Директорымен соттасқан мұғалім жеңіске жетті
2016 ж. 05 қыркүйек
2818
3
Алматы облысының Қарасай аудандық сотында бүгін Жаңатұрмыс ауылдық мектебінің мұғалімі Айман Сағидуллаеваның «өз тәртібін заңсыз талқыға салды» деп мектеп директоры Бекжан Нүсіпбекованың үстінен берген шағымы бойынша өтіп жатқан сотта шешім шықты, - деп хабарлайды Азаттық.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, судья Айгүл Жаңбырбаева Сағидуллаеваның шағымын қанағаттандырып, мектеп директорының мұғалімге "педагогикалық әдеп сақтамады" деп берген ескертуінің күші жойылсын деген шешім шығарды. Судья шешімді қысқаша ғана оқыды. Сот шешімі шыққан соң Азаттық тілшісі директор Нүсіпбекованың шешімге қатысты пікірін білмек болған. Бірақ Нүсіпбекова шешімді "Талқылауға жатпайды" деп қысқа қайырды.
Айман Сағидуллаева сот шешіміне риза екенін білдірді. Алматы облысы Қарасай ауданы Жаңатұрмыс ауылы мектебінде қазақ тілі пәнінен сабақ беретін мұғалім Айман Сағидуллаева 2015 жылы мектеп ұстаздарына тікелей міндеттерінен басқа да артық жұмыстар жүктелетіні жөнінде мәселе көтеріп танылған еді. Оның әлеуметтік желідегі жазбалары мен БАҚ-тағы мақалаларынан кейін әлеуметтік желі қолданушылары сол тұстағы білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповті мұғалиманы қудалауды тоқтатуға ықпал етуге шақырып, ашық хат жазып, қол жинаған.
Айман Сағидуллаева биыл мамырдың 19-ында мектеп директоры Бекжан Нүсіпбекованың өзіне «әдеп сақтамағаны үшін» берген ескертуімен келіспей, сотқа шағымданған. Ескерту «2016 жылы мамырдың 19-ы күні мектеп аясында Райымбек округінің ақсақалдар кеңесі мүшелерінің кезектен тыс кездесуі барысында педагогикалық әдеп қағидаларын сақтамағаны үшін» берілген. Сағидуллаева соттан ол ескертуді заңсыз деп тануды сұраған.