Мен үшін ең басты құндылық – тәуелсіздік және қазақ мүддесі...
2011 ж. 12 ақпан
3311
0
Тарих қойнауына жол тартып бара жатқан әр жылды қорытындылау дәстүрімен салиқалы саясаткер, «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов мырзаның оқырмандар сауалына берген жауабы.
(Соңы. Басы өткен санда) - Сәлеметсіз бе, Әлихан інім! Қазіргі кезде сен сияқты қазақтың жігіттерінің билік басында болмағаны қазақ үшін сор дер едім. Мен жер басып жүрген қазақ қызымын, өз дәрежемде ең төменгі сатыда орынбасар болып істедім. Мектеп директорының сондай сорлы екенін көріп, қайта-қайта тастап кетіп, қайта келдім орынбасарлыққа. Сосын ой түйдім. Ақыл есі түзу, білім, білігі бар, ұйымдастыру қабілеті бар қазақ кетпеу керек екен, себебі топастар ұялмай басшы болуға келе береді екен. Ой жоқ, елдің алдына шығып бір ауыз сөз айта алмайтындар басшы екен. Біз Назарбаевқа ерегеспеуіміз керек, ол қашан кетеді деп күтпеу керек, ең төменгі халыққа жақын жерлерде Алаш партиясының мүшелеріндей жандар болу керек. Меніңше, ақылды, білімді, парасатты, қазақты сүйетін, адал, Алладан ғана қорқатын жандар бірігу керек. Мен сіздің қазір не істеп жүргеніңізден хабарсызбын, бұрын теледидар болсын, ақпарат құралдарынан көрсем, пікірлеріңді тыңдайтын едім, менің ойыма не айтар едіңіз? Қайда болсаңыз да аман болыңыз. Ақтаудан бір апаңыз. - Көп ойыңызбен келісемін. Ұлтжанды адамдардың биліктің әр деңгейінде болғаны елге пайдалы екенін жоғарыда да айттым. Бүгінгі ұсынысымыз, бүгінгі ойымыз қай биліктің қолымен болмасын бүгін халықтың игілігіне жаратылса, оған қыңжылмау керек. Біз үшін авторлық маңызды емес деп мен бірнеше рет айтқам. Ия, теледидарға балама пікірі бар, биліктегілермен дұрыс деңгейде пікір таластыра алатын тұлғаларды жібермей тұр. Бұл билік идеологтарының ел болашағын, ел әлеуетін ойламайтынының көрінісі. «НұрОтан» өз күшіне сенімді болса бізді теледидарға шығарудан, бізбен пікірталас ұйымастырудан қорықпас еді ғой. Бұл өз халқына сенбеудің көрінісі. Батаңызға рахмет, апа! - «Әлихан, Кеден одағын әшкерелегені үшін «Көкпар» хабары жабылды» деп жазды, ұмытпасам, «Жас қазақ үні» болар. Сол кезде хабардың бас редакторы, жақсы жазушы Асылбек Ыхсанды кетірді жұмыстан. Хабардың редакторы, мықты ақын, білікті тележурналист Нұрлан Әбдібек «Жас қазақ үні» газетінің айқайымен, министр, төраға жауап беріп, жұмыста қалған болатын. Таяуда қысқартудың сылтауымен көппен бірге жұмыстан шығып қалды. Істеп отырған біздің шолақбелсенді бастығымыз Сәуле Жиреншина. Ал жақсы хабар «Көкпар» жабылды. Жақсы журналистер далада қалды. Кеден одағына кіріп кеттік. Сонда не болды? Ақырында не болады? Гүлия. - Мен ол хабарда кеден одағына кірмеу керек деп айтқан жоқпын. Хабарда да, оның алдында билік өкілдері қатысқан партияаралық кеңесте де кеден одағына байланысты үміттің де, күдіктің де бар екенін айттым. Менімен шыққан депутат інішек дұрыс уәж келтіре алмады. Естігенім, сол хабарды үлкен басшылар көріп, үкіметтің осы одаққа байланысты істеген жауаптылар сөгіс естіпті. Жақсы журналистерді жұмыстан кетірген солардың тепкіні болса керек. Мен президент әкімшілігінің ішкі саясат меңгерушісіне бұл істің қазақ болашағына дұрыс емес екенін, керісінше, қоғамдық пікірді билік пайдалану керек екенін айттым. Содан соң жұмыстан шығармай жүр еді, кейін шығарып жібереген екен ғой. Өкінішті. Көкпардың жабылғанынан қазақтың қоғамдық санасы ұтылды. Бұны әкімшілік идеологтары да, ақпарат және мәдениет министрлігі де, теледидар басшылары да түсіну қажет. Әркім ең болмаса бір екі рет ұлт мүддесін орындық қызығынан жоғары қойса көп пайда болар еді. 1. Алтынбек Сәрсенбайұлы досыңыз еді. Оны сатып кеттіңіз. Осы туралы не айта аласыз? 2. Көптеген баспасөз құралдарында сізді оппозицияға Назарбаевтың өзі жіберді деген әңгімелер айтылды. Осы рас па? Осы жағын таратып айтып беріңізші. - Ия, досым еді. Ақжолда 2004-2005 жылдарда қандай ахуал болғанын, кімдер қалай келіп, қалай кеткенін жоғарыда айттым. Мен Ақжолда қалдым. Ақжолда менімен бірге партия мүшелерінің басым көпшілігі қалды. Өзіңіз саралап көрсеңіз басшылықтың ішінен Ақжолдан кеткендер не қалталылар, не мемлекеттік меншікті кезінде жекешелендіргендер, не соларға тәуелділер. Олар Ақжолды билікпен ойындарында пайдаланғысы келді. Түк шықпаған соң партиядан кетті. Салыстырып көрсеңіз басшылықтың ішінен Ақжолды тастап кеткендердің орташа тұрмыс деңгейі қалғандарға қарағанда бірнеше есе жоғары еді. Екіншіден, олар кеткен соң партия қаржысыз қалды. Билік біздің жағымызда болса, оның үстіне тікелей президент жіберген болса, сол кезден бастап қаржыландырған болар еді. Осыдан түйін түйе беріңіз. «Өлгеннің жаманы жоқ, тірінің жаманнан аманы жоқ» деген қазақтың баласымын. Адами тұрғыдан 2004-2005 жылдар менің өмірімдегі ең ауыр жылдар болды. Айтпақшы, алдыңғы топтар кеткен соң екі-үш айдан кейін солармен арамызды өршітуге күш салған кейбір арандатушылар да кетті. - Аға, амансыз ба? Келе жатқан жаңа жылыңыз құтты болсын. Сіз туралы алып-қашпа әңгіме көп-ақ, әйтеуір. Біреулер қызылдар десе, біреулер ақтар дейді. Біреулер тыңшы десе, біреулер біреудің жансызы деп әйтеуір өздерінің өз білгендерін жорумен Сіз туралы неше түрлі әңгіменің жорамалымен жорып бітті. Тағы біреулер мемлекеттік маңызы бар істің жанында жүр немесе екі аяғы талтайып құрдымға кеткелі тұр деп көп ақ әңгіме өрбітіп жүр. Менің ойымша, осы сұрақтың бәріне бірақ адам жауап бере алады. Ол тек қана Сіз деп ойлаймын. Қош делік бұлардың бәрі Сіз үшін таңсық емес шығар. Бір шетінен етіңіз де үйренген шығар. Бір шетінен беті қалың жанның рахаты деп оны да бір түйіп жүрген шығарсыз. Бір шетінен менің еңбегімді елемеген ел ертеңгі күні мені әлі ақ есіне алады деп елеңдеп те жүрген боларсыз. Кім біледі тек Әлихан біледі. Нүкте. Енді сұрақ. 1. Бізге қандай Заңдар керек. 2. Қазақстанда нағыз саясаттанушы деп кімді айта аласыз. Қарин, Көшім, Бәйменовтердің пікір сайысын халық баяғыда көргісі келіп жүр. Осыған өзіңіз бастама көтерсеңіз. Сонда білер едік қазақта қайсысы мықты деп. 3. Ілгеріде сайлауда бірінші орын Отан екінші орынды Ақ жол үшінші орынды Асар алып еді. Сол кезде екі жыл бойы тиісті дауысты ала отырып өздерңізбен өздеріңіз арздасып мәжіліске бармадыңыздар. Сонда халықтың сеніп Сіздерге берген дауыстарына былайша Құдіреше айтқанда түкірдім сенің совет үкіметіне дедіңіздер. Соңғы сұрақ. Біз осы қайда бара жатырмыз. Ауыл бөлек. Қала бөлек. Дала бөлек. Бала бөлек. Ел ішінде ағайындықтан басқа осы татулық қалды ма? - Біраз болжамдарға жауапты жоғарыда алған болған шығарсыз. Мен өмірімді маған жала жапқандардың сөзін оқып, оларға жауап беруге арнағым келмейді. Бір ғана айтарым, сол кезде маған жала жауып, қаралау компаниясын ұйымдастырғандар да түрлі жолмен мені қаралуға қатысқан басылым басшылары да түсінді ме, түсінбеді ме білмеймін, жалпы Қазақстандағы демократияға қарсы жұмыс жасады. Себебі олардың іс-қимылдары көп адамдарға демократтар деген бірін бірі қаралаушылар деген әсер қалдырды. Олардың іс-әрекеттері қоғамның бір бөлігінің көкейінде демократия жасампаздықтың жарысы емес қаралаудың жарысы деген ұғым қалыптастырды. Өкінішті. Нақты сұрақтарға келейік. 1. Ел мүддесіне негізделген заңдар. Ол үшін Парламент әділ сайлаудың нәтижесінде қалыптасу керек. 2. Білімі жағынан Марат Тажин, Досым Сәтбаев, Константин Сыроежкин, Полетаев секілді азаматтар ойыма түсіп отыр. Саясаттану - ғылым. Ғылымның талабы - объективті көзқарас. Саясаткер болған саясаттанушы объективтіліктен айырылады. Карин - НұрОтанның хатшысы. Сондықтан ол басылымдарда саясаттанушыдан гөрі саясаткер деп шыққаны жөн. Кез келген партияның кез келген өкілімен пікірталасқа біз дайынбыз. Жоғарыда айттым ғой, НұрОтан мықтымын десе қашпасын пікірталастан. 3. Жоқ, біз халықтың дауысы дұрыс есептелмеді деп назарылық көрсеттік. Әрине, мандат пайдаланбауға сол кезде қалыптасқан ішкі ахуалдың да әсері болғаны сөзсіз. 2007 жылы бес, алты ай депутат болғанымда халық үшін де партия үшін де пайдалы іс атқаруға жалғыз мандатпен де болады екеніне көзіміз жетті. 4. Ауылға басты назар аудару керек. Ауылда өскен бала интернетке де, ұялы байланысқа да, білім көздеріне де қол жеткізуі керек. Баяғы тұтынушылар одағы секілді ұйымдар қажет деп жоғарыда айттым. Ол ауылдан қалаға астық пен мал өнімдерін жеткізетін болса, қаладан ауылға тауарлармен бірге рухани азықтың өнімдерін де жеткізуді есептесе қажет. Интернет пен ұялы байланысты ауыл үшін арзандатып жеткізу сол компанияларға қоятын шарт болу қажет. Өзімізде шығарған кинофильмдердің, әсіресе, бюджет қаржысына шығарылғандар ауылдарға арзандатылған бағамен көрсетілуі қажет. Дәстүрлі өнеріміздің саңлақтарын театрларымызды бюджеттен қаржы бөліп ауыл, аймақты аралатуымызға мүмкіндік жасауымыз қажет. Қостанайда бір гольф алаңын салғанша сол қаржыға бүкіл ауыл балаларына доп ойнайтын алаң мен жабық спорт кешендерін салуға болады. Аймақтарды дамыту деп құрылған комитет пәрменді жұмыс жасауы керек. Біз ағайындықтан гөрі ортақ ұлттық мүдде, ортақ саяси көзқарас, идея маңында біріге алатын, ауылымның да, қаламымның да, облыс мен республикамның да шаруасы менің жауапкершілігім деп түсінетін азаматтар қалыптастыруымыз керек. - Амансыз ба, Әлихан мырза! 22 желтоқсан күні Атырау облысының әкіміне ҚР Тұңғыш президенті, Елбасы: “...Мұнай мен газ сенің шаруаң емес. Онымен айналысатындар бар» - деді. ҚРТП ЕБ-тің бұл сөзі Қазақстандағы саяси билік жүйесінің үлкен дағдарыста екенін білдірмей ме?! Сонда, біздегі мұнай мен газ саласы мемлекеттің ішіндегі “жеке мемлекет” пе? Жергілікті билікке бағынбаса, “скважинаң болса - талтаңда...” деген принципті дәріптеу емес пе ҚРТП -ЕБтікі?! Наурызбай. - Біріншіден, мұнай мен газ саласына инвестициялар тарту көбіне Орталық Үкіметтің іс-қымилына байланысты екені белгілі. Ал жергілікті биліктің бизнеске қатысты негізгі жұмысы - барлық әкімшілік кедергілерді азайтып, өз ісімен айналысам дегендерге жағдай жасау. Сондықтан шикізаты бар облыстардағы басшылардың жұмысы бюджетке түсетін қаржымен ғана өлшенбеуі тиіс. Себебі, олардың Шеврон, Аджип, Эни секілді алпауыттырдың келуіне де қатысы болған жоқ, қомақты инвестиция тартуға да қатысы болған жоқ. Екіншіден, әлемдік мұнай,мыс,алюминий, мырыш нарығына үкіметтің де әкімнің де ықпалы жоқ. Сонымен қатар кез келген бизнес, ұсағы болсын, ірісі болсын ,билікке емес заңдарға бағынуы тиіс. Ал биліктің міндеті -сол заңдарда ел мүддесін қорғау. -Әлихан аға! Неге қазір барлық нәрседен қадір кеткен қоғам билікке сенбейді, телеарналарға сенбейді, зиялы қауымнан онда абырой кетті мұның бәрі кімге керек? Осы бассыздыққа қалай жауап берер едіңіз? Батыстың ыңғайына қарай жасалған осы режим қазақты түбі құртып тынбай ма? -Ақпараттық дәуір басталағалы бері жалпы әлемде Френсис Фукуяма айтқандай: “Сенім радиусы” кішірейген. Жалпы білімділік деңгейі көбейген сайын құр сенімнен гөрі оймен талдаудың және мүдделерді түсінудің орны арта бермек. Дамыған елдерде кез келген билікті тәубасына келтіретін заңы мен халқы бар. Биліктің оқтын-оқтын алмасып тұруы да кімді болмасын ертең өзі де заңға бағынышты азаматтың бірі болатындығын ойландырады. Тағдыры халықтың пиғылына тәуелді болған соң лауазым иелері де, партиялар да жасампаздық жарысына түседі. Өйткені, әлеуметтеніп үйренген халық ең шешуші сәт - сайлау кезінде бұрмалауға жол бергізбейді. Сайлауға бізде Кеңес дәіурінен бастап нәтижесі алдын ала белгілі науқан секілді көзқарас қалыптасқан. Түріктер сайлауды «сечим» дейді. Біз де сайлауды келешекте «халық шешімі» деп ұғынсақ дұрыс болар еді. Батыстың үлгісімен жасалса жоғарыда айтылғандай халыққа қызмет жасайтын жүйе қалыптасар еді. Біздің билік батыстан тек өзіне керегін ғана алып отыр. Ал, телеарналар мен зиялы қауымның кейбір өкілдерін өзара сенімсіздікті одан әрі үдетіп ,қоғамдық сананы бөлшектеуге билік пайдаланып жүр. Оған қоса билік тікелей мемлекеттік тапсырыс арқылы немесе жанама алапауыттар арқылы барлық телеарналар мен басылымдарда орын беріп қойған он- он бес «саясаттанушы, қоғамтанушы, ғалым», т.б. пайдалануда. Оларға тіпті НұрОтанды сынауға да рұқсат беріліп қойған. Себебі оларға биліктің негізгі қойған мақсаты - халықтың миына мемлекеттік аппарат пен биліктен басқаның қолынан ештеңе келмейді деген ойды сіңіру. Басылымдарды талдап оқысаңыз ,оларды өзіңіз-ақ табасыз. Бірақ, тәуелсіздікке құндылықтары шайылып , мәдени ,рухани дүбаралық ахуалында жеткен қазақ қоғамы ішінде қазір бұрқұлдаған қазан секілді қайнап, пісу жүріп жатыр. Жастардың ішінде имандылық жолын таңдап ,рухани темірқазығын іздеушілер көбейді. Сондықтан келер ұрпақтан күтетін үмітім көп. Ал біз қарап отырмай өз білгенімізді халыққа адал жеткізіп отыруымыз қажет. Ол үшін ышқынып та, айқайлап та сөйлеу, не көшеге шығу баршаға міндет емес, ақиқатты айқайламай да айтуға болады. Ақиқатты айту ерлік болып саналмайтын заманға тезірек жетуіміз қажет. - Ассалаумағалейкум, Әлеке! Өткенде “Тәуелсіздік тағылымы” деген республикалық айтыста көрермендердің арасынан көріп қалдық. Айтыста біраз шындықтың бетін ашқан Балғынбек, Сырымбек, Серікзат, Ринат, Рүстем, Әлібек сияқты бірқатар ақындар жүлдегерлер арасынан көрінбеді. Осыған сіздің көзқарасыңызды білсем деп едім. Сәлеммен, Тұран ұлы - Шынайы ақындық алтыннан жасалса да қап түбінде жатпайды. Екіншіден, мемлекет тарапынан алынатын сый-сияпаттың да, лауазым мен алқа, жүлденің де шынайы құны бәрімізге белгілі емес пе? Дегенмен, кеңес дәуірінің ділдегі мұрасы ретінде шен-шекпен, лауазым, атақты әсіре қадірлеу біздің қоғамда әлі де бар. Сондықтан болар, онсыз да есімі белгілі азаматтар мақала, хаттарының соңына «мемлекеттік сыйлық иегері» секілді атақтарын қосып жазады. Ал мемлекеттік сыйлықтың тағдырын шенеуніктер шешетіні белгілі емес пе? Сондықтан жаңағы сіз айтқан інілеріміз де, айтысқа қатыстырылмаған Айбек те мойымасын. Айтыстың да өнердің де шын бағасын халық береді. Шенеуніктер шешкен шешім арқылы мансап та, байлық та алуға болады, бірақ ақын әкімге баға бере алады, әкімдер ақындықты өлшей алмайды. Ұлы Шәмші де өмірінің соңына дейін композиторлар одағына мүше болған емес. Соңғы күндерінде ғана орденмен марапатталды. Сондықтан билік араласып ұйымдастырған өнер жарысы болсын, саяси бәсеке болсын, басқа да саланың додаларында алынатын орын әзір шынайы көрсеткішке сай емес екені олардың көңіліне жұбату болар. - Әлихан аға, сәлеметсіз бе? Сіз дәстүрді сақтайсызба? Темекіні көп тартасызба? Ішімдікке қалайсыз? Сіздің достарыңыз кім? Жақын адамдарыңыздың ішінде сатып кеткендері бар ма? Алматы қаласы, ініңіз Талғат - «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген Абай сөзін бәріміз басшылыққа алуымыз қажет. Қазақи рух пен болмысты сақтай отырып, дамуға тұсау болмайтын дәстүрлерді сақтауға тырысамын. Темекі шекпеймін. Ішімдіктен ептеп татқанымыз рас.Сөз орайы келген екен, Кеңес дәуірінде әдебиет, өнер,ішімдік көптеген ойшыл адамдар үшін өмірдің ащы шындығынан қашу жолы да болғаны анық. Қазір оның бәрін тыйдық. Құдайға шүкір сонау мектептен бері келе жатқан достарым бар. Студент кезімде басталған достықты да үзбей келеміз. Мәскеуде аспирантурада да біраз дос таптым. Мен қай лауазымда жүрсем де оларлың көпшілігімен байланысты үзген емеспін. Оларға бір риза болатыным ,сол жылдары менің лауазымымды пайдаланып, өз мәселелерін шешуге ұмтылған жоқ. Бір жағынан бұл достықтың шынайылылығын сақтап қалуға да өз әсерін тигізді. Достарымның арасында өнер адамдары да бар, жұмысшы,дәрігер,мұғалім ғалым да бар, кәсіпкерлер мен лауазым иелері де бар. Ал, биліктен кеткеннен соң сырт айналып кеткендері көбінесе сол билікте жүргенде танысқан «достар» еді. Олар сол кездері тіпті үйден де шықпай қоятын. Олардың да және кейін саяси бәсекелестікте ұта алмаған соң қаржылары мен ақпараттық құралдарын пайдаланып, идея мен партияға опасыздық жасап кеткен кейбір жігіттердің де кейбір істерін өз қолынан талай шай құйып берген анамның көрмегені шүкір деп кейде ойлап қоямын. Жоғарыдағы айтқандай, мен оларды кешірдім,бірақ олардың мен үшін бағасы белгілі болды. - «Әкеге қарап ұл өсер, анасына қарап қыз өсер» деген мақал бекер айтылмаған. Кез-келген отбасында әке мен ананың ролі өте ерекше. Осы тұрғыда Сізден сұрайын дегенім, Әлихан аға, сіз сынды еліміздің тұлғасын қалыптастырған өз ата-анаңыз жайлы бірер сөз айтып кетсеңіз? - Әкем Мұхамедия діни жоғары сауатты болды. Араб, парсы, шағатай тілдерін білетін. 1931 жылы 58 баппен жауапқа тартылған. 1950 жылы екінші рет қудалауға ұшыраса да дін ислам , имандылық жолындағы күресін өмір бойы тоқтатпай , ақыры кеңес кезінде ақ Жезқазғанда мешіт ашқызуға қол жеткізген қайраткер кісі еді. Төрт жыл билікпен күресе жүріп 1982 жылы мешіт ашқыздыртып соның алғашқы имамы болды. Тазалықтың, әдеттіліктің, имандылықтың және білімпаздықтың үлгісі болды . Сол кісі тәуелсіздікті көрсе қалай болар еді деп іштей кейде қиялдап қоям. Анам Хадиша қазақи салт-дәстүрді, қанатты сөздерді өте жақсы білетін. Ал жазба әдебиеттен Мұхтар Әуезовті қайта-қайта оқи беретін. Өте ұстамды да парасатты, ішкі қайрат, жігері мол кісі еді. Имандары жолдас болсын. - Әлихан аға! Ғылыми жұмыспен айналысасызба? Еңбектеріңіз көп па? Алматы қаласы КазГУ - дың 3 курс студенті - Мен 81-92 жылдар арасында ғылыммен айналыстым. 1988 жылы Мәскеу автомобиль- жол институтында техника ғылымы кандидаттығын қорғадым. Техникадағы сенімділік, автомобиль техника-экономикалық мәселелермен айналыстым. 92 жылы мемлекеттік қызметке ауыстым. Кез келген істі беріліп атқару менің әдетім. Сондықтан шынайы ғылымды мемлекеттік қызметпен ұштастыру мүмкін болмағандықтан кейбіреулер секілді басқалар жазған еңбекке автор болғым келмеді. 1999 жылы мемлекеттік қызмет реформасын басқарғанда сол салада бұрын Қазақстан мен КСРОда ғылыми зерттеу болмағандықтан, ғылыми ізденіспен де айналысуға тура келді. Оның нәтижелерін монографияда келтірдім. Сол жылдары докторлығыңды қорға деген кейбір академиктеріміздің ұсынысын қабылдамадым. Себебі, лауазымды пайдаланып доктор, кандидат болуды мен ғалымдарды да, ғылымды да қорлау деп түсінемін. - Әлеке, сен туралы айтқанда марқұм Алтеке туралы айтпау мүмкiн емес. Кiм-кiмдi сатқанын озiң жақсы бiлесiң. Алтынбектiң сен туралы жазған «Ақталғың келсе, ақ сойле - адаспайсың Әлихан, осыны еске тұтқайсың» деп аталатын көлемдi мақаласын оқыдың ғой. Оған күмән жоқ. 2005 жылы «Алтын орда» газетiнде жарияланған. Алтынбек саясаткер едi ғой, дәйектерi қолмен қойғандай. Ол сенiң «Алтынбек «басыма қауiп төнiп тұр» деп менен көмек сұрады» деген сөзiне былай деп жауап берген: «Әлеке, осы өтiрiктi айтып отырғанда сенiң өзiң қанша рет өзгерiп, қанша рет құбылғаныңды мен бiлемiн, жағдайыңды түсiнемiн... Мен «жеке басыма қауiп төнiп тұр» деп сенен қорған сұраған емеспiн. Себебi, мен ол кезде, ұмытпасаң, Қауiпсiздiк кеңесiнiң хатшысы, Президенттiң қауiпсiздiк жөнiндегi көмекшiсi болатынмын. Ал сен зейнеткерлерге көмек көрсететiн әлеуметтiк сала министрi болатынсың. Сонда қауiпсiздiк кеңесiнiң хатшысы зейнеткерлердiң қорғаушысынан көмек сұраса, онда бiздiң елiмiзде не болғаны?». Бұдан басқа да айтатын мәселе жеткiлiктi. Ендi нақты сұраққа көшейiн. Шамаң жетсе, жауап берерсiң... 1. «Ақ жол» не себеппен бөлiндi? Партияда Жуланова екеуiң ғана қалған соң «ұшарларыңды сай, қонарларыңды жел бiлетiн» сияқты көрiнедi. Әлихан, сен өзiңдi «саяси өлiкпiн» деп санайсың ба? 2. ДВК туралы әркiм әртүрлi айтады. Әблязов «ДВК-ны құрған мен едiм» дегенге келтiрiптi. Әлеке, сен бiлесiң ғой, шыныңды айтшы, ДВК-ның негiзiн қалаушысы Алтынбек емес пе едi. Есiңде ме, баспахананың алқам-салқам, жөндеу жұмыстары жүрiп жатқан залында Алтынбек бастарыңды қосып, ДВК-ның мәселесiн талқылағандарың? Осыны мойындайсың ба? 3. «Ақ жолға» президенттiң «батасымен» келгенiңдi көпшiлiк бiледi. Осының ара-жiгiн ашып беруге дәрменiң жете ме? 4. Әлеке, «Әлихан - қожа» дегенге неге сонша шамданасың? Әлде қожа болғаныңа арланасың ба? 5. Әлихан, сенi билiк табалдырығымен жетелеген кiм? Құдайшылығын айтшы. 6 Алтынбек досыңды кiм өлтiрттi деп есептейсiң? Оның өлiмiне өзiңдi кiнәлi санайсың ба? 7. Президент сайлауына түспек ойың бар ма? Алдын-ала рахмет. - Бәріміз Алла алдында жауап береміз. Адами тұрғыда осы ауыр тақырыпқа бар сұраққа жауап беремін деген уәдемде тұру үшін ғана баруға мәжбүрмін. Кейбір жағдайдың шынайы себептері мен ақиқатын таяу арада ешкім білмеуі мүмкін. Бір Аллаға сеніп, сыйынған, бірақ әруақты сыйлайтын қазақтың баласымын. Жоғарыда екі-үш рет сол кезеңдегі жағдайлар туралы айттым. Әбілязовтың ҚДТ құрғандағы оқиғалар туралы естелік сұхбатын оқысаңыз, өзіңіз де аңғарарсыз. Ал 2001 жылдың күзінде досымның басына қауіп төнгені жөнінде кейінгі соттарда оның туғандары да айтқан жоқ па? Ал, 18 желтоқсан күні бір жарым сағаттай сол кездегі қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіштерінің маңына жүріп, кейін марқұм Алтекенің үйінде үш адам отырғанымыз ақиқат. Сол үшінші адам қазір Астанада тұрады. Ал куәлер жақтағы екеу ара болған әңгімелерге сілтеме жасасам, дұрыс болмас еді. Біздің жүйеде кімнің кімнен қорған сұрайтыны тек лауазымына байланысты емес екенін сөз саптасыңызға қарағанда өзіңіз де білетін боларсыз. Енді нақты жауапқа көшейік. 1. 2004 жылы Ақжол дербес, мықты саяси ұйымға айналғанына биліктің де, басқаның да көзі жетті. Және де идея маңында топтасқан қарапайым мүшелердің мүддесін қорғайтын адамдардың партия басшылығында бар екені де белгілі болды. Оның үстіне Әкежан Қажыгелдин барлық демократтар партияларын тастап Ақжолға кірсін деген үндеу тастады. Осыны жүзеге асырмау үшін тез арада Ақжолдың сыртынан президиум, орталық кеңесте талқыламастан басқа бір ойындарға қосқысы келгендер пайда болды. Оған Ақжолды қаржыландырған алпауыттардың да билікпен ойнағысы келгені өз әсерін тигізді. Сөйтіп, соларға жақындар партиядан кетті. Оның бір дәлелі- олар кеткен соң партияның қаржысыз қалғаны. Басқасын жоғарыда айттым. Сіз мені саяси өлік деп еептесеңіз несіне маған хат жазып отырсыз? 2. ДВК-ны құрудың ең басты ынталандырушы Мұхтар мен Ғалымжан деп ойлаймын. Мен шешімді 18 күні күндіз олардан бөлек қабылдадым. Досым басына қатер төнді дегенде мен 89 жылы Ұлытау ұйымын ұйымдастырғанымды да, кейін басқа қоғамдық ұйымдарға да жақын болып, бұқарамен көбірек жұмыс жасағанымды да ескеріп, қорғау үшін қоғамдық ұйым құру қажет дедім. Президентке баруға оқталып едім , кешегі «күйеу баланың» теледидардағы сөзінен кейін сені ешкім жібермейді деді. Сол досымның үйінде отырғанда Оразды іздеп, бірнеше азамат телефон ашты. Мен неге іздеп жатыр деп сұрағанымда ғана сол күні Алматыда баспасөз мәслихаты өтетінін білдім. Және олардың бір, екі өкілі келе жатқанын айтты. Мен іштей шешім қабылдап қойғандықтан, оған дейін неге айтпадың деп сұрақ қою ойма келмепті. Тағы да айтайын сол әңгімеде үйінде отырған үшінші адам Астанада тұрады. Негізін қалаушылар басынан бастап ұйымға мүше болмайды ма? 3.Бірінші, екінші сұрақта жауабын алдыңыз. Жоғары жақта да осы сұрақтың сыры ашылған. Бәрін оқыңыз. 4.Шамданбаймын. Бірақ қазақтың ішкі бірлігіне жұмыс жасау тәуелсіз Қазақстан азаматтарының бәрінің парызы деп есептеймін. Менің ата-бабаларым мен арланатын іс жасаған емес. Ұстанғандары имандылық, ұстаздық жолы болған. Бірақ мен дос таңдағанда да, қызмет бабында да ешкімнің тегін негізге алмаймын. Мені білетін адам секілдісіз ғой. Оны өзіңіз де білетін боларсыз. 5. Мен 89 жылы Ұлытау қозғалысын және Невада -Cемейдің облыстық ұйымын басқардым. Алғашқы әділ сайлау өткенде облыстық кеңеске депутат болы сайландым. Митингілік демократияның мектебін сол кезден өтіп қойғанмын. Тәуелсіздік болмаса мен мемлекеттік қызметте болмас едім. Себебі ол жүйеге сын айтуды студенттік кезден бастағанмын. 92 жылы декан орынбасары болып жүргенімнен облыс әкімнің орынбасарлығына тағайындалдым. Ол кезде облысты Шәріпбек Шардарбеков, Григорий Юрченко басқаратын. Сол қызметте жүріп, Алматыдағы жас мемлекеттік қызметкерлермен таныстым. Мен республикадағы ең жас облыс әкімінің орынбасары едім. Сондықтан да болар Иманғали мен Қырымбекпен де, Марат пен Алтынбекпен де жиі араласатынбыз. Тіпті, неге бір болмайсыңдар, азсыңдар ғой деп назымды да айтып қоятын. Мырзатай Жолдасбеков ағамыз бәрімізге де ақылын айтып тұратын. 94 жылы Жоғары Кеңеске Жезқазғаннан депутат болып сайландым . Жоғары Кеңес тарағанда көптеген азаматтар министрліктерге түрлі деңгейде тағайындалды. Бұл кезде жаңағы айтылған төрт азаматтың бәрімен де ақылдасып тұрдық. Одан кейінгі лауазымдардың бәрінде президент өзі шақырып , ұсыныс жасайтын. 96 жылы Ахметжан Есимов әкімшілікке өзіне орынбасарлыққа шақырғаннан кейін ешкім мен сені бәлен жерге қойсын деп президентке айттым деген емес 6.Бізден гөрі жариялылық пен ашықтықта көп ілгері еткен АҚШ-тың өзінде 1963 жылдың қарашасында президенті Кэннэдиді өлтірткізген кім деген сауалға әлі жауап алынбай келеді. Алтекеңді өлтірген де кім, өлтірткен де кім деген сұрақтың жауабы тезірек айқындалуға бәріміз мүдделіміз. Біз өкпеге қисақ та, өлімге қимайтын қарым-қатынаста болдық. Мен өз басым саяси бәсекелестікті жауластық деп есептемеймін. Ешкімді жау деп санаған да емеспін. Жақынынан айырылған сәтте кез келген адамның ойында түрлі, түрлі ой болатыны сөзсіз, оны мен түсінемін. Мен өзім саяси бәсекелестікте ойымды ашық жеткізгенімді қалаймын. Саясатта ғана емес, жалпы өмірде біреумен ерегесуді, өкпемен өмір сүруді қате деп санаймын. Ешкімнің сыртынан жасырын жұмыс жүргізіп көрген емеспін. Билікте жүргеннен гөрі қазіргі жағдайымның бір артықшылығы, кіммен қатысқым келсе, сонымен қатысамын, кіммен жұмыс жасағым келсе, сонымен жұмыс жасаймын. Бірақ сіз секілді өзімнің кім екенімді жасырып, домалақ сұрақ та бермеймін. Кінәлілерді басқа жерден іздегеніңіз жөн болар. Сіздейлерге салса мектепте шексіп қалғандар да, студент кезінде сөзге келіп қалған да, мемлекеттік қызметте пікірлес болмағандар да, саясатта пікір таластырғандар да кінәлі деп шығарсыз. 7. Оны партия шешеді. Уақыт көрсетер. Өзіңіз тегіңіз бен атыңыздан арланасыз ба? Неге жасырасыз? Менің телефоным: 87017112378 - Ассалаумағалейкум, Әлеке. Біз студент, сіз оқытушы кезіңізде футбол, волейбол, баскетбол секілді спорт түрлерін жақсы ойнаушы едіңіз. Әлі де айналысасыз ба? Қазақ спортын дамытуға өз үлесіңізді қосқыңыз келмей ме? Шымкенттен бұрынғы студентіңіз АТ-84 гр - Уәғәлейкүм-үссалам! Кейінгі жылдары футбол, волейболдан гөрі жүзумен көбірек айналысқан қажет болды. Шахматты ұнатамын. Қазір республикалық және халықаралық тоғызқұмалақ федерациясының төрағасымын. Биыл тұңғыш әлем чемпионатын өткізуге қол жеткіздік.Тоғызқұмалақ дамуына көмекті қазақтық және азаматтық парызым деп есептеймін.abai.kz