Дос Көшім: Сатушысынан премьер-министріне дейін жемқорлық жайлаған елде реформа жүргізуге болмайды
2016 ж. 11 шілде
2861
6
Жер реформасы жөнінде құрылған комиссияның мүшесі, белгілі саясаттанушы Дос Көшімнің ойынша, сатушысынан премьер-министріне дейін жемқорлық жайлаған елде реформа жүргізуге болмайды.
Аталған комиссияның кезекті отырысында сөз сөйлеген ол дәл қазіргі таңда жерге қатысты реформаны мүлдем жүргізуге болмайтынын айтты деп хабарлайды Skifnews.kz порталы. Дос Көшім комиссия жанынан құрылған жұмыс тобының жетекшісі екенін айта кетейік. Оның пікірінше, қазіргі билік жүйесімен, қазіргі үкіметпен қабылданған реформаның нәтиже беруі екіталай. "Реформа жүргізу үшін екі мәселенің басын ашып алғанымыз дұрыс. Алдымен, реформаны халық қабылдауы керек. Халықтың соны түсінетін деңгейі болу керек. Екіншіден, сол реформаны жасайтын топ болу керек, ол - үкімет. Менің пікірімше, қазіргі қазақтың менталитеті жерді сатуға болмайды дегенге келеді, шетелдіктерге жалға бермеу дегенге келеді. Мүмкін елу жылдан кейін өзгеретін шығар бұл менталитет. Екінші мәселе, менің өзімнің жеке пікірім, қазіргі билікке ешқандай реформа жасауға рұқсат бермес едім. Темір жол билетін сататын кассасынан бастап премьер-министріне дейін жемқорлық жайлаған елде реформа жасау өте қиын болады. Не болмаса ол реформа өзінің нәтижесін бермейді", - дейді ол. Дос Көшімнің айтуынша, жер мәселесіне қатысты митингке шыққан азаматтарды қамамай, олардың сөзін тыңдап көру керек. "Кеше алаңға шыққан жігіттердің сөзін тыңдауымыз керек еді осында. Неге шықты олар? Қандай мәселе көтерді? Не жандарына тиді? Біз емес, бірінші солар сөйлеуі керек және біз оларға рахмет айтуымыз керек, мынадай комиссияның құрылғанына. Президент осындай комиссияны құруға және мораторий жариялауға мәжбүр болды. Осыны жасаған сол жігіттер. Қазақтың барлық мәселесі үйде отырғанда шешілмейді, көшеге шыққанда шешіледі. Егер біз үйімізде отыра бергенде жоңғарлар үстімізден басып өтіп, Маңғыстаудан бір-ақ шығар еді. Егер біз 1986 жылдың желтоқсанында үйде отыра бергенде Кеңес үкіметінің іргесі шайқалмайтын еді. 91 жылы наурызда КСРО-ны сақтап қалу үшін референдум болды, оған қатысқан қазақстандықтардың 84 пайызы қолдап дауыc берді. Бірақ, бәрібір халық дегеніне жетті, одақты құлатты", - дейді саясаттанушы. Еске сала кетсек, Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметовке, 2015 жылғы желтоқсанда бюджет қаржысын ұрлады, пара алды, қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды және заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты деген айып тағылған болатын. Экс-премьер 10 жылға бас бостандығынан айырылып, қазір жазасын өтеп жатыр.