Cелден кейін домбырасын құшақтап қалған қазақ баласы жұрттың жүрегін тебірентті (фото)
2016 ж. 15 шілде
2850
2
Моңғолияда сел тасқынынан кейін домбырасын құшақтап қалған бала әлеуметтік желі қолданушыларының жүрегін тебірентті деп хабарлайды NUR.KZ.
Еске сала кетсек, жақында Моңғолия жерінде табиғи апат болып, 700-ден астам адам селдің салдарына далада қалған болатын. Осыдан кейін әлеуметтік желілерде қазақ баласының үйдің қирандысының ортасында сынған домбыраны ұстап отырған суреті кеңінен тарап кетті.
Бейкүнә баланың суреті желі қолданушыларының жүрегін тебіренткені соншалық белгілі журналист Берік Уәли домбырасы сынған бүлдіршінге домбыра беріп жіберетін болды.
Бұл туралы журналист Берік Уәлидің өз парақшасында жазғанын Қазақпараткелтірді: "Мына баланы танымаймын. Бірақ, менің бауырым ол. Өйткені, ол - Қазақ! Бүлдіршіннің домбырасы бүлініпті. Ішегі үзіліп, тиегі сыныпты. Бірақ, оның үміті үзілген жоқ. Арманына жетсін, он саусағынан өнер тамған күйші болсын деп домбыра атадым оған. Жігіттер жеткізіп берер. Бауырым, арманыңа жеткейсің!", - деп жазды журналист.
Еске сала кетсек, Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов Моңғолияға арнайы барып, қандастарымызға көмектесетінін қазақ тілінде жеткізген еді. Көпшілік алдында қазақша сөйлемейтін Мәсімовтің бұл әрекеті желі қолданушыларын таң қалдырған.