Астанада миллиондаған қаржыға салынған аялдама алынып тасталмақ
2016 ж. 14 шілде
2786
14
Астанда миллиондаған қаржыға салынған аялдама тым ыстық болғасын, жаңадан салқындатқышы бар аялдама салынатын болды деп хабарлайды КТК арнасы.
Астанада бюджеттің миллиондары жұмсалған мақтаулы аялдамалар жұртты аптап ыстықтан қорғай алмады. Өйткені, жарнамасы жер жарған қымбат павильондарда кондиционер атымен жоқ. Сондықтан қайнаған аялдаманы жолаушылар «монша» деп атап кеткен.
Далада +32 градус, ал бұл аялдаманың ішінде сынап бағанасы +35 градусты көрсетіп тұр. Мүлдем ауа жоқ. Қапырық. Сондықтан ыстыққа шыдамай басы айналған адамдар автобусын сыртта күтуге мәжбүр.
"Естігенбіз қымбат екенін аялдаманың. Есік ашық тұр ғой. Есік жабылып қалса отыру мүмкін емес. «Монша –парилка» болып кетеді", - дейді Астана қаласының тұрғыны Ысқақ Мәкешов.
Осы «моншада» Ысқақ Мәкешов те ұзақ отыра алмады. Бір қызығы, Астананың бұрынғы әкімі Әділбек Жақсыбеков мақтаулы нысанда жазда кондиционер болады деп сендірген.
Әйтсе де, жоспар аяқ-асты өзгеріп салқындатқыш енді жаңадан тұрғызылатын аялдамаларға орнатылмақшы екен. Бұл шаруа үшін бюджеттен тағы қаржы бөлініп қойған.
Ал былтыр салынған павильондардың жылытатын пеші, интернеті, камерасы болғанымен, кондиционерге ақша жетпей қалғанға ұқсайды. Елорда әкімдігі салқындатқыш жобада мүлдем қарастырылмаған, тек желдеткіш қойылған деп ақталып отыр. Бірақ онысы да істеп тұрған жоқ.
Жалпы, жолаушыларды Астананың ақ түтек боранынан қорғайды делінген бұл аялдаманың басынан дау арылмай-ақ қойды. Алғашқы аязға шыдамай есігі сынып, электронды тақтайшасы істен шыққан.
Ал мұндай аялдаманың бағасы арзан емес. Шенеуніктер оның әрқайсысына бюджеттің 10 миллион теңгесін жұмсаған. Осы кезде, Ресейдің Краснояр қаласында дәл осындай аялдаманың құны 3 есе арзанға салыныпты.
Шыжыған ыстықтан есі шыққан елордалықтар қазір бала-шағасымен субұрқақ суына шомылып жүр. Осылайша, шақырайған күннің қызуынан әркім өз бетінше қорғанып әлек. Тек қан қысымы бар тұрғындар үйінде қамалып отыруға мәжбүр.