Қазақстанда өзімді өгей елде жүргендей сезінемін
2016 ж. 02 қыркүйек
3801
3
2016 жылы жұмыссыздардың саны екі есеге артқан, қаңтар айындағы статистика мәліметінше ағымдағы жыл жұмыссыздардың саны 457,6 мың– 5,1% құрайды. Жұмыспен қамту органдарында жұмыссыздар ретінде тіркелгендер саны 2015 жылғы қазанның соңына 62,2 мың адамды құраған, экономикалық белсенді халық санына шаққанда 0,7%. 2016 жылы республикалық бюджеттен жаңа жұмыс орындарын ашу үшін 225 млрд. теңге сомасында арнайы резерв қарастырылған. Бірақ, жұмыссыздар саны қазір күн санап өсіп жатыр.
Биыл ғана магистратураны тәмамдаған Құралай қос қызыл дипломы бар бола тұрып, жұмыс таба алмай жүргеніне жарты жылдан асқанын айтады.
– «Қайда барсаң Қорқыттың көрі» – деген, жұмыс іздеп жүрген алты ай ішінде моральды тұрғыдан шаршап кеттім. Қай есікті қақсам да орыс және ағылшын тілдерін сұрайды. Ол аздай қалалық пропискаң керек дейді. Шынын айтсам, мектеп пен Университетті қазақ тілінде оқығаным үшін қатты өкіндім. Барған жерде негізгі жұмыс тілі – орыс тілі, ағылшын тілі қай деңгейде деген сұрақты естіген сайын, өзімді өзге бір мемлекетте жүргендей сезіндім. Түсінемісіз, қазақ тілін сауатты білгенің ешкімге де керек емес. Қазақ тілі қосымша тіл дейді. Мен Шымкент жақтың тумасымын. Мен сияқты орыс тілін таза білмейтін қаншама қазақ бар?! Дипломды қолға енді алған менен жұмыс тәжірбиең керек, болмаса алмаймыз дейді. Менің жас маман екеніме ешкім қарап жатқан жоқ. Не жоғары жақта аға-көкелерім жоқ. Қазір пәтер мен жол-пұлды шығару үшін мейрамханада даяшы болып жұмыс істеп жүрмін. Рас айтамын, қазақ болып туғаныма өкіндім!» – дейді жұмыс таба алмай әбден әуре сарсаңға түскен Құралай.
Екінші жарты жылдық та жұмыссыздық деңгейі елімізде күрт өсіп кетті. Доллар бағамы қымбаттап, азық-түлік бағасы шарықтаған шақ та дипломы бар жұмыссыз қазақ азаматтары Алтын Орда базары маңындағы «Қара базарды» жағалауға мәжбүр болып жүр. Отбасын бағу үшін сонау Қызылорданың Аралқұмынан 4 баласын тастап, Алматыға келген Нұрболда алыста нан табу, бала –шағаның қамы деп жүргенін айтады.
Нұрбол Төреханов:
- Елу мемлекет, елу мемлекет дейді, елу мемлекеттің бізге пайдасы жоқ. Қаншама халық жүр мына жерде қаңғырып, бала-шаға деп. Экспо деген бәлесі ол шықты. Мен ғана дейсің ба, әне анау шал Леңгірден келген. Жасы 70-ке таяп қалса да, осында стройкада істейді. Амал жоқ жүрміз бәріміз. Мына жерді «Құл базары» деп атайды. Өзі де құлдан не айырмашылығымыз қалды. Алғабас жақтан адам басына күніне 500-700 теңгеге квартира жалдап жатамыз. Баратын жерде жоқ.
Жаппай жұмыссыздық халықты әлеуметтік жағдайының төмендігімен қоса рухани да құлдырататыны сөзсіз. Дипломмен жұмыс таба алмай жүрген жастардың мәселесін қалай шешу керек, болмаса бұның соңы неге әкелуі мүмкін деген сұраққа зиялы қауымның жауабы былай болды:
Әзімбай Ғали, саясаттанушы, тарих ғылымдарының докторы:
- Бұл проблема Қырғызстандағы жағдайға алып келуі мүмкін. Басқа бір жағдайда Қазақстан реформа жасады. Қазақстанның мұнайының рентта ақшасы бар, сол ақшаны жеңіл ипотекаға беруге жұмсау керек. Сонан кейін сырттан еңбек қолын ішке кіргізбеу керек. Өйткені заң бойынша ең алдымен біз өз азаматтарымызға жұмыс тауып беруіміз керек. Бұрын тәжік жұмыс істемейтін,қазір жол салып жатыр. Керек емес! Алдымен өзімізді қамтамасыз етуіміз керек. Ертең бізге револиюция немесе басқа да бір тынышсыздық керек емес. Біздің елде «Лоббилар» көп. Біздің шенділерге де шет елдік жұмысшыларды жалдаған тиімдірек. Оларды екі жүз долларға жұмыс істетіп, көзін алартса болды артынан бірақ тебеді.
Осы орайда әлеуметтану мен саясаттану орталығының мамандары өзін-өзі жұмыспен қамтитын халықтың біразы қазынаға салық төлемейді. мемлекет бәрібір зейнетақы береді деген оймен салық төлейтін былайғы жұртты ақымақ санайтындарын айтады.
Гүлмира Ілеуова, «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеу орталығының директоры:
- Өзіндік жұмыс істейтіндер тек өздеріне ғана жұмыс жасайды. Киім-кешек пен тамаққа, басқа да тұрмыстық заттарды еркін ала алады. 01,52,49 Соңғы жиырма жылда бұл топтың өзіндік бір дәстүрі де қалыптасып қалған. Әлеуметтік мектеп , балабақша, аурухана сынды ұйымдарды салық құюшылармен бірдей-ақ пайдаланады. Байқұс қазақ, көлік тұрақшы болып жұмыс істейді деп таңқалып жатады. Ол Алматыға келді, бір жерде тұрады және белгілі бір жалақы алады. Демек, ол адамды өз жұмысы қанағаттандырады.
2016 және 2017 жылдары әлемде жұмыссыздық өсе түседі. "Нарығы енді қалыптасып келе жатқанда, шикізаттық тауарлардың, атап айтқанда энергия тасушылардың бағасының күрт төмендеп, экономикалық өсімнің анағұрлым баяулауы еңбек саласына өте күшті әсер етуде", - деп мәлімдеді Халықаралық еңбек ұйымының Бас директоры Гай Райдер (GuyRyder). Кезекті демалыстан келген билік осы мәселеге қатысты нақты бір шешім шығарар деп сенеміз. Дереккөз: qamshy.kz