Оралмандарды "қашқындар", "сатқындар" дейтіндер алдымен тарихты оқысын
2016 ж. 08 қыркүйек
6963
14
"Оралмандар"деген əңгіме айтылса "қашқындар", "сатқындар" деп шығатын кейбір бауырларымызға айтар едім. Алдымен тарихты оқы. Қандай жағдайда, қандастардың шет елде жүргенін біліп ал, сосын оттайсың, аузыңа келгенді құсып.
Кеңестік заманның сұрқия саясатының арқасында Ресейге, Қытайға, Өзбекстанға, Қырғызға Қазақстан жерінің өте көп аумақтарын бөліп беріп жіберді. Ол жерлерде тұрып жатқан Қазақтар өз ата- баба қонысында отыр. Өзінің туған жерінде отыр. Ата- бабасының сүйегі көмілген жерде отыр. Сондықтан оларды "қашқын","сатқын" деуге қақың жоқ. Қазақтың үш биінің тек қана Қазыбек би ғана Қазақстанда, Төле би - Ташкентте, Əйтеке би— Ресейде жерленген. Сонда сол екі би қашып жүріп, сатқын болып өлді ма...?!
Репрессия мен аштықтың кезінде көп қазақтың жер ауып көшкені бұл амалсыздықтан. Ана баласының етін жеген, бауыр- бауырды өлтіріп, əкеге- бала қарай алмаған заманда ұрпағын аман сақтау үшін ауа көшуге тура келген. Шекара бойында совет өкіметі қаншамасын жосадай қырып жібергенін білмесең, ізден оқы. Ешкім туған жерін өз еркімен тастап кетпейді. Жол бойынша қаншама басқыншылыққа тап болып, Ауғанстан, Иран, Индияға т.б елдерге шейін босып кеткен. Елде қалған қазақтар мықты, олар сатқын демес бұрын ойланғаның жөн. Репрессия кезінде қазақ қазақты сатқан. Ашаршылық кезінде қазақ өз баласын, өз бауырын жеген. Біз сол қазақтардың ұрпағымыз. 1962 жылға дейін Қазақстанда қазақтардың үлесі өте аз болған. Кеңес үкіметіне жұмысшы қолы керек болып шекарасын уақытша ашып, Қытайдан неше мыңдаған қазақтар елге қайтып өткен. Шекараны дереу жауып тастаған. Сонда арғы жақта өте алмаған қазақтарды қытайлар əскермен қайтарған. Қазақстанда қанша келімсектер жүр. Жеріңді солардан қызғанбай өз қандасыңнан қызғану сорлылық, бишаралық. Қытай мен орыстан қызғанбай Қазақтан Қазақтың жерін қызғануың ақымақтық.
Кім көрінген сыйған жерге, кім көрінген қарындасыңды жар етіп алып жатқанда, үн шығаруға жарамай, ақылыңның жеткен жері қандастарымызды кемсіту болса, құлдық санадан ажырамағаныңның белгісі. Сол қазақтардың да ата- бабасы осы жер үшін ғасырлар бойы ат үстінде соғысты. Сондықтан қандастарымыздың біз сияқты Қазақстанды өз Отаным, Атамекенім деуге толық қақысы бар. Олардың ата- бабасының аққан қаны мен тамған тері үшін. Мұстафа Өзтүрік, Қанат Ислам, Майра Мұхамедқызы, Серік Сапиев, т.б шеттен келген қандастарымыз жасағанды өзің елің үшін жасап жатырсың ба ?!
Қолыңнан келмей ме, аузыңа келгенді көки берме. Шеттегі қазақтардың өмірі жайлы білгің келсе Қажығұмар Шабданұлының "Қаһарын" оқы. Жүрегің жылайды. Осы кітабын 25 Қытай түрмесінде қамауда отырып жазған.
Қазақ осы əлемдік жаһандану заманында "ұлт" болып қалу үшін күресуде. Ұлт болып қалу үшін тіліміз бен салт- дəстүріміз, ата- бабадан келе жатқан дəстүрлі ислам дініміздің қайтадан күшейуі маңызды. Сондықтан өзіміздің қандастарымызды өзекке теппейік. Қайта бауырымызға тартып, елге келуге шақырайық. Қытай қаптаған заманда, сол миллиардтар ортасында отырып өз болмыстарын сақтап отырған қандастарға мен ризамын. Сол жақтағы қандастардың арасында қайта діни алауыздық жоқ. Қазақылық бойларында сақталған, кеңестік құлдық санада болмаған, дəстүріміз бен тіліміз сақталған қандастарымыздың елге келуі біз үшін үлкен көмек. Қазір олардан мүмкін айырмашылық білінер, ішінде кейбір сізге ұнамайтындары болар, бірақ, ұрпақ ауысқасын олардың ұрпақтары осы өздерінің туған жеріне қызмет ететін болады. Қазақстандағы өз тілін білмейтін, салт- дəстүрін менсінбейтін, түрлі діни ағымдарға кірген бауырларымызға қарағанда, бойында имандары бар, дəстүрлі дініміздегі қандастарымыздың елімізге тигізер пайдасы мол.
ҚАЗАҚ ҚАЙДА БОЛСА ДА ҚАЗАҚ. СЕН АНА РУДАНСЫҢ, АНА ЖҮЗДЕНСЕНСІҢ, АНА АЙМАҚТАНСЫҢ, КЕЛГЕН ҚАЗАҚСЫҢ, КЕТКЕН ҚАЗАҚСЫҢ ДЕП АЗ ҚАЗАҚТЫ БӨЛІП- ЖАРМАЙЫҚ. АБАЙ АТАМЫЗДЫҢ: "БІРІҢДІ ҚАЗАҚ БІРІҢ ДОС, КӨРМЕСЕҢ ІСТІҢ БƏРІ БОС", - деген сөзімен аяқтайын. Бауырлар, қандастар бөлінбейік. Бөлінгенді бөрі жейді. Кешегі жер дауында қазақтың жері де, тілі де қазақтан басқаға керек емес екенініне көзіміз жеткен жоқ па? Ендеше ортаңа қазақты бөліп- бөліп, бір- біріне айдап салып отырғандардың тілегін бермейік. Қазақ біріксе алынбайтын қамал екенін бəрі де біледі. Біздің күшіміз бірлікте.
Автор шет елден көшіп келген жоқ. Бірақ мен үшін "ƏР ҚАЗАҚ- МЕНІҢ ЖАЛҒЫЗЫМ".
Бөрілі Байрақ атты Фейсбук қолданушысының парақшасынан алынды