Алматы облысында тұрғындар ауыл мешітінің бас имамы сәлаф деп күдіктенеді
2016 ж. 10 тамыз
2618
0
Алматы облысында тұрғындар ауыл мешітінің бас имамы сәлаф болуы мүмкін деген күдіктерін жайып салды деп хабарлайды Qamshy.kz.
Сайт редакциясына Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылының 38 тұрғыны қол қойып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының атына жолданған хат келіп түскен.
Хатқа қол қойғандар Шелек елді-мекеніндегі «Нұр-Мұхаммед» мешітінің Бас имамы болып Расул Шахиновтің тағайындалғанына наразылық білдірген.
«Нұр-Мұхаммед» мешіті ашылған 2011 жылдан бері онда Жұмабай Сүйінбайұлы деген азамат имам болып келді. Ол діни білімі жоғары, Ханафит мазһабының ережелерін қатаң ұстанатын. Сүйінбайұлының имамдық еткен уақытында мешіт жамағатының саны да ұдайы артып отырды. Мешіт іші халыққа лық толатын болды.
Биыл Рамазан айының қарсаңында аяқ астынан Жұмабай имам орнынан алынып, имамдыққа Расул Шахинов деген азамат тағайындалды. Мешіт жамағатының наразылық білдіруінің басты себебі, ол кеудеден тәкпір алады, намаздан соң құран оқымайды, бет сипамайды, жалғыз намаз оқыса талтайып тұрып оқиды.
Қазақ тілін жетік білмегендіктен (Шахинов – ұйғыр диаспорасының өкілі) уағыздары да жұртқа түсініксіз болып отыр. Ол имам болып тағайындалғалы бері мешітте салафиттер қаптап кетті. Олар сүннет намаздарын мүлдем оқымайды. Тіпті, араларында Өзбекстаннан келгендер де бар», - делінген аталған хатта.
Сондай-ақ, хат авторлары Шахиновтің имам болып тағайындалу себептерін білмекке осы салаға жауапты мекеме, ұйымдарға хабарласқандарын да айтады. Олардың ойынша, Шахинов аудандағы өкіл имам, аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы қолдағаннан кейін тағайындалып отыр.
Шелек мешітінің жамағаты Бас мүфтиден аталған мәселеге араласып, оң шешім шығаруды өтініп отыр.
«Біз, мешіт жамағаты, елдің ертеңіне алаңдаулымыз. Келешек ұрпаққа ата-бабамыз ұстанған Ханафи мазһабында тәрбие беру үшін, еліміздің бірлігі, дініміздің тұтастығы үшін Шахиновті орнынан босатып, бұрынғы имамымызды қайтаруды немесе діни бағыты дұрыс басқа имам жіберуіңізді сұраймыз. Сондай-ақ, діни сауаты мансабына сай келмейтін аудандық өкіл имамды да орнынан босатуыңызды сұраймыз», - делінген хатта.