14 баланың анасы: Әкім “жағдайың болмаса туа берме” деп ұрысты
2016 ж. 13 қыркүйек
8454
17
14-ші сәбиін жақында ғана дүниеге әкелген ақтөбелік Әлия жергілікті әкімдерден көңілінің қалғанын айтады. Себебі, әйел осы жолы босанар алдында баспана сұрап Ақтөбе қаласы әкімдігіне барған. Онда әкім қайта-қайта үй сұраған ананы ұрысып, мазақ қылғанға ұқсайды. Бұл туралы stan.kz жазды.
«Мен осы жолы әкімнің есігін «енді қайтып ашпаспын» деп жауып кеттім. Себебі, олар жұрттың алдында басқаша сөйлеп, жеке қабылдауында зекіп тастайды. Көңілімді қалдырғаны соншалық ешкімге өз мәселемді айтқым жоқ. Журналистер де мені мазаламаңыздар»,- деп үйінің есігін ашпай қойды 14 баланың анасы Әлия.
Новиковтар отбасы қазір 12 баламен осы үйді жалдап тұрып жатыр.
Дегенмен әйел қала әкімінің сөзін де жасырып қалған жоқ.
« Әкім маған « Жағдайың болмаса, басыңда үйің жоқ болса неменеге шұбыртып туабересің?» деді. Ызаланып «Енді көмек сұрап келмеймін» деп жауап бердім. Ол «Келме, келме» деп бірнеше қайталады да мысқылдап күлді»,- деп ашынады ана.
Әкімнің осы қабылдауынан шығысымен Әлия Новикованың іші ауырыпты. Басында толғақ емес деп болжаған әйел ауру сезімі асқынып бара жатқасын дәрігер шақыртқан. Содан бірден перзентханаға барып 14-ші баласын босанып алыпты.
41 жасында бала босанған келіншек жүзін көрсетпегенімен Stan.kzсайтының өңірдегі тілшісіне отбасының қазіргі жағдайын айтып берді.
Бұл отбасы соңғы 2 жылдан бері Ақтөбе маңындағы Құрашасай ауылында бір бөлмелі үйді жалдап тұрады екен. Үйдің екі үлкен қызы тұрмыста. Қалған 12 бала мен ата-анасы осы үйде бірге тұрып жатыр. Отағасы 85 000 айлықпен жұмыс істесе, әйелдің өзі айына әр балаға 2000 теңгеден көмекақы алады екен. 8 ұл мен 6 қызға өмір сыйлаған ана әже атанып та үлгеріпті.
Келіншек «осынша баланы тумас бұрын ойлану керек еді» дейтіндердің сынына да жауап берді.
«Енді ешкімнен ештеңе сұрамаймын. Жұртқа бейшара болып көрінгім келмейді. Аузы батырлар айтаберсін. Құдайдың бергені болар, балаларым аман. Мен оларды құрсақта жатқан жерінен алдырып тастауға қорықтым. Алла тағы берсе, тағы туамын»,- дейді 14 баланың анасы.
Ауыл дәрігерлерінің айтуынша Әлия Новикова бір баласына да екпе жасатпайды екен. Тіпті жұрт 14 балалы ананы сыртынан қандай да бір «ағым мүшесі» деп айыптайтын көрінеді.