Танымал модель: Қазіргі қыздар тамақты қалай істеу керектігін Гуглдан іздейді
2016 ж. 10 қыркүйек
3260
0
Танымал модель Диана Ыдырыс қазақ келіндері бағаланбай жүргенін айтып дабыл қақты. Бұл туралы NUR.KZ порталы comode.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Модельдің пікірінше, құдаларға «киіт беру» - ескірген көне дәстүр. Ол «киітке» кеткен ақшаға шетелге барып демалып қайтқан дұрысырақ деп ойлайды.
"Тойдан кейін мен супер келін атануға барынша тырыстым. Түскі асқа манты керек пе? Тез-ақ әзірлеймін. Ал шынын айтқанда, бәрін "гуглдан" сұрайтынымыз өтірік емес. Жігіттің жүрегін тағаммен жаулайсың деген шын да шығар, бірақ ақылдың да ойнайтын рөлі бар", - дейді Диана.
Ол қазақ келіндерінің қатыгез күйеуінен неліктен кете алмайтынын түсіндіріп берді.
"Бала-шағамды және өзімді асырай алмаймын деген қорқыныш - әйелдердің тиран күйеуінен кете алмауына бірден бір себепкер. Жұмыс істейтін әйелге бұл жайт қорқыныш тудырмайды", - деп ағынан жарылды модель.
Диана осы тұрғыда келін ретінде көп қиыншылық көрген әжесін есіне алды.
"Менің әжем болатын. Ол кезекті баласын үйінде босанғанында, бөлмеге енесі кіріп келіп "мына қатын туды, бүгін шай ішпейміз, білемін ғой" деп қатты айтқан екен. Сол кезде әжем орнынан тұрып, самаурын қайнатуға кетті. Ең сорақасы - бүгін де келіндердің жағдайы өзгере қоймағаны, тек үйде емес, перзентханада босанады демесең", - деп ренішін білдірді ол.
Модель елімізде "енелер айналымы" түсінігі тұрақталып қалғанын сөз етті.
"Қазақ әйелдері арасында "енелер айналымы" ұғымы қалыптасып қалған. Әр ене келініне өз енесі жасағандарды қайталайды", - дейді Диана.
Жасы 25-ке келгендерді кәріқыз атайтындарды да модель түсіне алмайды екен.
"Біздің қазақтар жасың 25-ке келсе кәріқыз дейді. Сол себепті, қыздар асығыс тұрмысқа шығады. Ал ажырасқан қыздарды не дейтінін тіпті айтпай-ақ қояйын. Еуропада 30 жасыңда тұрмысқа шығуың - қалыпты жағдай. Ол уақытта әйел ақыл тоқтатып, берік отбасын құруға толықтай дайын болады", - деп салыстырды ару.
Осы тұрғыда Диана қазақ қыздарына лайықты баға берілмей жүргеніне күйінді.
"Испан қыздарының атына керемет көліктерді беріп жатады. Ал қазақ қыздарына Ұлболсын, Ұлжалғас, Ұлтуар, Ұлжан деген есімдер береді. Мұндай қыздар әу бастан ата-анасының тек ұл қалағанын түсініп, соған көндігіп өсуге мәжбүр. Бізде әйелдердің рөлі еш бағаланбағаны қалай?", - деп сұрақ қойды ол.
Диана күйеуінің қол көтергеніне шыдап жүрген қазақ қыздарына "мен қаншалықты бақыттымын" деген сұрақты қоюға кеңес берді. Арудың пікірінше, ондайға шыдап жүретін әйелдерге ата-анасы тек келін мен әйел болуды үйреткен.
"Бір күні менімен бірге емханада 50 жастағы әйел жатты. Күйеуі - ішкіш, өзі жеті бала тауып алған. Емханадан шыға салысымен Астанаға барып, елден көмек сұраймын дейді. Болмаса өзімді және балаларымды өртей саламын дегенде төбе шашым тік тұрды. Күйеуі ішкіш, табысы жоқ болса, несіне сеніп жеті бала туды? "Несібе" деп қояды. Несібенің де түр-түрі болады екен", - деп таңырқады Диана.
Модель сауаты төмен келіндердің, тіпті емханада денсаулығы қаншалықты ауыр екенін ұқпайтынын да жасырмады. Өзін қойып, баласын да қауіпке төндіретіндерді әйел мүлдем жақтамайтынын ашық айтты.
"Менің бір танысым баласының арқасына шыққан ісікті қойдың майымен емдемек болды. Бұл қатерлі ісік болса ше? Мұндай сауатсыздық - заманауи қазақтардың асқынып тұрған мәселесі", - деп күйінді Диана.