Терроризм тамырынан шабылғанда ғана жойылады
2016 ж. 05 қыркүйек
3529
16
Дүние дүбірге толы. Жер-Ананың жыларман күйге енгенін көзіміз көріп отыр. Жұмыр жердің әр тұсында топан су тасқыны мен зілзала зәрені алып, табиғи апаттар жиі орын алып жатыр. Табиғатты тоздырып, титығына тиіп біткені аздай адамдар енді өз-өзіне өлім шашып, әлемдегі саяси-әлеуметтік жағдайды да ушықтыра түсті... Күн өткен сайын адамдардың хайуаннан асқан қатыгездігі мен жабайылығына, пасықтығы мен тойымсыздығына көз жеткізіп, оны бұғаулаудың бүгін нақты жолын таба алмай аласұрудамыз. Джунглидегі жабайы аңның өзі бұндай қатыгездік пен қаныпезерлікке бармайды. Өз шекарасынан аттап баспай, тіршілігіне қажет қана қорегін теріп жейді. Адамдарға қарағанда хайуандарда қанағаттылық бар. Құдайдың жаратқан жұмақ-жерінде бейбіт қатар, тыныштықта өмір сүрудің өзі мүмкін болмай қалды. Қауіп-қатердің, жан алатын жарылыстың қай жерде бұрқ ете қаларын да білмейміз.
Бұрындар ұлттар мен мемлекеттер өзара жер үшін, байлық үшін ашықтан-ашық соғысса, енді жабық жағдайда, арамы пиғылын жасырып, сұм саясат арқылы әккілікпен әрекет етуге көшті. Бұл екі соғысқа да жетелейтін ортақ бір-ақ нәрсе бар, ол – адам баласының тойымсыздығы. Қазақша айтқанда қанағатсыздық, ықпалды топтардың ашқарақтығы адамзаттың қайғы-қасіретіне айналды. Оны дәлелдеудің де керегі жоқ. Ол үшін ағылшынша сайрап, академик болу да қажет емес. Бәрі де сол мол байлыққа жеке-дара ие болып, әлемге әмірімді жүргізсем деген пасық пиғыл ғана екені бүгінгі бес жасар балаға да белгілі. Бірақ, оны ауыздықтау мүмкін болмай қалды.
Қазір жер бетінде лаңкестік орын алмаған аймақты іздеп табудың өзі қиын. Таяу Шығыстың шырқы бұзылғалы қашан. Ливия елінде халқына 21 жақсылық жасап коммунизм орнатқан Муаммар Каддафиді өзгелердің айтақтауына ерген өз ұлтының өкілдері өз қолымен өлтіріп, енді оның отырып кеткен орнын сипап қалды. Жаратқан иесінен жалынып, Каддафидай көсемді енді қайтара алмасына көздері жетіп қарапайым тұрғындары қан қақсады. Көршілес Сирия сияқты араб елдеріндегі жағдай да жетісіп тұрған жоқ. Сырттан сыналап енгізген саясат бұл елдердің де ойранын шығарып, халқы тоз-тоз болып кетті. Босқындары Батысқа ағылып, жолай теңізде тұншықты. О бастан капитал мен қаруды қатар ұстаған НАТО атты әскери ұйымның ұясынан жылы орын тапқан Түркияның өзі терактіден көз аша алмай қалды. Әкесіндей санайтын алыстағы Американың да әмірі жүрмей қалған сыңайлы. Оның да «әкелік қамқорлығы» көзбояушылықтан әрі аспайды. Өздерін өзгелерден артық санап, бірнеше саты жоғары қоятын Франция бастаған ескі құрлық Еуропаның өзі есеңгіреп, есінен ауысудың аз-ақ алдында тұр. Әлемді өз тілінде сайратқан ағылшындар мен тәртібімен, нақты ісімен ерекшеленетін немістер де лаңкестіктің лаңын басынан кешіруде. Мұхиттың ар жағындағы Бүкіләлемдік сауда үйін талқандады деп, «лаңкестер» деген жау тауып берген америкалықтардың ғана ұпайы түгел сияқты. Сауда үйі – сыныққа айтар сылтау ғана болғаны, оны соңғы кезде мұнай арқылы қатты байып кеткен Таяу Шығысты тұқырту үшін қасақана өздері ұйымдастырды деген пікірлер де жиі айтылып келеді. Әлемнің әміршісіне айналған америкалықтар өз ақшасын дүниежүзі бойынша айналымға салып есепсіз тегін пайда тауып жатыр. Сол ақшалармен қаскөйлерді қаржыландырып жатыр деген деректер де жоқ емес. Ол да мүмкін. «Молданың айтқанын істе, істегенін істеме» демекші, аузында құраны болмаса да даңғаза «демократиясы» дайын тұрады. Демократияң жоқ деп кез келген өзіне ұнамаған елде ұрыс-керіс, дау-дамай шығара салу оларға түк те емес. Әлемді жаулаған ақшасынан айырып, айылын жиғызып, оларға қарсы тұрар күш те қалмаған секілді. Қасиетті Ислам дінін дауға да жауға да айналдырғандар сұм саясатын қалай да іске асырып, күн өткен сайын үдетіп келеді. Соған қарағанда баяғыдағы социализм мен капитализм арасындағы «қырғи қабақ» соғыс әлі де тоқтамаған. Социализмнің сүйегі әлдеқашан қурап қалғанмен, капиталистік құлқын жұтынуын бұрынғыдан да жиілете түскені байқалады. Үстемдік ету пиғылы шексіз жалғасады деген күдік бар. Ол негізсіз емес, өйткені адам психологиясы солай жаралған. Оған мына капиталистік қоғамның да ықпалы зор.
Мұхиттың ар жағынан басталған дауыл дүниежүзін дүрліктірді. Лаңкестіктің лаңы біздің елге де жетті. Ақтөбе мен Алматы қаласындағы қанды қырғынды өздеріңіз де жақсы білесіздер. Қолда бар атом қаруынан ерікті түрде бас тартып, бейбіт саясат ұстанған ұлтымыз өзгелерге үлгі болғанмен терроризм бізді айналып өтпеді. Өкінішке орай, оның қауіп-қатері әлі де сақталып отыр.
Тәуелсіздік алған жылдары дінге үкімет араласпайды деп еркіндік бергеніміз де бар. Бірақ ол ұстанымның ұтымсыз екенін өмірдің өзі дәлелдеп берді. Белгілі бір діни сенімдегі адамдар да біздің ортақ қоғамның мүшесі болғандықтан оларды қауымнан бөлек қарауға болмайды. Әлемнің өзге де елдері осы дін еркіндігі туралы қағиданы ауызбен айтып жар салғанмен ал, іс жүзінде керісінше көріністер пайда болды. Яғни, алдында айтқанымыздай адамзат ғасырлар бойы сенім артқан дінді де саясатқа айналдырып жіберді. Шынын айтсақ, Батыста дінді қашан да саясатпен сапырылыстырып, билік жүргізу мақсатында пайдаланып келгені жасырын емес. Оған өткен ғасырлардағы инквизиция заманын мысалға алсақ та жеткілікті. Ол кезде дін өкілдері адамдарды өлтіруге үкім шығарып, қатыгездікпен іске асырғаны тарихтан белгілі. Олай болса біз де дінге қатысты өз ұстанымымызды өзгертіп, жаңа жағдайға қарай бейімделуіміз қажет. Содан да болар, жақында зиялы қауым өкілдері Елбасының атына уахабизм-салафизм ағымының барлық тармақтарын эксремистік деп тану керектігін айтып, «Салафилікке тыйым салу – ұлттық қауіпсіздікті сақтайтын сарабдал саясат» деген тақырыппен ашық хат жолдады. («Қазақ үні» газеті №33). Өте дұрыс, қоғам үшін, ұлт үшін алдымен зиялы қауым алаңдаушылық білдіргені жөн.
Осы тұста «Салафизм немесе басқа да қосалқы ағымдарды заңсыз деп тану арқылы терроризмнің тамырына түбегейлі балта шабуға бола ма?» деген сұрақ туындайды. Әрине, жоқ. Салафизм кеткенмен ертең «жалафизм», «шалафизм» деген сияқты өзге түрлері пайда болуы бек мүмкін. Ислам дінін бұрмалаған қазіргі кезде оның тоқсанға тарта түрлері бар көрінеді. Оның бәрін заңсыз деп жариялаумен іс бітпейді, мәселе түпкілікті шешілмейді. Жалғыз Ислам діні емес өзге де діндердің секталарының түрлері жетерлік. Олардың бәрімен жеке-жеке айқасуға ешқандай мықты деген мемлекеттің өзінің күші жетпейді. Ол айдай анық нәрсе. Дін бір жағынан алғанда – идеология екенін ескеруіміз қажет. Соның бір дәлелі – өзгелердің дінді саяси қаруға айналдырып отырғаны емес пе? Сондықтан біз бұл жерде өз бағытымызды, өз ұстанымымызды алға тарқанымыз дұрыс. Неге ата-бабаларымыз ұстанған Ислам діні бұрындар бұрмаланбай, осындай күйге түспей, таза қалпында сақталып келді? Міне іс-шараларды біз осы сұрақтан бастауға міндеттіміз. Жауапты осы сұрақ төңірегінен іздеуіміз қажет. Бұл туралы біз кезінде «Қазақ үні» газетінде көтерген болатынбыз. («Қазақ үні». «Дінімізге бірегей бағыт қажет». 27 тамыз, 2014 жыл). Өкінішке орай, ол мақалада айтылған ойларға не Білім және ғылым министрлігі, не Қазақстан мұсылмандар діни басқармасындағылар назар аудармады. Рас, осыдан екі жыл бұрын терроризм бізге дәп бүгінгідей қауіп төндірмеген болатын. Содан да болар дін мәселесі ол кезде қазіргідей күн тәртібіне қауырт шыға қоймаған-ды. Енді оған баса назар аудармасқа болмайды.
Алдымен бұл бағытта біз өз идеологиямызды анықтап алғанымыз ләзім. Жаратқан иеміздің жерге түсірген Құраны біреу-ақ. Соған сүйене отырып, діни бірегей бағытымызды белгілеген жөн. Бір дінді жүз жаққа бұру жақсылыққа апармайды. Бұл жерде арабтарды әсірелеп, түріктерді төбемізге көтерудің түк те қажеті жоқ. Олардың өз салт-дәстүрі, өз әдеп-ғұрпы бар. Бізге өзіміздің ата-бабаларымыз ұстанып келген бағытта қалуымыз керек. Яғни, өзіміздің ғасырлар бойы қалыптасқан, қатаң сақталған ұлттық құндылықтарымызды басты назарда ұстасақ ұтылмаймыз. Сөйтіп бірегей бағытымызды анықтап, соны оқытып, уағыздасақ қана нақты нәтиже береді. Қазіргі діни ағымдар жастар түгілі алпыстағы ақсақалыңды адастырып жібереді. Сондықтан дін сабағын мектеп бағдарламасына енгізу қажет. Жоқ, біз балаларымыздың бәрі намаз оқып, ораза ұстасын деп міндеттеп отырған жоқпыз. Олар діни жағынан сауатты болсын деген ұсынысымызды айтып отырмыз. Сонда жастарымыз ненің қате, ненің дұрыс екенін ажырата алатын болады. Сол кезде адасып, жат ағымдарға ілесіп кетпейтін болады. Осындай ұсыныстарымызды айтқан кезде кейбір жауапты адамдар бірде мамандар жетіспейді бірде қаражат жетіспейді деп сылтау айтқанын да естігенбіз. Оның бәрі сылтау ғана. Әйтпесе ағылшын тілін балабақшадан бастап оқытуға миллиардтаған ақша табылғанда өзіміздің туған дінімізге, жастар тәрбиесіне келгенде неге ағынды су тоқтап қалады? Өйткені билік басындағылардың көбінде осыған деген ниет жоқ. Олар аталмыш мәселе әбден ушыққанда, оны түзетуге бұдан мың есе қаражат кететінін түсінбейді. Қайдан түсінсін, қасиетті Ислам діні түгіл өзінің қазақ тілін меңгере аламай масқара болып жатса.
Бұл мәселенің бір жағы ғана. Екіншіден, алдында айтқан жалпы идеологиямызды жөндеп, оған қоса адамдардың әлеуметтік жағдайына жіті назар аударғанымыз жөн. Өйткені жат пиғылдылар жастарды ақшамен арбап, қайдағы бір қиялмен қызықтырып өз қатарына тартып жатқанын жақсы білеміз. Жастардың оқуына, жұмыс істеуіне толық мүмкіндік жасау қажет. Әрі-беріден соң бұл біздің Ата заңымызда да жазылған. Үшіншіден, бұқараны патриотизм рухында тәрбиелеу бізде мүлдем кемшін қалған. Отанын сүйген адам өз халқына ешқашан қастандық жасамайды. Қазір ұлт мүддесі емес, қара басы мен қалтаның қамы негізгі мақсатқа айналған. Оның ашық үлгісін біздің құлқыны кең байларымыз ашықтан-ашық көрсетіп отыр. Халықтан ұрланған қаражат халықтың өзіне қайтарылса бұл мәселе де біртіндеп шешімін табады.
Біз бұл жерде жаңадан Америка құрлығын ашып отырған жоқпыз. Осыған ұқсас ой-пікірлер бұқара тарапынан талай айтылып та келеді. Бірақ, естір құлақ пен оған деген құлық жоқ. Бізде бір жаман әдет бар, бәрі қирап, құлап біткенде ғана жауға аттандап шабамыз. «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген ауыр қарғысқа қалғандаймыз. Әлде Жер реформасына байланысты құрылған комиссияға ұқсас тағы бір құрылым құруымыз керек пе?...
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz