Қостілділіктен үштілділікке қалай көшпекпіз?
2016 ж. 11 тамыз
4418
5
Қазіргі таңда қазақ қоғамында үштілділік мәселесі қызу талқыланып жатыр. Ұлттың тағдыршешті мәселесіне немқұрайды қарамай жанашырлық танытып, пікір білдіріп, үн қосып жатқан азаматтарымыз аз емес. Айтқан-жазғандарын тыңдап, оқып, бірге тыныстап отырмыз. Жер мәселесі сөз болғанда жерге қарап, тіліміздің тағдыры талқыға түсіп жатқанда тілімізді тістеп отыруға болмайтынын кеудесінде жаны бар әр қазақ сезіне бастағандай. Тіл маманы ретінде үштілділікке қатысты пікірімізді білдіруді біз де өзімізге міндет санаймыз. Үштілділіктің бізге не беретіні жөнінде болжам айтпас бұрын, «Біртілді болғанда қандай едік?», «Қостілді қазақ қандай болып отыр?» деген сұрақтар төңірегінде ой қорытуымызға тура келеді.
Ұрпаққа ана тілінде тәрбие мен білім беру не үшін қажет?
Тіл – қарым-қатынас. Тіл – мінез-құлық. Тіл – таным. Тіл – сана. Тіл – халықтың рухы. Тіл – ұлттың жаны. Тіл – халықты қалыптастырушы. Айналып келгенде тіл – Отан, Тіл – ҰЛТ. Ұлттан тілді алсаң – оның жанын, бойында барын алғаның. Жанынан айрылған немесе шалажансар, құр сүлдері қалған ұлттың, болашағынан үміт жоқ. Қазақ тіл білімінің атасы, ғұлама ғалым Ахмет Байтұрсынұлының «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» дегені сондықтан. Тіл тек қарым-қатынас құралы ғана емес. Қарым-қатынасты басқа тілде де, ыммен де жасауға болады. Білімді, ақпаратты өзге тіл арқылы да алуға болады. Әрине, ағылшын, испан, қытай, жапон, француз, неміс тілдерін білген адамның ақпарат алу мүмкіндігі артып, таным көкжиегі кеңейе түсетініне ешкімнің дауы жоқ. Өйткені олар кең тараған, ғылымы мен технологиясы бізге қарағанда жақсы дамыған қуатты мемлекеттердің, іргелі жұрттардың тілдері. Оны әркім түсінеді. Бірақ бұл тілдердің бәрін меңгерсе де, одан ана тілінде тәрбие мен білім алмаған қазақ баласы қазақы, ұлтының бар болмысын сүйетін азамат болып өспейді. Айналасын тануға ұмтылған адам баласы ана тілінде тілі шығып, сөйлеп, ойлау арқылы оның ұлттық мінез-құлқы, таным-түсінігі, ұлттық дүниетанымы, ұлттық санасы, ұлттық болмысы қалыптасады. Бала бір мүшелден асқанша өзінің ана тілінде тәрбие мен білім алса, тіл арқылы халқының бар қасиетін бойына сіңірген сол ұлттың өз баласына айналады. Оның бойына ұлттың бар қасиеті дариды. Ал ұлттық қасиет алдымен ата-баба қанымен, одан соң ұлттық тәрбие мен тілі арқылы дарыған ұл-қыздың жүрегі де ұлтымен бірге соғады. Егер ұрпағымызға халқымыздың қасиеттерін отбасында, балабақшада, мектепте дарыта алмасақ, онда ұлттық қасиеті әлсіз немесе одан мүлде жұрдай,
қасиетсіз ұрпақ өсірген болып шығамыз. Қазақ үшін «қасиетсіз», «тексіз», «жүгенсіз» дегеннен ауыр сөз жоқ. Ал халқының қасиеті өз бойында жоқ ұрпақ ұлттық құндылықтарды қастерлемейді, сол себептен де оны қорғап, ұлтқа қызмет етпейді. Халқымыздың арғы-бергі тарихындағы ұлт зиялылары, елдің көшін бастаған көрнекті тұлғалар мен ғалым, ақын-жазушылары мұны жақсы білді. Біліп қана қоймай, ұрпақты ұлт тілінде тәрбиелеуге қызмет етті. Арғысын айтпағанда, кешегі алаш қайраткерлері де балаға ана тілінде тәрбие мен білім беруге айрықша мән берді. Мәселен, алаш көсемі Әлихан Бөкейхан: «Елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі – көш басын да алып жүре алмайды» – десе, ұлт азаттығы жолында жанын пида еткен қажымас күрескер, аса көрнекті саяси тұлға Мұстафа Шоқай: «Бала қай тілде білім алса, сол ұлтқа, сол мемлекетке қызмет етеді» – деді. Жүсіпбек Аймауытұлы: «Орыс тәрбиесін алған бала – ұлт қызметкері бола алмайды» десе, Жанша Досмұхамедұлы: «Қазақты – елдің тұрмысын, тілін, мінез-құлқын, әдет-ғұрпын білетін қайраткер ғана басқаратын болады» – депті. Алаштың ардақты ұлдарының бірі Халел Досмұхамедұлы «Өз тілін білмеген ел – ел болмайды» – деген тоқтам жасапты. Сонда қазақ баласын бесіктен белі шықпай жатып, орысша, ағылшынша оқытамыз, тәрбиелейміз дегендердің мақсаты не? Әлде олар аса білімпаз, алаштың ар-ұяты, бетке ұстар осы зиялыларымыздан мемлекетшіл, ұлтшыл, білімді, көреген, саяси қырағы ма? Ұлт мүддесіне адалдық, елдің ертеңін болжауға бүгінгі заман тұрғысынан қарағанда кімдікі дұрыс? Бәлкім, алаш ардақтыларының осыдан бір ғасырға жуық бұрын айтқан пікірлері уақыт көшіне ілесе алмай ескіріп, ғылыми құндылығын жойған болар? Жоқ, мүлде олай емес. Керісінше, үстем мәдениет, үстем тіл бірнеше ұрпағының жаны мен қанына сіңіп қалған қазақтың оянып, есін жиып, енді-енді өзіне келе бастаған шағында олардың пікірлерінің құндылығы арта түсті. Олардың айтқандары алдымыздағы шамшырақтай жарқырап, бағыт-бағдар көрсетіп тұр.
Тіл – бүкіл халыққа ортақ аса құнды мәдени жетістік, рухани қазына. Ана тілінен жеру, өз халқының қасиеттерін жатсыну, ұлттық құндылықтардың қадірін білмеу, төл мәдениетінен безініп басқа мәдениетке бой ұру – нағыз мәдениетсіздік, тексіздік. Тіл – ұлт мәдениетінің өзегі, ұлт руханиятының қоймасы, қазыналы сарайы. Сол себептен де халқының бар асыл қасиеті баланың бойына тек ана тілінде тәрбие мен білім алуы арқылы ғана дариды. Анасының тілінен ажырап, өз мәдениетінен нәр алмай қалған ұрпақ тамырсыз қаңбақ сияқты жел қайдан соқса, солай көше береді. Тілінен айыру оны өз жұртынан, тегінен де айырады. Өйткені ода халқының бар қасиетін бойына таратып, сіңіріп отыратын қантамыр сияқты тілтамыр болмайды. Мұны дана халқымыз баяғыда-ақ бір ауыз сөзге сыйғызып «Тексіздік – тілсіздіктен» деген мәтелімен түйіндеп қойған. Асан қайғы дананың «Көлде жүрген қоңыр қаз, Қыр қадірін не білсін? Қырда жүрген дуадақ, Су қадірін не білсін?» дегеніндей ұлт мәдениетінен сусындап, ана тілінің уызына жарымай өзге тілде тәрбие мен білім алғандар қазақ тілін қастерлеп, оның қасиетін қайдан ұқсын? Балаларымызға басқа тілде тәрбие мен білім бергеніміз қасиетімізден айырып, қасіретімізге айналғанын әлі толық сезіне алмай отыруымыз, тағы да өзге тілдер мен өзге мәдениеттер етегіне жармасып жатуымыз – біздің бүгінгі шынайы бет-бейнеміз. Сол бет-бейнемізді бүркемелеген сайын бет-аузымыз қисайған үстіне қисая беретінін ұмытпаған абзал.
Мал екеш мал да, аң-құстар мен түрлі хайуандар да бір-біріне, айналасына өзінше үн қатысады, «өз тілінде сөйлейді». Қой маңырайды. Жылқы кісінейді. Ит үреді. Мысық мияулайды. Қасқыр ұлиды. Бұлбұл сайрайды. Қарға қарқылдайды… Маңыраған жылқыны, кісінеген қойды, қарқылдаған бұлбұлды немесе мияулаған итті көрдіңіз бе? Жоқ, көрмейсіз. Егер көрсеңіз оны аномалия, табиғатынан ауытқушылық деп шошына қараған болар едіңіз. Олардың бәрі де бір-бірімен өздерін тапқан енелерінің, оларды дүниеге әкелген еркегі мен ұрғашысының табиғи үнінде үн қатысады. Әрбір түр мен тек өз сипаттарын сақтайды. Ал Алла тағала олардың бәрінен артық жаратқан саналы адам баласы ғасырлар бойы дамып, қалыптасқан өз ұлтының, ата-бабасының, ата-анасының тілін ұмытып, оны оқып үйренбей, менсінбей жүргенін көру қандай трагедия! Хайуандар құрлы бола алмасақ, адамдығымыздан не пайда? Ана тілінен мақұрым қалғандар қатарының артып, бір-бірімен орысша сөйлесетін дәрежеге жетуі – қазақтың қасіреті. Біз өкілі болып саналатын егемен елі ана тілін білмейтін жастардың өсіп жатуы – жағымсыз, теріс құбылыс, кері кеткендік белгісі.
Білімді басқа тілде алуға болғанымен, ұлттық тәрбие мен өз халқының мүддесіне қызмет ететін білімді тек ана тілі арқылы ғана алуға болады. Әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы» деген сөзі баршаға мәлім. Сол сияқты қазақтың тілінде, қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін бойына сіңіре отырып берілмеген білім де қазақтың хас жауы. Өйткені ұлттың тәрбиесін оның тілінен бөліп қарау мүмкін емес. Қазақтың баласын басқа тілде оқытып, тәрбиелеу – ұлтқа жасалған ең үлкен қастандық. Ұлттан тілді алсаң – нөл қалады. «Ұлт – тіл = нөл» деген формуланы қазақты басқа тілде басқарғанын қоймайтын басшыларға, немересіне ертек айтудан қалған ата-әжеге, баласын орысша, ағылшынша оқытып жүрген ата-анаға, айфон мен айпадтан айрылмайтын баланың санасына сіңірмесек, жетесіне жеткізбесек, олар қалай қазақты көгертіп-көктетпек?
Құлдық ноқтасын сыпырып тастағанына ширек ғасыр өтсе де қазақтың құлмінезділікпен толық арылып, өз бет-бейнесін айқындамай келе жатқаны – бірнеше ұрпағын орысша тәрбиелеп, орысша оқытып, қазір де орыстың мәдени-ақпараттық кеңістігінен шыға алмай, шырмалып отырғандығынан. Мыңдаған қазаққа орыс тәрбиесі, орыс оқуы өтіп кеткен. Азаттығын алған елдің өз ұрпағын өзге мәдениеттен сусындатып, өзге тілде тілін шығарып, ұлттың баласын қалыптастырып алмай тұрып өзгенің тілінде оқыту – ұлтқа жасалған ең үлкен қиянат. Атаның қанында, ананың сүтінде бар қасиеттерді, ұлттық таным-түсінікті ұрпақтан-ұрпаққа
жеткізіп, сабақтастықты үзбей, ұлттық тұтастықты қамтамасыз ете алатын ең қуатты да құдіретті құрал – ұлттың тілі.
Қазақ тілі, қазақы тәрбие бізге Абай, Ыбырай, Махамбет, Шәкәрім, Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек, Халел, Қаныш, Мұхтар Әуезов, Бауыржан Момышұлын берді. Бұлар – орысша тілі шығып, бес-алты жасынан ағылшынша үйренбей-ақ білім мен парасат биігіне көтеріліп, қазақтың даналарына, дараларына айналған ұлт мақтаныштары. Керісінше, олар ана тілінде тілі шығып, ұлттық мәдениеттен нәр алмағанда ешқашан осы биікке көтеріле алмаған болар еді.
Шет тілін білгеннің бәрі данышпан, ақылды әрі кәсіби маман болып кетеді деудің өзі адам табиғатын түсінбеу, тіл жөніндегі білімнің таяздығы. Қазіргі орысша сайрап тұрғандар немесе үш-төрт тілді меңгерген деп жүрген ғалым, жазушы, ақын, қайраткерлердің қайсысы осы аталған ұлт тұлғаларының деңгейіне көтеріле алды? Абай орыс тілін өте кеш үйреніп, орысша оқып, түсініп, аударма жасағанмен айналасындағы қауыммен орысша сөйлесіп, орысша жазған жоқ қой. Ал орыс тілін Абайдан он есе жақсы меңгерген қазақтың қай ақыны мен ғалымы ұлы ойшылдың деңгейіне жуықтады? Абай қайда, біз қайда? Абай – дара, Абай – дана қазақта.
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегерлері Мұхтарбай Өтелбаев пен Асқар Жұмаділдаев, Уалбай Өмірбаев сынды әйгілі математиктеріміз де қазақ мектебінде оқып-ақ ғылым биігін бағындырды емес пе? Ендеше, қазақ мектебін де, қазақ тілін де білім берсек, аштан өліп, көштен қаламыз, ғылымды игере алмаймыз деудің ешқандай негізі жоқ.
Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайтыны белгілі. Аз қазақты қандай да бір топтарға, жікке бөлуді қаламаймыз. Алайда түрлі мәдениеттер мен діндердің жетегіне еріп, өзге тілде білім алу арқылы ұлтымыздың ішінде ондай топтардың пайда болып жатқанын жоққа шығаруға да болмайды. Қазіргі қазақ тілінде «орысбайлар», «орысқұлдар», «орысмінезділер», «орысқолдар» деген сөздер қолданылып жүр. Тілде жаңа сөздер мен ұғымдар жоқтан пайда болмайды. Бауырларымызды бөліп-жарып, өзімізді өзекке тебуді, ағайынды жіктеп-жіліктеп оларға ат қойып, айдар тағуды ешкім мақсат етпейді. Бірақ осы типтегі қазақтар бар екені рас болса, онда баламызды орысша тәрбиелеп, оқытқаннан ұтқанымыз қайсы? Олар өсіп-өніп әлеуметтік топқа айналып «орысшылдар», «ресейшілдер», «ресейпиғылдылар» қатарын толықтырып, қазақтілді ақпарат кеңістігі мен қазақы ортаны тарылтып, қазақы құндылықтарды құрметтейтін қоғам қалыптастыруға, қазақ тілінің қолданыс аясын шектеп, қазақ үнін тұншықтыруға үлес қосып отыр емес пе? Жауырымызды жаба тоқып, қашанғы бұл дертімізді бүркемелей береміз? Енді осылардың қатарын «ағылшынбай», «ағылшынқұл», «қытайбай», «қытайқұлдармен» толықтырсақ, ертең қазақты қайдан іздейміз? Ана тілі – ұлтты қалыптастыратын, тұтастығы мен ішкі бірлігін қамтамасыз ететін, оның рухы мен өзіндік болмысын сақтайтын ең құнды, баға жетпес қазынасы. Ендеше, ұрпағына ана тілінде тәрбие мен білім беруден артық ұлттың ұлы мұраты болуы мүмкін емес. Әр қазақ баласына ана тілінде тәрбие мен білім беру – әрбір ата-ананың парызы, қазақтың атын иеленіп, қазақ атынан сөйлеп отырған мемлекеттің міндеті болуға тиіс.
Шерубай Құрманбайұлы, филология ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның корреспондент мүшесі