Социолог: Қостанайлық олигарх Розиновтің 700 000 гектар жері бар
2016 ж. 27 шілде
4338
9
«Жер сатылады, шетелге 25 жылға, әсіресе, Қытайға жалға беріледі» деген хабар дүңк етіп естілгеннен бері жүрегіміз жай соқпай дүңкілдеп соғатын болды. Күндіз күлкіміз, түнде ұйқымыз бұзылды. Президентіміз ол заңсыз қабылданған заңға жыл аяғына дейін мараторий жариялап, жер комиссиясы құрылып, жұмыс жасай бастағаннан кейін, оның әр кеңесінің нәтижесін майдан-ұрыс даласынан жеткен хабардай жүрегіміз лүпілдеп, қобалжып күтетін болдық. Ондағы қос Мұхтар бастаған халық өкілдері, ұлт патриоттарының әр сөзін интернет желісінен демімізді ішке тартып отырып оқып, тыңдайтын болдық. Жер қайғысы бар қайғыдан ауыр болады екен ғой. Бірақ, қайғырмақ тұрсын жерді сатайық деп желпілдеп жүргендер туралы не айтуға болады?!
Жер комиссиясы әзірше қалыпты жұмыс жасап жатыр. Облыстарда өткізіліп жүрген кеңестерде де жергілікті халықпен пікірлесуде. Жер комиссиясындағы халық өкілдері саусақпен санарлықтай. Бірақ олар аз болса да көптей, елдің сөзін кеңесте тамаша айтып жеткізуде. Бүгінгі бетке айтар Бұқар жырауымыз Мұхтар Шахановтың мәселені өткір қоюы, жас саясаткер Мұхтар Тайжанның байсалдылығы, Дос Көшімнің жойқын логикалық қисынға құрылған шешендік тұжырым, пайымдары елді сүйсіндіруде, үмітімізді үпілеп, сенімімізді нығайта түсуде.
Комиссиядағы халық өкілдері бірте-бірте жер сату керек дегендердің де көзқарастарын өзгертіп жатыр.Халық өкілдерінің артында қалың халық тұр. Бір ғана мысал келтірейік. Таяудағы айтыста Айбек Қалиев жер туралы батыл сындарды айта бастағаннан-ақ халық оны «жарайсың,жаса-жасаның» астына алып,әр шумағы сайын шатырлата қол соғып дүркіреп кетті. Міне, Комиссиядағы және жалпы жер сатқыштарға халық жауабы.
Интернет желісіне кіріп, ел тынысын тыңдап отырсақ,одан туған хадқыңның тамыр соғысы, жүрек лүпілі естіліп, бүгінгі жай-күйі, ой-пікірі, ұл-қыздарының ой өрісі, саяси көзқарастары, әлеуметтік белсенділіктері белгілі болып, көзге анық көрініп тұрады. Бізде демократия жоқ деп жүрсек, ол осы әлеуметтік желіде жүр екен.Газеттер жасырып, телеарналар айта алмаған шындықтарды мұнда шыңғыртып айтып жатады.Және мұнда ештеңемен қорқытып, ешкімнің аузына қақпақ қоя алмайсың. Үкіметке де, билікке де, жекелеген шенеуніктерге де «Қайрат деген атым бар, атам десең атыңдар» дегендей, айтарын қасқиып тұрып айтып салады. «Ойпырмай, мына ақынды жауып тастамаса жарар еді» деп қауіптенесің. ФБ ақындары бізге қарағанда батыр болады екен. Мойындаймыз, батылдықтарына бас иеміз. Олар халықты оятқан үстіне оята түсуде.
Мамыр айында митингіге шақыру кезінде қарапайым халық саяси сауаты мен ой өрістерінің жоғары екенін, азаматтық ұстанымдарының да тастай берік екенін көрсетті. Әлеуметтік желілерде: «Жерді сатқызбаймыз, шетелдіктерге,әсіресе, қытайларға 25 жылға жалға да бергізбейміз! Ертең балаларымыз бен немерелеріміздің қытайлықтарға құл болып жүруіне жол бермейміз! Одан да жерімізді қорғап, күресте өзіміз құрбан болайық.Кеше біз үшін күресіп құрбан болған Қайрат пен Ләззаттардан жанымыз артық емес. Жеріміз үшін жан пида!» деп жастар жар салып жатты. Сонда «Желтоқсандықтардың мұзға жаққан алауы сөнбеген екен-ау, олар жастардың жүрегіне сол алауды мәңгі сөнбейтіндей етіп, жағып кеткен екен ғой» деп тебірендік.
Бір қайран қаларлығы, ақ басты академиктеріміз бен атақты ғалымдарымыздың және басқа қоғам қайраткелері санатындағы азаматтардың,әкімдер мен министрлердің геополитикадан саяси сауатының саяздығы, азаматтық позиция-ұстанымдарының жоқтығы, Қабдеш Жұмаділов, Дулат Исабеков, Ғаббас Қабышовтан басқа жазушыларымыздың аяғының астындағы қара жерді қырық рет сатса да, мыңқ етпей, қыңқ етпей отыра беретіндері, бүгінгі экономика мен қазіргі қарын тоқтығын ғана күйттеп, ел мен жердің, ертең дүниеге келетін болшақ ұрпақтың тағдырын мүлдем ойламайтындары жан шошытады.
Президент мараториі жарияланысымен жер кодексін халық түсінбей жатыр деп, оны сату мен шетелдіктерге ұзақ мерізімге жалға берудің аса пайдалы екенін, солай жасасақ ауыл шаруашылығымыз бен экономикамыздың қауырт өркендей жөнелетінін айтып, газеттерде күн сайын етектей мақалаларда жазып, елді жаппай үгіттей бастады. «Егемен Қазақстан» газетінің 13 мамыр күнгі санында елге белгілі айтулы ғалымдарымыздың бірінің бір беттік мақаласы жарық көрді. Ол АҚШ-тан бастап сонау Австралияға дейінгі ондаған мемлекеттерді ерінбей-жалықпай тізіп шығып, солардың бәрінде де жердің көбі жеке меншіктерде екенін, шетелдерге сатылып та, жалға да беріліп жатқанын айта келіп, содан ол мемлекеттердің зардап шегіп жатпағанын, сөйтсек біздің де ештеңеміз кетпейтінін,жер жекешеленсе иесі оны кереметтей құлпыртып жіберетінін айтып «сауатсыз» халықтың сауатын ашуға барынша тырысып баққан. Мұндай пікірді бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай басқа да атақты академиктер мен ғалымдар жазып,айтып жатты.
Олар солай дей отырып, кезінде кандидаттық, докторлық диссертация қорғап,ғалым атанған тақырыптарынан ұзай алмағанын, ой-өрістері тар шеңберде қалып қойғанын, экономика-экономика деп жүріп, туған халқы мен мемлекеттің бүгінгі ғана емес, болашақ тағдырын терең ойлайтын биікке көтеріле алмағандарын, геополитикадан хабарлары шамалы екенін анық көрсетті. Л.Вовенарг деген саяси қайраткер: «Политика – самое великое из всех знаний!» деген данышпандық сөз қалдырып кетіпті. Ал енді әлемнің көп елдерінде жерге жекеменшік бар, біз де сөйтейік, деп желпілдеп жүрген жоғарыдағы ғалымдардың пікірін Саясат атты ұлы ғылымның қатал тезіне салып көрелік.
Біріншіден, мысалға алынған капиталистік мемлекеттердің жүздеген жылдық әбден қалыптасқан тарихы мен билік басындағылардың қалауынша бұза беруіне жол бермейтін мықты заңдары бар.Халқының басым көпшілігі өз ана тілдерінде яғни мемлекеттік тілде сөйлейітін негізгі ұлттар. Ата заңдары азаматтарының конституциялық құқықтарын бұлжытпай қорғайды. Үкімет басшысы заң бұзса, отставкаға жібереді, қылмысы ауыр болса, ауыр жаза қолданып аямай соттайды, тіпті, өлім жазасына кеседі. Оларда билік халыққа бағынады , соған қызымет етеді.Ал бізде ше? Жарайды, бас жағына барыспай-ақ қоялық.
Екіншіден, ол мемлекеттер қай жерде, біз қай жерде орналасқанбыз? Оу, құрметті ғалымдар мен оқымыстылар, картаға қарасаңдаршы! Екі алып мемлекеттің ортасында жатырмыз, қос басты самұрықтың тырнағы мен жеті басты айдаһардың дәл аузында тұрмыз. Ойлағанда жүрегіміз еріксіз дір етеді. Жеріміз кең, даламыз далиған алып болғанымен, халқымыз аз. Сол ұлы даламызды қалай қорғап, аман сақтаймыз, деп алаң болудың орнына, қытайға 25 жылға, тіпті, одан да ұзақ мерзімге жалға бере берейік деушілерге не деуге болады?! Дейтін сөз таппайсыз.Біз таппағанмен интернет желілерінде оларды «отанын сатқан опасыздар» деп, жерден алып жерге салып, қарғап-сілеп жатыр. Ал енді қытайға 25 жылға бір миллион гектар жерді жалға берсек не болатынын айтайық.
Қытай үкіметі сол жалға алған жерімізде жұмыс істейтін адамдардың 80 пайызы өз жұмысшыларымыз яғни қытайлықтар болуы керек деп талап қойып отыр.Ол талапты орындайсыз. Әр гектар жерде кемінде екі адам жұмыс істейді екен.Сонда екі миллион қытай келеді деген сөз. Әрі қарай тыңдаңыз. «Жер кодексінде жер шетелдіктерге сатылмайды, тек Қазақстан азаматтарына сатылады» деген бап бар, деп халықты тыныштандырмақ болып талай үгіт сөз айтылды. Мұның бос сөз екені интернетте де, жер комиссиясы кеңестерінде де әбден әшкереленді. Шетелдіктер Қазақстанда 5 жыл тұрса және қазақстан азаматшасына үйленсе, азаматтық ала алады деп,өзімізге өзіміз ор қазып қойған заң бар. Сол бап бойынша қытайлықтар қазақ қыздарына үйленіп ,азаматтықты қоса алып,әлгі жалға алған жерлерін шетінен жекешелендіріп, сатып ала бермей ме. Олар қазірдің өзінде қазақ қыздарына көптеп үйленіп жатыр. 25 жылда 2 миллион қытайдың жартсысы солай үйленіп, бір миллион гектар жерді толықтай сатып алатыны сөзсіз.
Тағы айтарымыз, 25 жылда елімізде қытайлықтар 3 миллионға жетуі әбден мүмкін.Сосын оларды қайта шығара алмайсыз. Осыған орай мынадай мысал келтірейік. Өткен ғасырдың жетпісіншы жылдары Солтүстік Вьетнам мен Оңтүстік Вьетнам арасында бірнеше жыл бойы қырғын соғыс болды. Оңтүстік Вьетнамға Америка көмектесті. Солтүстік Вьетнам социалистік қоғам орнатып жатқан. Компартия көсемі Хо Ши Мин көмек сұрап Москва мен Пекинге барып келіп, министрлері мен әкер басыларын жинап кеңес өткізеді. Ол Кеңес Одағының қаржы мен қару беретінін, бірақ жаяу әскер бере алмайтынын, ал Қытай болса қаруға қоса бір миллион солдат беруге дайын екенін айтып, қайсысының көмегін алайық деп сауал тастайды. Сонда олар «іргедегі әрі қару, әрі әскер береміз деп отырған Қытай көмегін алайық» деседі. Хо Шин Мин оларды тыңдап болып: « Ертең соғыс біткен соң, Кеңес Одағы берген барлық қару-жарақтар өзімізде қалады, сосын мыңдаған әскери кеңесшілері еліне қайтады, ал Қытайдың бір миллион солдатына тағы да бір миллион қызмет көрсететін адамдары қоса келеді. Оның бәрін ертең елден шығара алмаймыз осында қалып қояды. Сондықтан Кеңес көмегін алғанымыз дұрыс, адам шығынымыз көп болады, бірақ, Отанымызды, мемлекетіміздің тұтастығын сақтап қаламыз» деп шешім шығарады.
Кеңес Одағының көмегімен Вьетнам жеңіске жетті, Америка ықпалындағы Оңтүстік Вьетнамның астанасы Сайгонды азат етіп, қос Вьетнам қосылып, біртұтас мемлекет болды. Міне, нағыз көрегендік геополитикалық яғни географиялық сұңғыла саясаттың тәлім аларлық озық үлгісі,деп осыны айтар болар.Содан іші күйген Қытай жаңа ғана зор құрбандықпен жеңіске жеткен Вьетнамға соғыс ашып, жеріне басып кірді.Сол тұста «Тарт қолыңды Вьетнамнан!» деп ақындар өлең жазсақ, әлем халықтары араша түсті. Қытай соғысты тоқтатып,шегінуге мәжбүр болған. Қазір Вьетнам – саясаты мен экономикасы бір-біріне сай өркендеп келе жатқан социалистік ел. Хо Ши Миннің айтқанындай, қытайларға соншалықты жерді сонша жылға жалға берсек, оларды ешуақатта қайта шығара алмаймыз
Достық деген уақытша, бос сөз. Қытай доспыз деп жүріп, Кеңес одағына бірнеше рет соғыс ашқан. Сібірде тұтқиылдан шабуыл жасап Даман аралдарын басып алған, содан кейін Жалаңашкөлде Қазақстан жеріне басып кіріп соғыс болған. Сонау 18 ғасырда Жоңғария қалмақтарын бірін қалдырмай қырып жер бетінен жойып жіберген.Қазір де бізге шын дос болып іші жылып бара жатқан жоқ.Карталарына Арал теңізіне дейін біздің жеріміз деп көрсетіп қойып, балалары мен баршасының санасына сіңіруде.Біздің Сыртқы істер министріміз бен дипломаттарымыз бұған неге мән бермейді?! Неткен ашықауыздық! Саясаттағы неткен көрсоқырлық! – деп еріксіз ашынасыз.
Бұл мысалдарды аз десеңіз, қазірдің өзінде батыс облыстарымызда жұмыс жасап жатқан қытай компаниларының жұмысшылары жергілікті азаматтарға көптеген қиянаттар жасап, әлденеше төбелестер болды. Аумақты қаршап тастап, жергілікті жүргіншілерді өткізбей көптеген қиындықтар келтіруде. Қазір олармен облыс әкімі Б.Сапарбаев күресіп жатыр.Өткен жылы 8 шілдеде Қазақмысқа қарасты Ақтоғай кен орнында 21 қытайлық жұмысшы асханада төбелес шығарып, 31 адам зардап шеккен.Олар ертең 25 жылда миллиондап келгенде күніміз не бомақ? Қытайлықтарға жалға жер берген Ресей де зардап шегуде.Жақында ғана Иркутск облысы жеріндегі қытайдың ағаш өңдеу заводының жұмысшылары буряттармен төбелес шығарып,олардың жап-жаңа жеңіл көліктерін трактормен тапап тастаған. Буряттар ағаш заводын жауып, қытайлықтарды қуып жіберуді талап етіп: «Олар өздерін оккупанттар секілді ұстап, кердең қағады» деп жазған.
Интернетте Тәжікстан Қытайдан алған қарызын өтей алмай, өтеуіне Таулы Бадахшан өңірін беруге мәжбүр болғаны туралы бірнеше рет хабар берілді. Ал үкімет басшымыз К.Мәсімов болса, Қытайдан үсті-үстіне миллиардтап несие алуда.Сонымен бірге жыл сайын елімізге келетін қытай жұмысшыларының саны көбейе түсуде екен. Жоғарыдағы келтірілген мысалдардан үкіметіміз сабақ алатын емес. Қытайда бұрын елші болып істеген Мұрат Әуезов пен оралман ғалым, қытайтану маманы Дүкен Мәсімханұлының және басқа саясаткерлердің қытайдан сақтандырған қаншама мақала еңбектері жарық көрді. Өкінішке қарай ешкім құлақ аспайды. Кеш қалмай тұрғанда сақтық шараларын жасайық демекпіз.
Енді үшіншіден, жерді Қазақстан азаматтарына жекеге сату мәселесіне келсек, бұған халықтың басым көпшілігі бүтіндей қарсы екенін білдіруде.Неге десеңіз, республикамызда қазақ толықтай басымдыққа әлі ие болған жоқпыз.Солтүстік облыстарда орыс тілді ұлттар басым.Өз ана тілімізде, мемлекеттік тілде әлі дұрыс сөйлей алмай жасқаншақтап жүргеніміздің бір себебі сол. Өзге ұлттардың пысық кәсіпкерлері түрлі жолдармен,айлалы амалдармен алып, ие болып отырған ауыл шаруашылығы жерлері жүз мыңдап, миллион гектарлап саналады.В.Кулагин өзінің иелігінде 80 мың гектар жер бар екенін ашық мойындады.Мұнша жердің көлемін көзге елестету қиын.Ол үшін оны шаршы километрге айналдырсақ, аумағы 800 шаршы шақырым жер екені анықталады.Енді оны кей мемлекеттермен салыстырып көрелік. Доминика – 754; Бахрейн – 695; Сингапур -993; Лихтенштейн -160 шаршы шақырым. Бұл төрт мемлекет картада өз орындары бар әлемге белгілі елдер. Кулагиннің жері алдыңғы үшеуінің жерлерімен шамалас,ал Лихтенштейннен бес есе үлкен екен. Демек ол бір мемлекеттің жерін иеленіп отыр деген сөз.Ертең оны Кодексте көрсетілгендей жеңілдікпен жарты бағасына сатып алып,жеке толық иесі болғаннан кейін Қазақстан үкіметіне пысқырмай кетері анық.Арғы жағында Ресей тұр, тіпті соған қосыла да салады. Ештеңе істей алмайсыз,жеке меншікті қорғап шыға келетін халықаралық ұйымдар және бар. Жерді сатайық та сатайық деп жүргендер осы жағын қалай ойламайды?
Енді Кулагинді қоя тұрып, «Иволга-холдинг» ЖШС қожайыны Василий Розиновтың жеріне келсек – 700 000 гектар. Бір деректе 500 мың яғни жарты миллион гектар жері бар делінеді. Шаршы шақырымға шаққанда тиісінше 7 мың - 5 мың кв.км. Және бұл дүние жүзі бойынша 2 орында тұратын көрсеткіш көрінеді. Құдайым-ау, мұншама жерді ол қалай ала берген? Кім қалай бере берген десейші! Мына мемлекеттермен салыстырып көріңіздер. Бруней—5,8 мың кв.км; Люксембург—2,6мың кв.км.; Маврикий—2 мың кв.км. Қазақ жерін осыншалықты ту-талапай етіп келімсектерге үлестіре берген. Терещенко мен Лужковтарда да соншалықты жерлер бар екен. Лужков Ресей азаматы, жерді түрлі құйтырқы амалдармен жекешелендіріп заңдастырып алған соң, оп-оңай Ресейіне қосыла салады.Олар Қазақстанның солтүтік облыстарына бұрынғыдай әлі көз алартып отыр. Көзқарастарынан қайтар емес. Соны көре тұра бұл неткен саяси сауатсыздық! дейсіз еріксіз.
[caption id="" align="aligncenter" width="499"] В. Розинов. Фото: forbes.kz[/caption]Демек, жер өз азаматтарымызға да сатылмасын, шетелге де жалға берілмесін!- деген халықтың ортақ талабы күшіне еніп,орындалуы тиіс.
Бұл мақалаға менің ойымнан қосқан ештеңем жоқ.Интернеттің тек Фейсбук желісінде жазылған халықтың өз пікірлерін, шашырап жатқан ойлары мен ұсыныстарын,талап-тілектерін жинақтап,қорытып беріп отырмын. Тағы да пысықтап айтайық, қарапайым халықтың саяси сауаты ғалымдар мен мемлекет қайраткерлеріміз деп жүрген шенеуніктерге, әкімдерге қарағанда көп өскеніне,көш ілгері кеткеніне көз жетті.Олай болса, саяси сауаты жоғары халқымызға сүйене отырып, экономика мен саясатты қатар дамытып,қатар ұстап, ел басқаратын кез келді.
Жұма-Назар СОМЖҮРЕК,
социолог
qazaquni.kz