Жер мәселесі бәрімізге ортақ
2016 ж. 22 тамыз
5045
12
«Ақ жол» ҚДП Ақмола облыстық филиалының ұйымдастыруымен Көкшетау қаласына осымен екінші рет жер мәселесі жөніндегі дөңгелек үстел өтті. Бұл басқосуға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова және жергілікті атқарушы, өкілетті билік органдары, жұртшылық өкілдері қатысты.
Шараны жүргізген Ақмола облысы кәсіпкерлері қауымдастығының президенті Марат Жұмабеков жиналысты аша келе, жер мәселесінің қоғамды толғандырып отырғаны атап көрсетті. Кіріспе сөз сөйлеген Меруерт Қазбекова жер реформасына орай «ақжолдықтардың» ұстанымы қандай болғанын айтып берді.
Ал, осы жиынға арнайы шақырылған жер реформасы жөніндегі республикалық комиссияның мүшесі, Ақмола облыстық мәслихатының депутаты Нартай Ысқақов аталған комиссияның жақындағы жер мәселесіне орай бес жылға мораторий жариялау жөніндегі ой-пікірін ортаға салды.
Ол жер туралы комиссия отырысында негізінен жерді сату мен жалға беруге тыйым салу жайы көбірек көтерілгенін тілге тиек етті. Бір топ жердің көкөскін басып, игерусіз жатқаны шетелден инвестицияның болмауымен түсіндірсе, енді бірі осы күнге дейін сатылған жер мен жалға берілген телімдер арасында еш айырманың жоқтығын алға тартты. Шынында, жерді сатып алғандар осы күнге дейін оны ұқыпты ұстамаса, жер сату арқылы біз елдің патриоттығын оята аламыз ба?
Жер реформасы жөніндегі комиссия жұмыс істегелі Call-орталыққа 13 820 адам телефон арқылы сауал тастаған. Сонымен, Нартай Ысқақовтың айтуынша, сауал берген адамдардың 16 пайызы жоғарыдағы жер кодексі талаптарын қолдаса, 84 пайызы жерді шетелдіктерге жалға беруге, өз азаматтарымызға сатуға мүлде қарсы екендіктерін білдіреді.
«Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ұлт жанашыры Мейрамбек Қиықов: «Жер тұтастығы болмай, ел бірлігі болмайды, тіл бірлігі болмай, ұлт ынтымағы жараспайды» деді. Ол жерді кім-көрінгенге сату ұлттық тұтастығымызға сына қағатынын да атап көрсетті.
Көкшетау қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Рауан Исин қаладағы жердің жай-күйіне байланысты хабарлама жасаса, Зеренді ауданына қарасты Жамантұз ауылынан келген Асылбай Сейітқасымов бірнеше ауылдың 600-ге тарта тұрғынының пайларын заңсыз иеленіп, оны банкке кепілге қойып, миллиардтаған теңге несие алып, елді алдаған «Богви» фирмасына қатысты сотқа да жүгініп, прокуратурадан да араша сұрап, еш нәтижеге қол жеткізе алмай отырғанын ашына айтты. Облыс деңгейінде сот істі халықтың пайдасына шешсе, Жоғарғы Сот істі жылы жауып, кері қайтарған.
Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев ауылды тастап, қалаға көшкендердің мәселесін тереңірек қозғады. Тіпті, Зеренді ауданының бір ауылдарында осы заманғы сәулетпен жаңа мектеп салынған. Өкінішке орай, ауыл тұрғындары қалаға өре көшкен. Жаңағы қыруар қаржы жұмсап, салған мектеп қаңырап бос қалды. Елдің желге ұшқан ақшасын аяйсың.
Мұндай келелі ойды ауыл шаруашылығының құрметті қызметкері, бұрынғы Қызылту ауданының әкімі Қазбек Асқаров та жалғады. Америкада жер сатылатын шығар, бірақ, онда тұрғылықты үндістер түбірімен жойылуда. Ал, бізде неге жер сатылуы керек, әзірге қазақтар үндістер сияқты жойылып бара жатқан жоқ қой. Не себепті жалға алған жерді банкіге кепілге қояды, бұл қылмыс қой. Жер – халықтыкі, оны игеру құзыры үкіметтікі емес пе? Олай болса, банкідегілердің халықпен де, билікпен де еш санаспауы қалай?!
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова жер мәселесінен туындайтын ауылдың жайын, ондағы мал жайылымы проблемасын жоғары мінберден көтеретінін айтты.
Иә, жерге тағы бес жылға мораторий жарияланды, бірақ, мұнымен мәселе шешіле ме? Елді де алаңдатып отырғаны осы жай. Сондықтан бұл мәселе «жабулы қазан» күйінде қалмай, одан әрі қоғам талқысына түсе беруі тиіс. Бұл бүгінгі күннің басты талабы болса керек.
Бақыт Смағұл «Ақ жол» ҚДП Ақмола облыстық баспасөз қызметі
qazaquni.kz