Зорланған бойжеткен: Есікте қыздарды жиі зорлайды, бірақ олар мұны айтудан қорқады
2016 ж. 23 тамыз
3128
3
Алматы облысы Есік қаласының тұрғынын төрт жігіт жабылып зорлағаны халықты дүр сілкіндірген болатын. Зардап шегуші бастан кешірген жантүршігерлік жайтты айтып берді. Бұл туралы «Время» басылымына сілтеме жасап NUR.KZ порталы хабарлайды.
14 тамыз күні кешкісін Жібек отбасымен бірге кафелердің бірінде тойлатып отырған. Туыстары біртіндеп тарқасқаннан кейін Ол ағасы Рүстеммен бірге кафеде қалады.
"Оң жағымызда төрт жігіт пен екі қыз отырды. Әлгі екі қыз менің ағама тіл тигізе бастады", - деп есіне алды Жібек.
Төрт жігіттің бірі Жібекпен таныспақ болған. Алайда Жібек сөйлесуге құлқы жоқ екенін байқатады.
"Сол сәтте әлгі екі қыз тіл тигізуден шектен шыға бастады. Күзетші болса, оларға ешқандай ескерту айтпай, керісінше біздің шығып кетуімізді талап етті. Ағам екеуіміз шығып, үйге жаяу қайтуды ұйғардық. Алайда шу шығарған бойжеткендер артымыздан еріп шығып, қайта жанжал бастады. Сол сәтте қасымызға көлік келіп тоқтап, ондағы жігіттер Рүстемді сүйреп әкетті. Тағы екеуі мені күштеп көлікке отырғызды", - дейді Жібек.
Жібек өзін қайда алып кеткенін түсінбеген.
"Олар менен киімді жұла бастады. Қарсылық көрсеткенімде олардың бірі мені соққыға жықты. Қатты ауырды... Алдымен біреуі, кейін екіншісі аяусыз зорлай бастады. Қалған екеуі мені зорлаған-зорламағанын білмедім, себебі, есімнен танып қалдым. Есімді жиғанымда, олар менімен не істеу керектігін шешіп жатты. Олар мені өлтіріп тастайды деп ойладым", - дейді ол.
Сол сәтте Жібекті туыстары тауып алып, зорлаушыларды құрықтайды. АІІБ ғимараты қылмыс орнынан 50 метр жерде болған.
"Тергеуші менімен, керісінше олар зорланғандай дөрекі сөйлесті. Онда тұрған не бар дегендей?", - деп ашынды бойжеткен.
Жібек сот-медициналық сараптама қызметкерінің дұрыс тексеру жүргізбегеніне ренжулі. Айтуынша, қызметкер оны тексеру кезінде ешқандай жағынды алмаған.
"Сараптама жағы не болып жатқаны белгісіз. Мені тексергенімен, оларды тексермеді. Есікте мұндай жайттар жиі болып тұрады. Тек қыздар оны айтуға қорқады. Себебі, зорланғанын айтып барса, өзің кінәлісің деп шығады... Бірақ маған елдің не ойлайтыны маңызды емес. Мен бәрібір олардың жазасын беремін", - деп ашынды бойжеткен.