Елена Мәжитқызы. СҰРАҚ..?
2016 ж. 12 шілде
4868
1
Жамандықтың жанашыры көп неге?
Жақсылықтың жанашыры жоқ неге?
Айтқанымыз – тастан қайтқан жаңғырық,
Мінгеніміз – жоқ кеме…
Аспандағы Күнге неге түн егес?
Арасында ара ағайын жүр елес.
Бергеніміз – басымызда барымыз,
Алғанымыз – дым емес!
Ананың да қалдырмадық көңілін,
Мынаның да қалдырмадық көңілін,
Піскеніміз саба толы қымыз ед,
Ішкеніміз неге ірің?
Ордамда ойнап имансыз бен тұл намыс,
Оздырып тұр өз жүйрігін бұл жарыс….
Асқанымыз бағлан қойдың басы еді,
Жегеніміз – кіл нәжіс!
Қара ордамда құлазыған жұрт күрең,
Дала орманда әруақ үркіп түрткіден…
Шалдырғаным – қырық мың жылдық жол еді,
Қалдырғаным – қырт кілең!
Қызыл шұбар дауға айналды тіл арты,
Ұлылыққа ұласты да ұры арты.
Сақтағаным – Салтым еді!
Неліктен –
мақтағаным – бұралқы?
…Ұя басып ұлдар кетті Ұрұмға,
Қия қашып қыздар кетті Қырымға…
...бар даусыммен неге айтпаймын «Бармын» деп…
Жоқ шығармын, шынында….?
Елена Мәжитқызы
qazaquni.kz