҰРЗАЕВ Аманғос Көшекбайұлы (1957-1997) 1957 жылы 21 наурызда Ақтөбе облысының Шалқар ауданы, «Қарашоқат» стансасында туған. Аманғосты №64 мектептің ұжымы 1990 жылы баламалы сайлауда көпшілік дауыспен директор етіп сайлайды. Сол кездерде елімізде қылаң бере бастаған тәуелсіздік толқындары басталған кезде Аманғос қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, әуелі Арал теңізін қорғауды мақсат еткен «Тамшы» қозғалысының жұмысына белсене араласса, артынша «Азат» ұйымын құруға үлес қосты. Сол кезде атымен де, абырой атағымен де дүркіреген Арал, Сексеуіл елді мекендеріндегі «Азаттың» атын шығарған Аманғос Есмұрзаев еді. 1993 жылы тамызда Сексеуіл қалашығында депо жүмысшылары алты ай бойы жалақы ала алмай, әуелі бірнеше сағатқа пойыз тоқтатып, артынша алты адам аштық жариялағанда осы акцияның басы-қасында болып, оны ерекше тәртіптілік жағдайда басқарған Аманғос еді. Аманғостың аты, атағы, абыройы аудан, тіпті облыс көлемінде ерекше болды. 1994 жылы өткен облыстық мәслихат сайлауында Аманғостың абыройының биіктігі соншама - онымен сайлауға қатар түсуге ешкім бата алмады. Облыстық мәслихатқа депутат болған А. Есмұрзаев «Аманат» тобын құрып, оның белсенді мүшесі болды. Қазір Арал қаласындағы бір көше Аманғостың атымен аталады. ЖӘКІБАЕВ Орынбай (19....- 2014) Батыс Қазақстан облысының Жымпиты ауданындағы «Бұлдырты» совхозында туып өскен. Қазақ Мемлекеттік университетінін журналистика факультетінің түлегі. Батыс Қазақстан облыстық, аудандық газеттерінде, облыстық телерадио комитетінде, кәсіподақтардың облыстық Советінде еңбек етті. 1991 жылғы қыркүйекте Жайық казактарының Оралда автономия құруды жоспарлап, Ресейлік атамандарымен той өткізбек болған кезде казачество сепаратистеріне қарсы ұлт-азаттық қозғалысын ұйымдастырушылар қатарында, жергілікті коммунистік партияның сатқындық саясатына қарсы саяси күреске белсене қатысты. Жасырын түрде «Азаттық үні» үнқағазын (листовка) шығарып, коммунистік диктатура жандайшаптарын саяси соққыға алды. Әсіресе «Жау жағадан алғанда...» деген мақаласы облыстық партия комитетінің органы «Орал өңірі» газетінің ұнамсыз ұстанымын барынша әшкереледі. Ол Республикада бірінші болып, қос тілді «Батыс (Западный) Қазақстан» тәуелсіз газетін ресми түрде тіркетіп, ұлтаралык татулықты ушықтырмау үшін көп күш жұмсады. Советтік дәрменсіз кәсіподаққа балама - тәуелсіз кәсіподақ құрып, бір жылда мүшелерінің санын 17 мыңға жеткізді. О.Жәкібаев «Азат» қозғалысы мен Қазақстан республикашыл партиясының құрылтайының секретариаты құрамында оның саяси бағдарламасын жасауға тікелей катысты. 2004 жылы тамыз айында «Батыс Қазакстан облысы ардагер журналистерінің бейүкіметтік ұйымын» құру құрылтайында басқарма төрағасы болып сайланды. ЖҰМАТОВ Оразбай (10.07.1952 - 28.04.2000) Тәуелсіздіктің Ақтөбе өңірінен шыққан алғашқы қарлығаштарының бірі Жұматов Оразбай 1952 жылы 10 шілдеде Ойыл ауданы Жетікөл кеңшарында дүниеге келген. ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген. 1990 жылы заманның өзгеріп жатқан қарбалас шағында Оразбайдың «Алдаспан» қоғамдық бірлестігінде, одан кейін «Азат» қозғалысының бел ортасында жүрген кездері өтті. Оразбайдың газеттердің макетін жасау қабілеті ерекше болатын. Сол жылдары ол ұлтшыл сипаттағы «Тілтағдыр», «Алдаспан», «Үркер» және т.б. газеттер шығарды. Ақтөбедегі №21, №34, №32, қазақ орта және №38 орталау мектептерінің қазақ мектебі болып ашылуына, облыстық драма театрының қазақ труппасының да ашылуына «Азат» қозғалысының белсенділерімен бірге қосқан үлесі зор еді. Үй жағалап, қала қазақтарының балаларын қазақ мектебіне беруге үгіттеп, қол жинауға ерекше кірісті. Қазіргі №21 «Кәусар бұлақ» бала-бақшасының қиын жағдайда жабылып қалмауына ықпалын тигізгендер де осы азаматтар еді. 1991 жылғы Оралда орын алған оқиғаға «Азат» қозғалысының мүшелерімен бірге белсене атсалысты. Ол өз білігі мен білімін өмірінің соңына дейін ұлтына арнаумен болды. ЖҮСІП Нұрбай 1955 жылы 19 шілдеде Қызылорда облысы, Арал ауданы, Сексеуіл кентінде дүниеге келген. Жоғары білімді, Қызылорда педагогикалық институтын бітірген. Саяси белсенділігі 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін біліне бастаған. 1987 жылы мамыр айында Қамыстыбас ауылында «Саяси клуб» ұйымын құрып ұлттық мәселелерді талқылаудың ұйтқысы болған. 1989 жылы Қамыстыбас ауылында «Қазақ тілі» ұйымын құрып оның жергілікті тобының төрағасы болған. 1990 жылы Қызылорда облысында «Азат» қозғалысы құрылған кезде Қамыстыбас, Сексеуіл кенттерінде және Арал қаласында «Азаттың» бастауыш ұйымын құру мақсатында бастамашыл топтарды құрғандардың бірі. Қызылорда облысында «Азат» қозғалысының алғашқы бастауыш ұйымын Қамыстыбас ауылында алғаш ұйымдастырған азамат. Содан кейін «Азаттың» бастауыш ұйымдарын Сексеуіл кентінде және Арал қаласында ұйымдасуына ат салысты. Облыстық «Азаттың» белсенділері, кейін облыстық мәслихаттың депутаты болған Аманқос Есмұрзаев, Сексеуіл кентінің әкімі болып сайланған азаттық белсенді Уәлихан Жұмағұлов, Әли Жайлау сияқты азаматтармен қоян-қолтық араласып жұмыс атқарудың нәтижесінде аудан, облыс көлемінде саяси белсенділігі мен шеберлігін көтеріп «Азаттың» атынан екі рет аудандық мәслихаттың депутаты (бірінші рет -2004-2009 жылдары, 2-і рет 2012 жылы) болып сайланды. 2001 жылы әуелі «Арал ақиқаты» деген тәуелсіз газет шығаруды қолға алды. Екі жылдан кейін қаржы тапшылығына кезігіп бұл басылымды шығаруды тоқтатуға мәжбүр болды. Бұл қиыншылыққа мойымаған азамат 2003 жылынан бері аудандық «Үмітті Арал» газетін шығарып келеді. Бұл газетті таралымы көп болмаса да (2000 шамасында) аудан көлеміндегі шындық пен әділеттікті іздеген қарапайым азаматтардың газеті деп атайды. 2011 жылы шыққан («Үш қиян», Алматы) «Асылдан туар асылдар немесе ұлттық рухты ояту» атты кітаптың авторы. ЖҮСІП Сағат Есмаханұлы 1944 жылы 10 маусымда Қызылорда облысы, Сырдария ауданының Бірқазан ауылында дүниеге келген. Алматы ауылшаруашылық институтын бітірген. Көп жылдар облыс көлемінде ауыл шаруашылық, жобалау-зерттеу, кәсіподақ, кеңес қызметі саласында жұмыс істеген. 1989 жылдан бастап қоғамдык жұмыспен айналысып келеді. Атап айтқанда демократиялық ағарту, сайлау, адам құкықтары, журналистика, аудармашылық, тарих, өлкетану мәселелерімен айналысады. Қызылорда облысында «Қазақ тілі», «Азат» қозғалысы, ҚРХП ұйымдарының, «Демократияны тарату орталығының» жетекшісі болды. 1990 жылдан бастап Қызылорда облысында «Азат» қозғалысының ұйымдастырушысы, төрағасы болған. Ұйым тарап кеткенше басшысы болған. 1998-2003 жылдары Қазақстанның Республикалык Халық партиясының, 2003-2012 жылдары "Алға" партиясының облыстағы ұйымдастырушысы, төрағасы болды. Саяси кызметі үшін бірнеше рет сотталды. "Азаттық" (2008) сыйлығының иегері. ЕҚЫҰ атынан бірнеше рет шет елдердегі халықаралық сайлауларға байқау миссиямен қатысты. «Ерікті сайлау дегеніміз не?», «Демократияның 25 сабағы», «Азат пен аманат» т.б. оннан астам кітаптардың авторы. КЕНЕБАЙ Жұмаш Айтжұманұлы 05.06.1950 жылы Шығыс Түркістанның Шағантоғай ауданы Қарабура елді мекенінде дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетін (1976ж.), тележурналистер дайындайтын Мәскеудегі КСРО жоғары мектебін (1983 ж) бітірген. Жұмаш Кенебай Желтоқсан көтерілісіне қатысқан. Ол туралы шындықты тұңғыш рет сол кездегі Алманияның Мюнхен қаласындағы шетелдік «Азаттық» радиосына 1987 жылы хабарлаған және Желтоқсан шындығы туралы Қазақстанда алғашқылардын бірі болып, «Зобалаң» атты дастан жазып, ол 1990 жылы «Азат» газетінде басылды. Сотталған Желтоқсандықтарды босатуға мұрындық болды. Алматы қаласындағы алғашқы қазақ мектептері мен балабақшаларының ашылуына, «Азат» қозғалысының құрылуына, «Азат» атты газеттің шығуына белсене араласты. Жұмаш Көкбөрі деген лақап атпен 100-ден астам өзекті де өткір мақалалар жазып, өз елімізде және шетелдерде кенінен танылады. КӨКЕН Азат Абақұлы 1963 жылы 20 мамырда Алматы (бұрынғы Талдықорған) облысы, Қапал ауданы, Қоңыр ауылында дүниеге келген. Мамандығы - энергетик. 1986 желтоқсанда Айнабұлақ шағын ауданында болған митингіге катысты. 1987 жылы Алматы Энерго құрылыс техникумын бітірген. 1990 жылы «Азат» қозғалысының құрылтайына қатысып, сол жылдан қозғалыс мүшесі болды. «Азат» қозғалысының өткізген барлык акциялары мен митингілеріне қатысқан. «Азат» қозғалысының Алматы қалалық үйлестіру кеңесі мүшесі. 1991 жылы қыркүйекті Орал окиғасына катысты. 1992 жылы қаңтар айында Қазақстан Ұлттық Өркендеу «Жаңғыру» Орталығының құрылтайына қатысып, сол Орталықтың мүшесі болды. 1992 жылы 9 мамырда Ф.Э.Дзержинский ескерткішін құлату акциясына қатысты. 1992 жылы сәуір айында «Азат» қозғалысының ұйымдастыруымен «Таулы Қарабах» жорығына катысты. 1992 жылы маусым айында «Азат» қозғалысы ұйымдастырған 6 күндік қарсылық акциясына катысты. 1992 жылы саяси көзқарасы үшін жауапқа тартылып, түрмеге жабылды. 1999-2002 жылдары жерді жеке меншікке беруге қарсылық акцияларына қатысты. «Азат» газетінде «Жерді сатуға болмайды», «Біз неге аштық жа- рияладық» деген мақалалары жарык көрді. 2001 жылы желтоқсан айында Өзбекстан мен даулы жер «Бағыс» акциясына катысты. 2006 жылы Маловодное елді мекеніндегі қазақ-ұйғыр қақтығысы және Қазаткомда болған қазак-шешен қақтығысы кезінде бейбіт жолмен шешуге атсалысты. КӨШІМ Досмахамбет (Дос) Қалмаханұлы 1955 жылы 21 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласында дүниеге келген. Мамандығы - филолог, 1981 жылы С.М. Киров атындағы ҚазМҰУ бітірген. Республикада алғаш рет (1988) «Ана тілі» қоғамын құрушының бірі. 1990 жылы Қазақ еліндегі ең алғашқы саяси партия - Қазақ социал-демократиялық партиясын ұйымдастырушылардың бірі және сол партияның алғашқыда тең төрағасы, кейін төрағасы қызметін атқарды (1990-1994). 1991 жылы азаматтық «Азат» қозғалысы төрағасының орынбасары, Кеңес одағының демократиялык конгресінің тең төрағаларының бірі болып сайланады. 1996 жылы «Демократияны қазак тілінде окытып үйрету және тарату» орталығын құрады. 1998 жылы республикалық «Әділ сайлау жолында» қозғалысын ұйымдастырушыларды бірі ретінде жауапқа тартылады. 1999-2005 жылдар аралығында «Тәуелсіз бақылаушыларлың республикалық жүйесі» қоғамдык бірлестігін құрушы жэне сол ұйымның президенті кызметін атқарады. 2005 жыли ұлтшылдардың республикалық «Ұлт тағдыры» қозғалысын үйымдастырушылардың бірі және бүгінге дей сол бірлестіктің төрағасы. Кеңес Одағындағы, Алматы қаласындағы жиындар мен шерулерді ұйымдастыруға араласқан. 1992 жылы «Азат» қозғалысы ұйымдастырған «күндік" пикетті ұйымдастырушылардың бірі. 2001 жылы Өзбекстанға қазақ жерін бермеу үшін ұйымдастырылған «Бағыс» митингісіне қатысушы. «Шаңыракка тірек» қоғамдык комитетінің төрағасы. Демократиялық, ұлттык бағытта АҚШ, Германия, Түркия. Филиппин, Польша, Израиль т.б. елдердегі жиындар мен конференцияларда қазак елінің саяси-қоғамдық жағдайы туралы баяндамалар жасайды. КҮМІСБЕК Аманқұл Күмісбекұлы 1944 жылы 6 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданынын Қаратас (қазіргі Елтай) ауылында туған. Білімі жоғары, мамандығы инженер-механик. 1968 жылы Қазақ химия-технологиялық институтын бітірген. 1989-1992 жылдары «Қазақстан тәуелсіз жастар одағы» мен «Алаш» ұлт-азаттык партиясының саяси-қоғамдық, ұйымдық-құқықтық іс-әрекеттеріне қолдау көрсетеді. Сол әрекеттері үшін әрдайым ұлт мәселесін көтереді, қоғамға Конституцияны бұрмалап ұғындырады, компартиялық-кеңестік үкімет саясатын түсінбейді және оған қарсы деген «кінәлаумен» қызмет орындарында қудаланған, жұмысынан және КОКП қатарынан шығарылған. «Азамат» ұйымының мүшесі (1990 жылы), адам құқығын қорғау жөніндегі «Алматы-Хельсинки-Париж» демократиялық комитетінің жауапты хатшысы (1991-1995 жж.). Қазақстан азаматтық «Азат» қозғалысының мүшесі ретінде оның жұмыстарына белсене араласты. 2005-2008 жылдары Республикалық «Ұлт тағдыры» қозғалысының Оңтүстік Қазақстан филиалын басқарды. ҚАДЫРБАЕВА Айсұлу 1950 жылы 21 қарашада Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданының Қоскөл деген жерінде дүниеге келген. Мамандығы - филолог, 1972 жылы Абай атындағы ҚазПИ-ді бітірген. Қазақ радиосының қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш меншікті тілшісі. Орал облысында осы қызметті атқара жүріп, 1987 жылы Орал қаласының орталығында алғашқы қазақ сыныбын, 1988 жылы «Шолпан» атты қазақ балабақшасын ашуға мұрындық болды. 1990 жылы халыкаралық «Қазақ тілі» қоғамының Орал облыстық бөлімшесіне басшы болды. Айсұлу басшылық еткен бұл бөлімше ресейлік мартыновшылардың Орал казактарына Батыс аймақтан автономиялык республика құрып бермекші болған арандату әрекеттеріне қарсы 1991 жылдың қыркүйек айында «Азат» қозғалысымен бірлескен Бүкілреспуб- ликалық бейбіт наразылық акциясын басты ұйымдастырушылардьщ бірі болып, жаңаша отаршылдык жоспардын жүзеге асуына дер кезінде шешімді тойтарыс берді. Қадырбаеванын Орал оқиғасына саяси баға беруді талап етіп, он бір күн аштықта отыруы нәтижесінде президенттік арнайы комиссия құрылып, ол жемісті жұмыс істеді. Қорытындысында, «Патшалық Ресейге қызмет еткен Орал казак әскери күшінің 400 жылдығын тойлаймыз» деген топ, Орал жұртшылығының алдында өздерін айыпты сезініп, кішірейген мінез танытты. Оқиғаға бүкіл Қазақстан көлемінен қатысушы азаматтардың үстінен қозғалған қылмыстық іс те тоқтатылды. 90-жылдарда Айсұлу ханым Алматыда «Азат» қозғалысы басшыларының бірі, «Атажұрт» халық майданының жетекшісі ретінде жерді жекеменшікке беріп, сату саясатына қарсы дер кезінде көрегендікпен дабыл қағуымен көзге түсті. ҚАЛИҒОЖИН Ермек Советханұлы 1965 жылы 15 тамызда Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданында дүниеге келген. Мамандығы - дәрігер, 1990 жылы Семей медицина институтын бітірген. Шығыс Қазақстанда «Азат» қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі. 1991-1993 жылдары Өскемен қалалық «Азат» қозғалысының төрағасы болды. «Азат» қозғалысының төрт құрылтайының делагаты, 1991-1993 жылдары осы қозғалыстың Орталық Кеңесінің мүшесі. 1991-1994 жылдары Өскемен қалалық «Қазақ тілі» қоғамының белсенді мүшесі болып, қазақ жастарының арасында қазақ тілінің мәртебесін көтеруде, тарихи, көне жер атауларын қайтару, білім ордаларында ұлттық құндылықтардың студент жастарды тәрбиелеудегі ықпалын арттыру жолында елеулі жұмыстар атқарған. Өскемен қаласындағы 1991-1993 жылдардағы славян, орыс ұлтшыл ұйымдарының Желтоқсан көтерілісінің кұрбандарын сипаттаудағы теріс пийғылдарына байланысты қарсы шаралар, шеру және жиындар ұйымдастыруға қатысқан. ҚАЛИЕВ Мақсұт Мәлікұлы 1947 жылы сәуір айында Павлодар каласында туған. Мектепті 1965 жылы бітірген. Білімі жоғары, мамандығы - инженер-механик. 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі кезінде белсенділік көрсетіп, осы оқиғаға қатысқандарды қаралаған насихаттағандарға ашық қарсылық білдірді. Павлодар облыстык партия комитетінің екінші хатшысы Шәкәрімовтың орнына желтоқсан оқиғасына қатысқандарды жазалаушылардын бірі - Мешеряковты қоюға қарсылық ұйымдастырып, оның қызметтен кетуіне байланысты ашық талаптар қойған әрекеттер жасады. Осы талаптардың орындалуына қол жеткізді. 1990 жылдың ақпан айында жергілікті ұлт патриоттарымен бірігіп, Павлодар қаласында «Қазақ тілі» қоғамын құрады. 1991 жылдың наурыз айында Павлодар облыстық Азат қозғалысының бірінші құрылтайын ұйымдастыруға атсалысып, облыстық азат қозғалысының үйлестіру кеңесіне мүше болып сайланды. Ол 1991 жылғы тамыз айында болған ГКЧП арандату істеріне қарсы митинг ұйымдастырып, демократияны қорғап қалуда белсенділік білдірді. Орал қаласындағы казактардың арандату шараларын тоқтатуға арнайы барып қатысқаны үшін қамауда болған. Ермакқа қойылған ескерткішті алып тастау жұмысына белсенді қатынасты. ҚОЖА АХМЕТ Хасен Кәрімжанұлы 1949 жылы тамыз айынын 9 күні Талдықорған облысы, Матай станциясында дүниеге келген. Мамандығы - музыка теориясының мұғалімі, журналист. Алматы мемлекеттік П.Чайковский атындағы музыкалық училищені және Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ бітірген. 1986 жылы Желтоксан окиғасына белсене қатысушы және ұйымдастырушылардың бірі деген айып тағылып, төрт жылға сотталды. 1989 жылы «Желтоқсан» қоғамдық комитетін құруға белсене қатысып, 1990-1994 жылдары осы комитетті басқарды. 1994 жылы АҚШ-тың Миннесота және Вашингтон қалаларында ресми жиындарға қатынасып сөз сөйледі. 1995 жылы Брюссель қаласында өткен Қазақстандағы ұлтаралық жағдай тақырыбындағы конференнияға қатысты. 2005 жылы «Ұлт тағдыры» қозғалысын құруға атсалысып, оның бірінші құрылтайында қозғалыс төрағасының орынбасары болып сайланды. Сонымен қатар, 1993 жылдан «Азат» қозғалысының, 2007 жылдан «Жер мәселесін шешу» халыктық қозғалысының төрағасы қызметтерін атқарды. ҚОЙШЫБАЕВ Бейбіт Орынбекұлы 1945 жылы 20 карашада Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Байқадам ауылында (кәзіргі Саудакент ауылы) қызметкер отбасында дүниеге келген. 1968 жылы Қазақ ауылшаруашылық институтында инженер-механик мамандығын алған. 2002 жылы диссертация қорғаған, тарих ғылымдарының кандидаты. Бекем өмір ұстанымы нэтижесінде - 1986 жылы 25 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасы аппаратының партия жиналысында 17-18 желтоқсан оқиғаларының шын сырын ашып сөз сөйлеп, партиялық және әкімшілік тұрғыдан жазаланды. Қайта құру жылдары тарихтағы «ақтаңдақтар» жайында қалам тербеді. Жиырма шақты роман, повесть, әңгіме, публицистика жинақтарының авторы. Бүкілодақтық «Мемориал» қозғалысын қазақ топырағында өрістетуге қатысып (1988), соның негізінде | Қазақстанның ерікті «Әділет» тарихи-ағарту қоғамын (1989) ұйымдастырушылар сапында жүрді. «Азат»,| «Ұлт тағдыры» қозғалыстарын құруға катысты, ұйымға төраға орынбасары болып сайланды, басқа да үкіметтік емес ұлттық ұйымдардың «Ел қорғаны», «Аллажар - қолдау қоры», «Рух», «Таным» клубтары, «Күретамыр» іс-шараларына атсалысып келеді. ҚОНДЫКЕРОВА Светлана Қабидоллақызы 1947 жылы 29 мамырда Алтай өлкесі (Ресей), Славгород қаласында туған. 1990-1994 жылдары Павлодар облысында «Азат» қозғалысын құрып, оған жетекшілік жасады. Осы жылдары «Азат» қозғалысы тәуелсіз казақ елінде демократиялық қоғам құру жолында облыста елеулі қызмет атқарды. Осы қозғалыстың жетекшісі Светлана Қабидоллакызы Павлодар өңірінде қоғамдық пікір туғызып, Ермак қаласындағы Ермакқа қойылған ескерткішті алып, қаланың атын «Ақсу» деп ауыстыруға мұрындык болды. Осы мәселені іске асыру кезінде елді мекендер мен үй-үйді аралап, үгіт-насихат жүргізіп, баспасөз бетінде мақалалар жариялауды ұйымдастырды. Қала көшелерінің атауларын қазақшалауға, өндірістерде ісқағаздарын екі тілде жүргізуге біраз еңбек сіңірді. ҚЫРҚЫМБАЕВ Хамит Ақтөбе облысы Темір ауданында 1946 жылы 12 мамырда туған. «Алдаспан» ұйымында 1990 жылдан бастап мүше, ұйым «Азат» азаматтық қозғалысының Ақтөбе облыстық бөлімі болып қайта құрылғаннан кейін қозғалыс белсендісі ретінде қызмет етті.Қозғалыстың Темір ауданы бойынша барлық шаралары мен жұмыстарына белсене араласты. 1993 жылғы Кеңкияқ кентіндегі болған мұнайшылар ереуіліне дем беріп, оның нәтижелі болуына атсалысты. Әсіресе, облысқа «Азат» газетін таратуда мол еңбек сіңірді. МАЖЫР Заманбек Әбдірахманұлы 1941 жылы 5 ақпанда Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, Сынтас ауылында дүниеге келген. Мамандығы - математика, физика мұғалімі. Өскемен педагогикалык институтын бітірген. 1989 жылдары Таврия ауданында қазақ мектептерінің жабылуына қарсы наразылық шараларына белсене араласып, Саратов ауылшаруашылық техни- кумында қазақ тілінде оқытатын бөлімін ашу мәселесін көтерген. 1991 жылдан Өскемен калалык қазақ тілі қоғамының мүшесі, төраға орынбасары, төрағасы болып, қазақ тілінің мемлекеттік тіл деңгейіне көтерілуіне елеулі үлес қосып, қала мектептерінде қазақ тілін оқыту мәселелеріне байланысты жұмыстар атқарды. 1991 жылдан Шығыс Қазақстан облысы «Азат» қозғалысы бөлімшесінің жұмысына белсене қатынасады, басқарма мүшесі, төраға орынбасары, төраға болып сайланды. Облыстағы «Ұлт тағдыры» қозғалысының белсенді мүшесі. Ұлттық жаңғыру мәселесіне байланысты, жер-су, көше аттарын өзгертіп, тарихи әділетті орнатуға батылдықпен белсенділік көрсетіп жүр. МАДЖАНОВ Халиолла Айқожаұлы 08.05.1967 ОҚО Ордабасы ауданы Төреарық ауылында туған. Мамандығы - дінтанушы және араб тілі. 1990 жылдан бастап «Азат» қозғалысының мүшесі. Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша қозғалыстың барлық шаралары мен жұмыстарына атсалысты. МАХАН Құлмағанбет Алмағанбетұлы 1957 жылы 24 қаңтарда Қызылорда облысы, Арал ауданы Сексеуіл теміржол бекетінде дүниеге келген. Мамандығы - тепловоз машинисі, техник-технолог, менеджер-экономист. Оңтүстік Қазақстан облыстық «Бетбұрыс» қозғалысының ұйымдастырушысы болды. 1990 жылы Қазақстанда Алматыда құрылған қазақтың ұлт-азаттық «Азат» қозғалысының Шымкент қаласында құрылуына ұйымдастырушы және бастамашылардың бірі болды. Қызылорда облысы, Арал және Оңтүстік Қазақстан облысының аудандарында «Азат» қозғалысы қатарында шараларға белсене қатысты. «Азат» қозғалысының жалауын Орал оқиғасы кезінде жасап әкелді және ол қозғалыстың туына айналды. Тәуелсіздік алғаннан кейін де «Азамат», республикалық «Азат» партиясы, «Алматы-Хелсинки-Париж» адам құқығын қорғау жөніндегі демократиялық ұйымына мүше болды. 2003 жылы «Арал-Эко» қоғамдық бірлестігін құрып, Арал аймағына көшіп келген 700 отбасыға жер алып берді. МЫРЗАҒҰЛОВ Молдабек Молдағазыұлы (1952-2008) Мырзағұлов Молдабек Молдағазыұлы 1952 жылы қыркүйек айында Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Қаладағы № 16 мектепте оқып жүріп әртүрлі қоғамдық жұмыстарға араласты, спортпен айналысты, бокстан мектеп аралық, қалалық, облыстық, республикалық жарыстарға қатысып жүлделі орындарға ие болды, сонымен бірге жоғары сыныптарда комсомол бастауыш ұйымының хатшысы қызметін атқарды. Молдабек еңбекке де ерте араласты. Ол ұстаз болатын, спортшы еді. Ақтөбе байланыс техникумында дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық пәндерінен сабақ беріп, шәкірттеріне Отанын қорғау әр азаматтың міндеті екенін түсіндіріп, әскери өмірдің қыр-сырын, қару-жарақтың түрлерін, оларды пайдалана білуді үйретті. Техникумда да спорт секцияларын /бокстан, каратэден/ ұйымдастырды. 1992 жылы Облыстық Білім беру Басқармасына жұмысқа ауысты. Бұл жылдары Молдабек «Алдаспан», «Азат» жұмыстарының тіл мәселесін шешуге көп еңбек сіңірді, қазақ мектептерін, бала-бақшаларын ашу, оларды көбейту мәселелеріне белсене араласты. Әсіресе, 21-мектеп-гимназия ашыларда үй-үйді аралап, балалардың тізімін жасап, жастармен әңгіме өткізіп, үйге түн ортасында қайтатын. Сол жылдары Молдабек №23 орыс мектебінің жанынан ашылған № 38 қазақ орталау мектебіне директор болып тағайындалды. 1 қыркүйек күні мектептің ашылу рәсімі кезінде Молдабекке №23 мектептің орыстілді түлегі пышақ сұғып алып аман қалғаны бар. Молдабек «Алдаспан» ұйымының Қорғаныс "министрі" болатын, оған шаралар мен акцияларда тәртіп пен қауіпсіздік жүктелді. Өкінішке орай, өмірден ерте кетті. НҮКЕН Бейсенғазы Сәдуұлы 1959 жылы 12 қыркүйекте ІІІығыс Қазақстан облысы, Аягөз каласында дүниеге келген. Мамандығы – инженер-механик. 1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысып, жастарды алаңға шығарып, бейбіт шерулер ұйымдастырушылардың бірі. 1992 жылдары «Азат» қозғалысы ұйымдастырған шараларға белсене араласады. 2006 жылдан Республикалык «Ұлт тағдыры» қозғалысының Алматы қалалық филиалының төрағасы. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы, Шелек ауылындагы қазақ-ұйғыр қақтығысында комиссия мүшесі болды. РАҚАШҰЛЫ Мамай (1950-1995) 1950 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Карл Маркс атындағы кеншарда дүниеге келген. Мамандығы - экономист. 1990 жылы Қазалы ауданында «Азат» қозғалысының бастауыш, сосын аудандық ұйымын құрды. Өзінің ерекше ұйымдастырушылық, шешендік, іскерлік қабілеттерінің арқасында М.Рақашұлы басқарған «Азаттың» Қазалы аудандық ұйымының абыройы халық арасында ерекше болды. 1991 жылы 28 сәуірде аудан орталығында Арал теңізіпің тағдырына байланысты наразылық митинг өткізіп, оған 5 мыңдай адам қатысты. Осы жылы Қазалы ауданынан сайланған депутат Ануфриевтің орнына Сәбетқазы Ақатаевты депутаттыққа ұсыну науқанын өткізді. «Жолшы» мекемесі ең таңдаулы кәсіпорын деген атаққа ие болып, осы кәсіпорынның жанынан «Азат» қозғалысына арнап кабинет ашып, ұйымның жұмысын жандандырды. М.Рақашұлы басқарған «Азат» ұйымы халық арасында ерекше абыройлы болды. 1994 жылы өткен жергілікті мәслихат саялауында «Азаттан» 11 адам ұсынылып, олардың бәрі депутат болып сайланды. Ал М.Рақашұлының өзі осы сайлауда ауданның лидері аталған Самұрат Имандосовты айқын басымдықпен жеңіп, облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланды. «Азаттан» сайланған 5 депутат бірігіп, «Аманат» атты депутаттық топ құрып, облыс әкімінің шексіз билігіне қарсы күш бола білді. Қазалы қаласының бір көшесіне Мамай Рақашұлы аты берілген. САПАРҒАЛИ Серік Садықұлы 1952 жылы 29 сәуірде Талдықорған облысы, Андреев ауданы, Ақтоғай стансасында дүниеге келген Мамандығы - тау-кен инженері, электрик. Қазақ Политехникалық институтын бітірген. 1993-1994 жылдары Азаматтық «Азат» қозғалысының Ақтөбе облыстық бөлімшесінің төрағасы болды. Кейіннен осы қозғалыс негізінде біріккен «Азат» партиясын құруға бағытталған келіссөздер жүргізіп, партияның Ақтөбе облыстық комитетінің алқа төрағасы қызметін атқарды. Қазақ елінің Тәуелсіздігі мен ұлттық мүддені қорғауға бағытталған шаралар ұйымдастырушыларының алдыңғы қатарында болды. Тұңғыш рет Актөбе қаласында экология қорғауға арналған митингіні ұйымдастырды. Ақтөбе қалалық Кеңесінің екі тілділікті енгізу туралы шешім жобасына қарсы пикет ұйымдастырып, шешім қабылдатпады. Ресейдің Саратов, Орынбор, Астрахан қалаларынан 38 жетім қазақ баласын Ақтөбе балалар үйіне әкелуді іске асырған шараларға белсене қатысты. Осы балалар үйінің жаңа ғимаратқа көшірілуіне ықпал жасады. 1992 жылы Алматы каласында өткен Бүкілқазақстандық наразылык митингісіне қатысты. 1994 жылы Ақтөбе қалалық Мәслихаттың депутаты болып сайланып, «Адам құқы. Заңдылық. Тәртіп қорғау» миссиясының төрағасы болды. «Актюбинск» қала атауының «Ақтөбе» деп тарихи атауына ауысуына ықпал жасады. 1991-1995 жылдардағы Ақтөбе қаласында қазақ мектебінің ашылуына арналған барлық шараларға белсене араласты. 2012 жылы Жаңаөзен оқиғасына байланысты айыпталып "Алғаның" төрағасы В. Козловпен бірге қамалып кейін босатылды. СӘУЛЕБАЙ Орал Исаұлы 1948 жылы Ақтөбе облысы Темір қаласында туған. 1972 жылы Ақтөбе мединститутын бітірген. Мамандығы - дәрігер. 1979 жылы Мәскеу медицина академиясын бітіріп, Алматыға жолдамамен келген, содан бері Алматыда тұрады. «Аттанайық-Ақжайыққа», «Бағыс» штабтарының басшысы, «Алаш» партиясының тең төрағасы, Алматы коалиция кеңесінің төрағасы, «Қазақстан» баспанасыздар одағының» төрағасы, «Жерді қорғау майданының» төрағасы. 1986 жылғы желтоқсан көтерілісіне қатысқан. 1989 жылы «Невада-Семей» қозғалысының акцияларына, «Аттан-Қазақстан» акцияларына, 1991 жылы «Аттанайық Ақжайыққа» штабын құрып, Орал казактарының тойын өткізбей, оларды Ресейге қайтаруға әрекет етті. 2000-2003 жылдары «Жерді қорғау майданын» құрып, жерді жекешелендіруте қарсы көптеген шаралар ұйымдастырды. «Азат» қозғалысын, «Жер-Ана», «Желтоқсан көтерілісі» бірлестіктерін құруға атсалысты. СЕЙСЕНБАЙ Нұрлыбай Қошаманұлы 1958 жылы 1 акпанда Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Сағыз совхозында (Ноғайты ауылы) дүниеге келген. 1977 жылы Ақтөбе Мемлекеттік Медицина институтын бітірген. 1986 жылғы Алматыдағы «Желтоқсан» көтерілісінің куәгері. 1988 жылдан бастап қоғами-саяси жұмыстарға белсене араласа бастады. 1989 жылдан Орал облыстық «Қазақ тілі» қоғамының бюро мүшесі, 1990 жылдан Орал қалалық «Қазақ тілі» қоғамы төрағасының орынбасары. 1991 жылы мамырда Орал қаласында құрылған «Азат» азаматтық қозғалысының алғашқы бастауыш ұйымын құрушылардың бірі. 1991 жылдан бері Орал облыстық «Азат» азаматтық қозғалысының үйлестіру кеңесінің мүшесі. 1991 жылы Қазақстанның тәуелсіздігі жолында сепаратистік пиғылдағы орыс-казактардың Орал облысынан автономия жариялау әрекеттеріне қарсы бүкілқазақстандық наразылық акциясын ұйымдастырушылардың бірі. Осы жайға байланысты шыққан «1991 - кыркүйек, Орал оқиғасы» және «Азат» азаттық жолында» атты тарихи-саяси деректі кітаптардың авторы. 1992-1994 жылдары Орал облыстық «Азат» қозғалысының тең төрағаларының бірі, 1994 жылы Қазақстанның Республикалык Партиясы, Батыс Қазақстан облыстык бөлімшесі төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. СЕЙТҚАЛИҰЛЫ Төлеубек 1942 жылы 18 сәуірде Қырғыз Республикасының астанасы Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласында дүниеге келген. 1966 жылы Қазақ политехникалық институтының сәулет факультетін үздік бітірген 1980-90 жылдары ғылыми-зерттеу институттарында, жоғары оқу орындарында жұмыс істеген кезінде қазақ халқының ежелден қалыптасқан мәдениетін, ғылымын, өнерін зерттеп насихаттап жүрді. Алматы сәулет-құрылыс институтының космополит, шовинист шаласауатты басшылары, жағымпаз ұстаздарымен күресті. 1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысқан студенттердің оқуға қайта оралуына көмектесті. Алматы қаласы бойынша «Азат» қозғалысының шараларына белсене қатысты. СЕЙТІНБЕТҰЛЫ Жарқынбек 1951 жылы 7 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы. Төреарық ауылында дүниеге келген. Мамандығы - инженер-механик. Облыста «Қазақ тілі» коғамын ұйымдастырушылардың бірі болып, 1989 жылы Шымкент қалалық «Қазақ тілі» қоғамының басқарма мүшесі, Еңбекші аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төраға орынбасары. 1990 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстың азаматтық «Азат» қозғалысы құрылғанда (1990-1992) басқарма мүшесі болып сайланды. ОҚО-дағы 1992 жылы ұйымдастырылған Республикалық партияның басқарма мүшесі (1992-1999). 1992-1994 жылдары Шымкент қаласында азаматтық «Азат» қозғалысы ұйымдастырған шараларға араласты. Өзбекстанға Бағыс, Түркістан елді мекендерін бермеу жөніндегі 2001 жылы жиынға қатысып, Азаттықтар қатарында тұтқындалып Өзбекстанға айдалып, кейін босатылған. Республикалық, жергілікті БАҚ-та азаматтык тұлғаны қалыптастыру, демократиялык бағыттағы мақалалары шығып тұрады. СЫРҒАБАЕВ Асқар Жорабайұлы 31 январь 1959 жылы 31 қаңтарда туған. Мамандығы - экономист-менеджер. Жамбыл гидромелиоратив-құрылыс институтын құрылысшы-инженер мамандығы бойынша бітірген. «Даулет» жоғарғы оқу орнын экономист-менеджер мамандығы бойынша бітірген. Ресейдің Халықтар Достығы университетінің экономикалық теория және әлемдік экономика мамандығы бойынша ғылыми ізденуші. 1992-1993 жылдары Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысы атынан ҚР ЖК депутаты болйып сайланды. «Азат» қозғалысының Жамбыл облысы бойынша 1991-1994 жылдардағы төрағасы. ТӘШКЕНБАЙ Сұлтанбек Ануарбекұлы Қызылорда облысы Сырдария ауданы (қазір Шиелі) Алаш қайраткері Мұстафа Шоқайдың да кіндік қаны тамған Әулие Тораңғыл ауылында, көп балалы қарапайым шаруа жанұясында 15 маусым 1958 жылы дүниеге келген. 1990 жылдың қаңтарынан бастап, Ақтөбе қаласында құрылған, соңынан бүкіл облыс көлеміндегі қоғамдық-саяси өмірдің ұйтқысы болған «Алдаспан» қоғамдық саяси-мәдени бірлестігінің негізін салушылардың бірі, тең төрағаларының бірі болды. «Алдаспан» ұйымы «Азат» азаматтық қозғалысына қосылған соң, қозғалыстың Ақтөбе облыстық бөлімшесінің Қоғамдық өмірдегі қаржы мәселелерін шешу мақсатында, пікірлес жігіттермен бірігіп «Бекарыс» кәсіпорнын құрған. Қозғалыстың қоғамдық-саяси-мәдени өмірінде болған талай шараларға қаржылай қолдау көрсеткен. Қозғалыстың қолдауымен құрылған «Отау» үйсіздерді қолдау коғамының мүшесі болған. Қалалық басшылықтан осы қоғамға біраз жер бөлінуіне көмектескен. Алайда, өзінің үйсіз жүргеніне қарамастан, компартияның басшылықтағыларға жеңілдік жасап, халықты наразы еткен қателіктерін қайталамау үшін, өзіне үй салуға жер алмаған (бұл – барлық Азаттықтар ұстанымы болатын). Алты алаштың ардақтысы М.Шоқай атына арналып өткізілген көптеген қоғамдық шаралардың тұрақты қолдаушысы. «Будапешт-Астана» бағытындағы салт атты үштіктің «Мажарстаннан – Қазақстанға» жүріп өткен сапарының облыс көлеміндегі тікелей қолдаушысы болды. «Қобыланды батыр кесенесі» кешенін көтеруге белсенді түрде атсалысқан іскер азамат. Өзі басқарып, кезінде іс қағаздарын тек мемлекеттік тілде жүргізуді енгізіп кеткен, 1997 жылдан «Бекарыс Фирмасы» ЖШС басқарып келеді. УАЙДИН Нұркен Бүркітбайұлы- 20. 04 күні Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы, Жаныс би ауылында туған. Журналист. Заңгер. Ақтөбе Мемлекеттік университеті филология факультеті, Қазан университеті құқықтану факультетін бітірген. 1989-1990 – «Қазақ тілі» қоғамында Ақтөбе қалалық басқарма мүшесі. 1990-1991 – «Алдаспан» ҚСМБ, үйлестіру кеңесінің мүшесі. «Алдаспан» ұйымының шараларына ең жас мүше ретінде 10 –сыныптан бастап белсене қатысты.