МҰХТАР ҚҰЛ-МҰХАММЕД БАС ПАРТИЯНЫ САЛАФИТТЕРДЕН ТАЗАРТА АЛА МА?
2016 ж. 08 қыркүйек
2731
4
Бүгінгінің бас тақырыбы діни радикализм, уаххабизм-салафизммен күрес болып отыр. Жер-жерлерде радикалды ағымдарға тыйым салу, олармен күресті күшейту туралы көп айтылуда. Бұл туралы qamshy.kz жазады.
Діни ағымдар, түрлі радикалдық ұйымдарға біріншіден белгілі бір идея өзек болса, екіншіден ондай ағымдардың қызметі қыруар қаржыға негізделеді. Мемлекет қолда бар мүмкіндіктері, заң арқылы ондай теріс ағымдардың тек қаржы көздерін жауып, түрлі кітаптарын тәркілеуі мүмкін. Яғни, материалдық құндылықтарына ғана шектеу қоя алады. Ал, идеогологиясымен қалай күреседі? Адамдардың сөйлеуіне тыйым салғанмен, ойлауына тосқауыл қоя алмаймыз ғой. Сондықтан, бұл бағытта басқаша жұмыс, басқаша әрекет керек. 90-жылдары рэкит, бандит болып күнелткен небір қарақшылар заман түзелгенде билікті, әкім-қараларды жағалап, өздерін қуғын-сүргіннен аман сақтап қалғанын білеміз. Тек аман қалып қоймай, кешегі қылмыс әлемінің серкелерінің біразы бүгінде саясатта да серке болып жүргені ешкімге жасырын емес. Кісі өлтіріп, жалған құжат жасаған, атын өзгертіп, қылмысын жасырған қандықолдың «Нұр Отан» партиясына өтіп, депутат болғанын да көз көрді.
Сол сияқты рухани саладағы бос кеңістікті «толтыруға» келген теріс ағым жетекшілері мен ұстанушылары да заң күшіне міне бастағанда билікті жағалап, бір-бір шенеунікті төңіректеп, өздерінің «легитимділігін» күшейтуге тырысты. Ол ойлары жүзеге асты да. Бүгінде бар қазақты алаңдатып отырған, бейбіт күнде оқ атып, елдің ішін ала тайдай бүлдірген уаххабизм-салафизмді ашық қолдайтын, барлық діни таным-түсінігі сол идеологияға негізделген азаматтар сондай оймен облыс, республика көлеміндегі белді-белді ұйым, мекемелерді төңіректеп жүр. Ондайлар билік партиясы, бас партия саналатын «Нұр Отанда» кездеспейді деп сенімді түрде айта алмаймыз.
Партия жетекшілігіне келген Мұхтар Абрарұлы көп жерде сандық көрсеткіштерге ғана мән берілген кейбір кемшіліктерді түзеуге шамасы жететін тұлға. Тіпті, партия жетекшілігіне осы уақытқа дейін сайланған саясаткерлердің ішінде шоқтығы биік азамат десек те артық болмайды. Партиялық жұмыстан бөлек, мемлекеттік хатшы, министр, президент кеңесшісі болған тәжірибелі шенеунік қана емес, қазақтың жанын түсінетін, арғы-бергі тарихынан хабардар тұлға. Биыл маусым айында батыс өңірлерді аралаған Мұхтар Құл-Мұхаммед өзінің діннен де, араб ғылым-білімінен де хабардар жан екенін аңғартып, жарты әлемге қауіп төндіріп отырған уаххабизм-салафизм идеологиясын сынға алған болатын. «Партия жетекшілері тек сайлау мен арзан абыройды ойлайды» деп келген басымыз Мұхаңның мұндай батыл мәлімдемелеріне ішіміз жылып сала берді. Мұхаңның сол қасиеттері елдегі негізгі саяси күштің жұмысын жандандыруға, партия белсенділерімен тәрбие жұмысын жүргізуге, сол арқылы санға емес, сапаға мән беріп, ұйым қызметкерлерінің идеоогиялық ұстанымдарының дұрыс қалыптасуына ықпал етеді деген сенімдеміз.
Елбасының тапсырмасымен лаңкестікке, радикалдық ұйымдар қызметіне қарсы қам-қарекетті белгілейтін жеті заң жобасының әзірленгенін, жақын күндері парламентке жолданатынын естідік. Қауіпті идеялармен күрес онымен тыйылмауы тиіс. Тұрақтылықты бұзуға ниетті арамзалар бейбіт өмір кешіп жатқан ел ішінде де, мың құбылған саясат сахнасында да жоқ емес. Сондықтан, «Нұр Отан» да бұл іске білек сыбана кірісіп, жер-жерлерде теріс ағымдарға бүйрегі бұратын, реті келсе солардың сөзін сөйлеуге дайын тұратын «белсенділердің» өз қатарына еніп кетпеуін қарастыруы, сенім сергелдеңіне түскен мүшелер болса, партияның құрылымдық мүмкіндігін пайдаланып оларды аластаудың амалын жасауы қажет. Өйткені, түрлі саяси интригалар мен астыртын ойындардан биік тұратын Елбасы партиясы елді алдаған дүмшелер мен алаяқтардан ада болуы тиіс.