ДАҒДАРЫС: ЖЕРІНЕН АЙРЫЛҒАН ЕЛ - ЖЕТІМ
2016 ж. 02 тамыз
4133
26
(ҚАЗАҚ ПЕН ДАҒДАРЫСТЫҢ ЕКІНШІ ӘҢГІМЕСІ)
ҚАЗАҚ:
- Ассалаумағалейкум, Дағдарыс мырза!
ДАҒДАРЫС:
-Уағалейкумсалам! Қазағым, қалың қалай? Өткендегіге қарағанда сәлемің түзеліп қалыпты. Бірақ қабағың қатулы, түрің төсек тартып тұрғандай, жүзің солғын ғой? Тағы не болып қалды?
- Не болғанын сұрамай-ақ қой, бәрібір көмектесе алмайсың. Менің мәселем сен айналысатын салаға қатысты емес...
- Алдымен айтсаңшы, әкесі өлгенді де естіртеді емес пе? Күйіп-жанып бара жатқан ештеңе көріп тұрған жоқпын сенің еліңнен. Бәрі де орнында, бәз-баяғыша өмір сүріп жатырсыңдар. Басқа не керек сендерге?
- Қойнауы тоналған қасиетті жерімнің басына қара бұлт төніп тұрса қайтып түнермейін. Туған жері талан-таражға түскелі тұрған адамда қандай түр болушы еді?..
- Е-е-е, енді түсіндім! Дау-дамайдың ортасына өз қолдарыңмен апарып тыққан "Жер мәселесін" айтып тұр екенсің ғой. Осы сендер, қазақтар - қызық халықсыңдар. Бір қарасам, бүкіл жер бетінде сендерден дарынды, сендерден өнерлі, сендерден ең озық салт-дәстүрге бай ұлт жоқ. Жаратқан иеміздің өзі жарылқап, таза ниеттеріңе орай қолдау көрсеткен жұрт едіңдер ықылым заманнан. Шынын айтсам, ол жағынан көптеген ұлт пен ұлыстардан құралған атышулы еуропалықтарыңның өзі бірігіп келіп сендердің қолдарыңа су құюға жарамайды. Ата-бабаларыңның салып берген сара жолымен тым болмаса сүрінбей, аяқтарыңды дұрыс басып жүре алмай-ақ қойдыңдар-ау! Тарамы тоқсан тарихтың талай сынынан өткен тұрмыстық тағылымдары мен адами құндылықтарға құрылған тәлім-тәрбиесін тәркі етіп, азып-тозып барасыңдар. Ашығын айтсам, менің сендерге жаным ашиды, бір бүйрегім өздеріңе бұрылып тұратынын да жасырмаймын. Бір кездерде атағы жер жарған қандай ұлт едіңдер! Қанында қайсарлық, бойында батырлық, ойында ізгілік, әрбір істі әділдікпен, адамгершілікпен шешкен ата-балбаларыңның тым болмаса алып тастаған тырнағына татымайтындай күйге жеткендерің қинайды. Өз кезінде Бұқар жырау бабаларыңның Абылайханның түсін жорып айтқаны ақиқатқа айналып бара жатқанын аңдамайсыңдар ма? Арыстандай айбатты аталардан бақа-шаян, құрт-құмырысқа секілді ұрпақ тарауы мүмкін екенін Бұқар баба қалай ғана байқап, болжаған дерсің?! Содан бір қорытынды шығаруларың керек еді. Өкінішке орай, ондай озық ойлы ұрпақты көре алмай отырмын. Өткенде ғана ұрлықты қойып, үнемге көшіп, ерінбей еңбек етіңдер деп айтып едім ғой. Тәбет тиымсыз болса, тіршіліктен береке кетеді. "Қанағат қарын тойғызады..." деп аталарың айтып кеткен жоқ па? Жемқорлық жететін болды сендердің түп-тамырларыңа. Жемқорлықпен күресіп жатырмыз дегендеріңнің өздері жемқорлардың көкесі болса жақын арада жетісе қоюларың екіталай. Сендер
араны ашылған шенеуніктеріңе данышпан Абай аталарыңның айтып кеткен нақыл сөздерін күштеп оқытыңдар. Жай ғана оқытпай, "Ескендір" сияқты поэмасын жаттатқызып, оның мән-мағынасын мыйларына тесіп тұрып құю керек. Адамның көзі өлгенде ғана тоятынын, мына қас қағым сәттік жалған дүниеде біреулерді жылатып, біреулердің аузынан жырып жинаған есепсіз дүниесі ертең есектің артын сүртуге де жарамайтынын саңылауы жоқ саналарына сіңіру қажет. Ол үшін өздеріңнің бұрыннан, атамзаманнан қалыптасқан ұлттық тәлім-тәрбиелеріңе қайта бет бұрғандарың жөн. Қазіргі тілмен айтқанда - ұлттық идеологияны қайта қалыптастырмай болмайды.
-Атаңа нәлет капитализмнің қорлығы ғой бұның бәрі!
- Тоқта! Капитализмнің қандай қатысы бар бұл жерде? Сендерге біреу осы капиталистік жолды таңдаңдар деп қысым көрсетті ме? Өз еріктеріңмен осы жүйені қалап алдыңдар емес пе? Рас, капитализм адам еңбегін қанайтын жүйе, бар құндылық капиталға, яғни ақшаға негізделген. Бірақ, бұрынғы мен қазіргі капитализмді салыстыруға болмайды. Қазіргі капитализм өз тәсілі мен әдісін мүлдем өзгерткен. Өйткені көпшіліктің қаһарынан қаймығып, қанау мен баюдың тың, құйтырқы түрлерін игеріп алған. Тарих тағылымы көрсеткендей, тым қатты қанап, итаяқтан ас ішкізсе көпшілік бір күнде отырған орнын ойрандап, бар байлығын күшпен тартып алатынын жақсы біледі. Сондықтан "демократия" деген жаңа бір жалаң ұранды жалаулатып, бұқараның бар назарын соған аударып қойды. Ал шын мәніндегі демократияның исі де жоқ жер бетінде. Сол демократия дегенің оларға бір тиынға керегі де жоқ. Халықты жалған елеске емексітіп, " Қоғамда әлеуметтік әділдік орнатамыз!" деп айғайлағаны болмаса, бәрінің де ойлағаны тек қана өз қамы, өз мүддесі ғана. Көпшіліктің еңбегінің арқасында өмір сүріп, байыған үстіне баю түсуді ғана мақсат тұтады олар. Екіншіден, қандай қоғамдық жүйені болмасын адамдар өздері ойлап тауып отырған жоқ па? Кезінде ең әділ, әлеуметтік жағынан теңдікке негізделген социализмді де жетістіргендерің шамалы. "Балық басынан шіриді" деп тегін айтылмаған, билік басындағылар сол жұртқа жайлы әлеуметтік қоғамның түбіне жеткенін өзің де жақсы білесің.
- Капитализмің де, коммунизмің де құрысын, жеріміз сатылса күніміз қараң болар түрі бар, одан артық қандай зауал керек?
- Әй қазағым-ай, жерді сатуды сендер бұдан бірнеше жыл бұрын заңдастырып, өз қолдарыңмен қып-қызыл саудаға салып жібердіңдер емес пе? Оның қызығын жергілікті жердегі әкімсымақтарың мен соның айналасындағылар көрді. Қарапайым халық тым болмаса басына баспана салуға ұлтарақтай жер таба алмай сенделіп жүргені өтірік пе? "Ақсақ қой түстен кейін маңырайды" демекші, бұл айтып тұрған қай зарың? Зауыт-фабрикаларың, қазба байлықтарың жұмырларыңа жұқ болмаған соң жердің өзіне ауыз салдыңдар. Жекешелендіруді желеу етіп, жемқорлықтың жаңа үлгісін ұсынғандар жеті асап биге шыққанмен, ел тізгінін ұстағандардың тойынатын түрлері көрінбейді. Бұлай кете берсеңдер жер ғана емес адамдарыңды да өзгелерге құлдыққа
сатарсыңдар. Жерді сатқан - елін сатқан деген сөз. Сондықтан капитализмге күйе жағуды қойыңдар. Ұнамаса басқа жүйе жасап, өзге бір қоғам құрып алыңдар. Сендердің қолдарыңды біреу қағып отырған жоқ қой? Егеменді ел емессіңдер ме? Бәрі де өздеріңе байланысты.
- Бізге жұмақ өмір жасап беретін біреу бар дейсің бе? Кім қолындағы байлығы мен билігін өз еркімен бере қойсын. Біз момын халықпыз, байлығы бар болсын, бізге бейбітшілік керек.
- Дұрыс айтасың, бейбіт өмірге ештеңе жетпейді. Бейбітшілік болмаса байлықтың да бұты бір тиын. Байлық үшін жазықсыз жандарды қойша қырғандарға қарап, бұл пенде дегенде тойымшылық, шүкіршілік жоқ екеніне көзім әбден жетті. Бар байлықты қолына жинап алғандар қатардағы қарапайым халықты қуыршақ құрлы көрмейді. Бір-біріне айтақтап салып, қырғынды қолдан ұйымдастырғандар Құдайын да ұмытты. Ештеңе емес, ертең бақилыққа барғанда, тамұқтың табалдырығын аттағанда көреді қияметті. Бұл жалғанда жасаған жаманшылықтары бәрі де алдарынан шығады. Бүкіл бақилық ғұмырын тозақ отында шыжғырылып, шыңғырумен өткізеді олар.
- Енді не істеуіміз керек?
- Есіңде болсын, жерінен айырылған ел - жетім. Ата-бабаларың сендерге осынау кең-байтақ жерді сатып кетіп пе еді, әлде біреуден оны сатып алдыңдар ма? Жер сататындай бастарыңа не күн туды? Кеш болмай тұрғанда естеріңді жиып, қасиетті жердің қадіріне жетіп, оны көздің қарашығындай сақтай біліңдер. Елің аман, жерің бүтін болсын, қазағым! Келесіде көтеріңкі көңіл күймен кездесуге бұйыртсын, сау бол!..
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz