Жеті әкім қамауға алынды
2016 ж. 06 қыркүйек
2963
2
Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданының жеті ауылдық округінің әкімдері қылмыстық әрекеттері үшін қамауға алынды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің баспасөз орталығы таратқан мәліметке сәйкес, күдіктілер «Балапан» және «2011-2020 жылдарға арналған білімді дамыту» мемлекеттік бағдарламалары бойынша жасалып жатқан жұмыстардан 100 млн теңгеден астам қаржы қымқырған деп айыпталуда.
Жеті ауылдық округтің әкімдері балабақша меңгерушілерімен келісе отырып, бір баланы бірнеше бақшаға жазып, ортадағы айырма ақшаны бөліскен.
Кейін қылмыстары белгілі болып қалғанда жауапкершіліктен құтылу үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департамент мамандарына 3,5 млн теңге ұсынған.
Бүгінде олар Мақтаарал аудандық ішкі істер бөлімінің уақытша қамау абақтысында отыр.