Қазақстандықтардың зейнетақысы "Экспо-2017" аумағындағы инвестициялық нысандарға жұмсалмақ
2016 ж. 09 тамыз
5205
0
«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан» тартылған 15 млрд теңгені «Қазақстанның даму банкі» «ЭКСПО-2017» аумағындағы нысандар құрылысына жұмсайды деп хабарлайды "Астана" арнасы.
Ал "Астана-Экспо-2017" компаниясының өкілі зейнетақы қорының қаржысы тартылатын нысандар көрме павильондары емес" дейді. Сондай-ақ бұл нысандар 174 га аумақтың небәрі 25 гектарын ғана алып жатыр екен. Яғни, қаржы халықаралық көрме кешені аумағындағы өзге ғимараттар құрылысына жұмсалмақ.
"Бұл тұрғын үйлер - "Мега" сауда ойын-сауық орталығы және басқа да бірқатар нысандар. ЭКСПО аумағында орналасқанымен, олар инвестициялық нысандар болып табылады. Біздің компанияға қатысы жоқ. Бұл ақшаны компанияға инвесторлар салды", - дейді "ЭКСПО-2017" ҰК бұқарамен байланыс департаментінің директоры Сергей Куянов.
Зейнетақы қорының қаржысын Қазақстан даму банкі қашан және қандай өсіммен қайтарады? Оған қоса қаражат қай компанияларға қанша пайызбен қарызға беріледі? Осы сұрақтарға жауап берген қаржы ұйымының баспасөз қызметі жақында толық мәлімет беріледі деп сендірді.