Үй салуға 10 сотық жер таппай жүрген адамға "жеріңді қорға" деп қалай айтуға болады?!.
2016 ж. 14 шілде
6251
36
Қазіргі елді алаңдатып отырған өзекті мәселе - жер мәселесі болып тұр. Ата-бабаның қанын төгіп қорғап, терін төгіп баптаған қасиетті мекені бүгінде халықтың жалғыз ғана байлығы. Елдің сенгені де, үміті де сол жер ғана. "Жер сатылмайды, шет елге жалға да берілмейді" дегенді естіп жұрттың бәрі қуанып жүр. Солай болу керек, бұл үлкен қуаныш.
Жер мемлекеттің мүлкі болып қалғаны дұрыс. Жер болмаса, мемлекет деген бос сөзге айналады, жер болмаса "отан" деген ұғым да өз құнын жояды. Жер мемлекеттікі болса, мемлекет азаматтарға істетуге, баспана салуға жер бере алады. Сонда азаматтардың мүддесі мемлекеттің мүддесімен байланысып, арман-тілегі тоғысады. Баяғы заманда "Қазақ жері" деген жалғыз ғана ұғым болды. Жер хандықтың ортақ мүлкі болды да, жердің игілігін елдің бәрі тең көрді. Жайылым, шаппалық, өзен, бұлақ, суат, тұма, бастаулар барлық елге ортақ еді. Қолында түгі жоқ кедейдің өзі ертең ұрпағым байып, жақсы жерге ие болады деп сенді ғой. оларды батыр еткен сол сенім болатын. Қазақтың әр азаматы, "Қазақ жерін" өз жерім деп сезінді, жанын салып, басын бәйгеге тігіп қорғады.
Бүгін де, болашақта да солай болуы керек. Егер мемлекет жерден айрылып қалса, мұқтаж жандарға жер бере алмаса, халықтың жерден игіліктенуіне кепілдік болмайды. Мемлекеттен баспана соғып алатын 10 сотық жер ала алмаса, елдің жерге деген махаббаты жойылып, мемлекетке деген сенімі шайқалады. Сенім мен Махаббат жоқ жерде отаншылдық жоқ. Баспана соғып алуға жер таба алмай жүрген кісіге жеріңді қорға деп қалай айтуға болады. Тіпті, жерден игілік көрмеген ұрпаққа жеріңді қорға деуге ауыз бара ма? Ауыз барып айта қалғанда ол сөздің, "отаншыл" бол деген құрғақ ұранның құны бола ма? Үй салып алатын, ұлтарақтай жері жоқ кісі "қайсы жерін" қорғайды? Ондай күнді құдай басқа салмасын, жеріміз сатылмасын, еліміз тозбасын!
Ұрпағымыз отаншыл болсын!
Иманғазы Нұрахметұлы,