ҚОРЖЫН ТҮБІНДЕГІ ҚОЛА МЕН КҮМІС КӨҢІЛ КӨНШІТПЕЙДІ
2016 ж. 09 тамыз
3099
0
Сонымен төрт жыл бойы тағатсыздана күткен жазғы 31 - Олимпиадалық ойындардың алауы жағылып, Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласы төрткүл дүниенің бүгінгі спорт астанасына айналды. Бүкіл әлем назары – Риода!
Бразилияның атына олимпиадаға дайындығы барысында талай сын айтылғанымен 6-тамызда спорт бәсекесі басталып та кетті. Ол енді 21-тамызға дейін жаһан жұртшылығының басты назарында болары сөзсіз. Рио олимпиадасы бірнеше рекордтарды жаңартты. Алдымен бірінші рет әлемнің 206 елінен спортшылар қатысып, 306 түрлі медальдар топтамасы сарапқа салынатынын айтсақ та жеткілікті. Бұрындары бұндай жоғары көрсеткіштер болмаған-ды. Бұл байрақты жарысқа соңғы жылдары жақсы спорттық нәтижелерге қол жеткізіп келе жатқан Қазақстан құрамасы да тыңғылықты дайындықпен аттанды. Үздік спорттық жетістіктерге Үкімет тарапынан берілер сыйақы да қомақты. Алтын медаль иегерлеріне 250 мың АҚШ доллары мен үш бөлмелі пәтер берілетіні де мақтанышпен айтылып, көптеген баймыз деген мемлекеттердің өзінің аузын аштырдық. Күміс және қола медаль алғандар да құрқол қалмайды.Сыйақы көлемі жағынан біз үшінші орында екенбіз. Осы тұрғыдан алғанда бұл жарыста үшінші орынды қалпақпен қағып алуға болар еді. Еліміздегі спорт басшыларының бұл шешімін қуана қолдаған көпшіліктің де енді спортшыларымызды биіктен көргісі келетіні түсінікті. Байрақты бәсеке спортшыларға да үлкен жауапкершілік жүктейді. Олимпиада басталмай жатып жеңіспен желпініп, жеңілістің ащы дәмін татқандарға да куә боп жатырмыз. Мысалы, солтүстіккореялық ауыр атлет Ом Юн Чхоль жеңіске жете алмағы үшін тіпті 2011 жылы қайтыс болған КХДР лидерлерінің аруағынан кешірім сұрады. Жанкүйерлерге де оңай соғып жатқан жоқ. 56 келі салмақ дәрежесінде Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанған Таиланд ауыр атлеті Синпхета Круаитонгтың әжесі немересі қатысқан жарысты тамашалап отырған кезде бақилық болып кетті. Міне, олимпиада адамдарды қалай арбайды?!
Әрине,жанкүйерлер өз командасының жеңіс тұғырынан көрінгенін қалайды. Сол үшін түн ұйқысын төрт бөліп дегендей, таң атқанша теледидар алдында телміріп отырады. Әрбір сайысты тамашалап қана қоймай, үкілеген үміттеріміз жеңіліп жатса жүйкесін де тоздырады. Өкінішке орай, Рио олимпиадасы біз үшін сәтті басталды деп айта алмаймыз. 8 тамызға дейінгі алғашқы көрсеткіштеріміз көңіл көншітерлік емес. Бұл жарыста біздің басты сенім артқан спорт түрлері – бокс пен ауыр атлетика екені аян. Шаршы алаңға бірінші болып шыққан 60 келіге дейінгі салмақтағы Берік Әбдірахманов АҚШ-тың жас былғары қолғап шебері Карлос Зенон Балдерастан 0:3 есебімен ұтылып, жарыс жолынан шығып қалды. Сол сияқты ауыр атлетикадан 56 келіде өнер көрсететін Арли Чонтей қос жаттығудың қорытындысы бойынша 278 келіні көтеріп, төртінші орыннан әрі аса алмады.
Спорттың өзге түрлерінен де әзірге жоғары нәтиже көрсете қойған жоқпыз. Қазақстандық теннисшілер жұптық сайыста Бельгия командасынан жеңілді. Рио Олимпидасында жұптық сайыстың алғашқы айналымында Ярослава Шведова және Галина Воскобоев қарсыластарына оп-оңай жол берді. Бельгиялық Янина Викмайер мен Кирстен Флипкенс біздің спортшыларды айқын басымдықпен ұтты. Суға жүзу сайысынан қазақстандық спортшы Екатерина Руденко жартылай финалға шыға алмады. Қазақстандық дзюдошы Жансай Смағұлов та турнирдің екінші айналымында Корея спортшысы Ан Ба Улдан ұтылып қалды. Жүз метрге брасс әдісімен жүзуден Дмитрий Баландин сегізінші орынды місе тұтты.
Тамыздың сегізі күнге дейін көрсеткіштер бойынша біздің құрама команда қоржынында бір күміс, бір қола медаль ғана бар. Өткен жылдан бері Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетіп келе жатқан, қазір Оңтүстік Қазақстан облысы атынан сынға түсіп жүрген моңғолдың дзюдошы қызы Отгонцэцэг Галбадрах ақжолтай спортшы болып шықты. Ол қола жүлдені жеңіп алды.
Әзірге біздің ең жоғары көрсеткішіміз дзюдошы Елдос Сметовтың Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері атануы болып отыр. 60 келіде сынға түскен қазақ балуаны ширек финалда өзбекстандық Диорбек Орозбаевты, жартылай финалда әзірбайжандық Орхан Сафаровты жеңді. Финалда Елдос ресейлік Беслан Мудрановпен күш сынасып, қосымша уақытта ұтылып қалды.
Рио-де-Жанейро Олимпиада ойындарында медаль алған мемлекеттер саны 27-ге жетті. Қазір Австралия 3 алтын, 2 күміс медальмен көш бастап келеді. Екінші орынға 2 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль еншілеген Қытай құрамасы көтерілді. Ал үздік үштікті 2 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль жеңіп алған оңтүстіккореялықтар түйіндеп тұр. Қазақ елінің спортшылары жалпы есепте, Олимпиаданың алғашқы күні ұтып алған 1 күміс, 1 қола медалімен 16-орынға сырғыды.
Әзірге 14 мемлекет алтын алып үлгерді. Олар Австралия 3 алтын, 2 күміс, Қытай 2 алтын, 2 күміс, 3 қола, оңтүстіккореялықтар 2 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль еншілесе, Венгрия 2 алтын, АҚШ 1 алтын, 4 күміс, 1 қола медаль жеңіп алды. Ресей спортшылары 1 алтын, 2 күміс, 1 қола медальды қоржындарына салды. Ал Жапония спортшылары 1 алтын, 5 қола медальды олжаласа, Таиланд, Нидерланды, Вьетнам, қытайлық Тайбэй, Бельгия, Косово, Аргентина елдері 1 алтын, бір-бір қола медаль жеңіп алған.
Жарыс енді қарқын алып келеді. «Басы қатты болса, аяғы тәті болады» демекші, біздер үшін қиындықпен басталған байрақты бәсеке ертеңгі күн үлкен жеңіс әкеледі деп сенеді миллиондаған қазақстандық жанкүйерлер.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz