"ОРЫСША ӨЗДЕРІҢ АУДАРЫП АЛЫҢДАР"- деген ЕР ҚАЗАҚ ҮКІМЕТ тізгінін алды
2016 ж. 11 қыркүйек
39048
43
Сонымен, Кәрім Мәсімов Премьер-министр бола салысымен, бір жыл өтпей-ақ, "қашан кетеді?"-деген елдің тілегі 10 жылға жуық уақыттан соң орындалды... 8 қыркүйекте Президент жарлығымен Үкімет таратылып, 9 қыркүйек күні Бақытжан Сағынтаев Үкімет тізгінін қолға алды.
Дамыған елдің бәрі басқа-басқа, үкімет басқаратын тұлғаның қандай қасиеттеріне баса мән беретінін бағамдап көрсек, ол қанша жерден керемет болса да, ең алдымен оның бойындағы ұлттық мүддеге адалдығын алға қоятыны анық. Осы тұрғыдан алғанда, Бақытжан Сағынтаев Иманғали Тасмағамбетовтен кейінгі ұлттық ұстанымы берік премьер бола алады деген үміттеміз.
Сөзіміз құрғақ болмауы үшін Бақытжан Сағынтаевтың Үкімет басшысының бірінші орынбасары ретінде түрлі жиындарда мемлекеттік тілге басымдық беретінін айтуға болады. Тіпті, ана бір жылы, Оңтүстік Қазақстан облысына барғанда, Мақтарал ауданында қаптаған тілшілерге сұхбат беріп тұрғанда, "Енді орысша айтып жіберіңізші"-дегенде: "Орысшаға өздерің аударып алыңдар"-деген Үкіметтегі бірінші адам десек те артық айтқандық емес. Иә, үкіметтегі. Себебі, жалпы билікті айтар болсақ, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың 2012 жылы БАҚ-қа сұхбат беріп тұрып, "орысша айтып беріңізші"-деген тілшілерге :Өзің айтып бермейсің бе орысшаңды?"-деп, қайтарып тастаған видеосы ғаламтарда жүр. Бір қызығы, Елбасы осы сұхбатында, 2012 жылы қыркүйекте Бақытжан Сағынтаевтың «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары болып сайлануына байланысты мәлімет беріп тұрған болатын... Мүмкін, Бақытжан Сағынтаевтың 2014 жылы Жетісайда жергілікті тілшілерге "Орысшаға өздерің аударып алыңдар"-деуінің негізі Елбасының сол сөзінде жатқан шығар... Дегенмен, қазақша ойланатын, мемлекеттік тіл-мемлекеттік мүддені бірінші орынға қоятын, ерік-жігері бар батыл саясаткер ғана осылай айта алады деп білеміз. Тәуелсіздікке ширек ғасыр болса да, Қазақ саясаткерлерінен Ресейдің мемлекеттік тілін сұрай беретін, "дайын асқа тік қасық" болуға үйреніп алған тілшілерге де обал жоқ... Өзбекстанда осындай оқиға болса, ондай тілшілерді ит қосып қуып, қызықтап қарап тұрар еді...
2015 жылы желтоқсанда «Атамекен» ҰКП ұйымдастырған «Ұлы дала елі» форумында «Қазақстанның үздік тауары» көрмесін аралаған ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев отандық тауарлардың алуан түрлілігіне көңіл аудара отырып: «Бүгін сәукеле, шапан немесе тағы басқа да сол сияқты ұлттық бағыттағы тауарларды көріп қана қоймай, мүлдем басқа деңгейге шыққанымызды байқап отырмыз"-деп, разылық білдіргеніне қарап, "теңіздің дәмі тамшыдан" дегендей, осы бір ауыз сөзінде де көп мән жатыр.
Сонымен қатар Бақытжан Сағынтаев осы форумда Еуразиялық экономикалық одақтағы экономикалық қатынастардағы түйткілді мәселені көтерді. "Кейбір белорустық сүт өнімін өндірушілер тауарларының дизайнын қазақстандық нақышта ресімдеп, ұсақ қаріппен «Белорусьта өндірілген» деп жазады екен. ЕЭК Кеңесінің отырыстарында осы мәселелерді көтеруге тиіспіз. Бастысы, сіздер жәрдемге келіңіздер – қай жерде заң бұзушылықтар орын алғанын айтып отырыңыздар», - дегеніне қарап, әр ел көрпені өзіне тартысы келетін талас-тартыста ұлт мүддесін қорғай алатын зеректігін байқаймыз.
Үкімет басшысының бірінші орынбасарлығына дейін экономикалық даму және сауда министрі, өңірлік даму министрі және Павлодар облысы әкімі болған, яғни, Елбасымыз айтқандай жан-жақты тәжірибесі мол, экономика ғылымының кадидаты Бақытжан Әбдірұлының алғашқы қызметтері - жоғары оқу орындарындағы саяси экономия мен әлеуметтану кафедралары оқытушысы, доцент болғанын ескерсек, жалпы қоғамдық-әлеуметтік саланы да жетік біледі деген сенімдеміз.
Кеше Елбасы Парламент мүшелерінің келісімін алып, жаңа премьердітаныстырып, үлкен үміт артқан кезде де ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев тек қазақ тілінде ғана сөйледі. Сөзі мықты, көзі отты, өзі жігерлі.
Ендеше, баспасөзде баса мән беріліп айтылып жатқандай, қазақтың қасиетті саны тоғызыншы айдың тоғызыншы күні Үкіметті алған тоғызыншы премьерге Ақ жол тілейміз.
"Тоғызыншы ұлдан сақтан"-деген белгілі фильмнің атын өзгертіп пайдалансақ, тоғызыншы премьерден үміт күтеміз.
Қазыбек ИСА
qazaquni.kz