Саясаттанушы: Орыс тілінің өктемділік дәуірі таусылды
2016 ж. 31 тамыз
3326
7
Ресей либералдық империя бола алады, бірақ ол либералдық империя болғысы келмейді. Ресей әскери-саяси империя болғысы бар. Осы тұста орыс халқының басым көпшілігі КСРО-ны аңсайды. Бірақ, Ресейдің орысы, шындап айтсақ, КСРО-ны емес Ресей империясын қалайды. Мәселен, Путиннің Ресей империясы қазіргі тұста либералдық жүйеге реалды альтернатива. КСРО құлағаннан кейін соңғы он бес жылда қарапайым ресей орысына жетпейтіні Ресейдің империалық айбары мен ұлы державалық сұсы. Ресей өз әскери-саяси қуатын бүгінгі күні Сирияда көрсетіп жатыр, исламистерді бомбылап.
Империалық пиғылда тәрбиеленген Ресей азаматтары, формальді түрде әскерден демалысқа шығып, Шығыс Украинада гибридтік соғысқа қатысып «өз патриоттық миссиясын» орындап жүр. Біздің де кейбір орыс текті отандастарымыз арасында орыс қосындарына кіріп Украинаның Донецк пен Луганск облыстарында ланкестікке қатысқандары бар екен. Ресейдің ресми насихатшыл теледидары күндіз-түні шаршамай егемен Украинаның ішкі және сыртқы саясатын жамандауда.
Осы тұста Қазақтсан Президентінің саясатының дұрыстығын мойындау керек. Ресейдің бірнеше ықпалды саясаткерлері (олардың атын атап жарнама жасамайық деп есімдерін келтірмедім) бірнеше рет Қазақстан территорясында сепаратистік пиғылды ұсыныстар жасаған еді, бірақ біздің Президентіміз Ресей Президенті арқылы олардың райын қайтарды. Соның нәтижесінде, міне, ел аман, жұрт тыныш, территориямыз түгел және бірегей.
Ресейдің жұлдызы сөне бастады. Путиннің келуімен Ресейде экономикалық реформалар тоқтап, керісінше милитаристік бағыт алынды. Ресей мемлекеттік бюджетінде жылма-жыл әскери салаға көп қаржы бөлінеді. Соңғы жылдары әскери бюджетке ақшаны әлеуметтік шығындарды қысқартып, халықтың аузынан жырып беріп жатыр. Ал, Ресейдің ахуалы күн өткен сайын нашарлап келеді. Ресейдің Ішкі Жиынтық Өнімі көлемі жағынан әлемдегі алтыншы орыннан он бірінші орынға дейін төмендеді.
Ресейге үлкен дағдарыс келе жатыр. Ресей бұрын-соңды көршілерінен тартып алған жерлердің біразын қайтарып беруге мәжбүр болады. Ал Қазақстанның тынысы кеңееді. Ешқандай Евразиялық одақ болмайды. Орыс тілінің өктемділік дәуірі таусылады, қазақтың өзі сол тілге жабыспаса.
Әзімбай Ғали
qazaquni.kz