«ДАМУ» ҚОРЫ – КӘСІП ПЕН НӘСІП ЖОЛЫ
2016 ж. 05 шілде
4873
0
ОҢТҮСТІКТЕ КӘСІПКЕРЛІК КЕҢ ҚАНАТ ЖАЙЫП КЕЛЕДІ
Оңтүстікқазақстандық кәсіпкерлер облыстағы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ қолдауымен жаңа өндіріс орындарын ашып, халық тұтынатын тауарлар шығаруға мықтап ден қоя бастады. Сол сияқты қолда бар кәсіпорындарын кеңейтіп, өндірісті өркендете отырып, жергілікті тұрғындарды жаңа жұмыс орындарымен қамтуда. Кәсіпкерлерге бизнеспен, өндіріспен айналысуға даңғыл жол ашып берген «Даму» қорының аймақтық филиалы жақында бизнесті қолдау мен дамытудың «Бизнестің жол картасы – 2020» («БЖК – 2020») бірыңғай бағдарламасы шеңберінде қолдау тауып, нақты нәтижеге қол жеткізген бірқатар кәсіпорындарға баспасөз өкілдері мен кәсіпкерлер үшін саяхат ұйымдастырды. Әрине, қордан қолдау тапқан ұжымдардың бәрін аралап шығу мүмкін емес. Дегенмен, «Жақсыны – көрмекке» демекші, осы шара барысында көптеген кәсіпорындардың бұл қордан нақты көмек алып, өз істерін дөңгелетіп отырғанына куә болдық. Сондай-ақ өз ісін бастаймын деп жүргендер үшін көрнекі сабақ, пайдалы тәжірибе болды десек артық емес. Қай жағынан алып қарасақ та бұл бағдарламаның ұтымды тұстары баршылық. Тек соны белгіленген заң аясында, үлкен сеніммен, табандылықпен іске асыра білу қажет. Ал ондай іскер адамдардың аймақ бойынша саны бүгіннің өзінде аз емес. Бағдарлама жүзеге асырыла бастағаннан бері үстіміздегі жылдың маусым айына дейін, жалпы сомасы 149,4 млрд. теңгені құрайтын 525 жоба бойынша келісім-шартқа қол қойылған екен. Облыста жалпы құны 4,2 млрд. теңгеге (кепіл сомасы 1,8 млрд. теңге) кәсіпкерлердің несиелерін біртіндеп кепілдендіруді ұсыну бойынша 100 келісім-шартқа қол қойылған. Шымкент қаласынан басқа 52 бизнес-жоба қолдау тапқан, олардың кепілдік жалпы сомасы 910,5 млн. теңгеден асады. 2016 жылы 4 ай ішінде Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша «БЖК – 2020» бірыңғай бағдарламасына қатысушылар 1,1 млрд. теңге сомасында салық төлеген. Әрине, кәсіпорындар көптеп ашылып, өндіріс өркендесе қазынаға түсер қаржы да көбейеді. Сондықтан, бұл саланы жан-жақты қолдау аса қажет.ӘЙГІЛІ «ВОСХОД» ЕМЕС, ӘЙТСЕ ДЕ...
Шымкент қаласында кезінде жер шарының 75 мемлекетіне, оның ішінде Европа мен Американың ең дамыған елдеріне ерлер киімін экспортқа шығарып тұрған әйгілі «Восход» тігін фабрикасы болғанын аға ұрпақ әлі ұмыта қойған жоқ. Кәзір жекелеген іскер жандар сол алыптың өзі болмаса да, қазақ елін шет елдерге танытар тағы бір соған ұқсас кәсіпорын құруға талпынып-ақ жатыр. Оның алғашқы адымын бүгіннің өзінде анық байқауға болады. Әрине, бірден «Восход» сияқты аты әлемге танымал алып кәсіпорынды қайта құра қою оңай шаруа емес. Дегенмен, биік мақсаттарға құлаш сермеп, алға ұмтылудың өзі үлкен іс дер едік. Солардың бірі – Шымкенттің іргесіндегі Сайрам ауданында 2013 жылы іске қосылған «Golden Nomad» ЖШС-ның тігін фабрикасы. Серіктестік Түркияның, Жапонияның және Қытайдың бүгінгі заман талабына толықтай жауап бере алатын жоғары технологиялық құрылғыларын әкеліп орнатқан. Онын бұрынғы «Восходтан» бір айырмашылығы – және әзірге бір артықшылығы – мұнда ерлер киіміне қоса кез келген үлгідегі әйелдер киімі де тігіледі. Барлық үлгілеу, жобалау, пішу және тігу процесі 44 тігін машинасы мен арнайы 23 машинада жүзеге асырылады. Ең бастысы нәтиже ойдағыдай, бір ғана ауысымда кәсіпорын шеберлері кем дегенде 300 костюм тігіп шығарады. Ал, тұрақты істеп тұрған жағдайда бұл жаңа фабриканың қуаттылығы жылына 26 мың костюмге дейін жетеді. Өндірісті өркендету барысында бұл көрсеткішті де көтеруге болатынын айтады мамандар. Бүгінде компания костюм, пиджак, пальто, мектеп оқушыларының формасы сияқты киімдердің бірнеше түрін тігеді. Киімнің 44-тен бастап 64-ке дейін барлық өлшемін кең көлемде өндіреді. Кәсіпорын жекелеген адамдардың талғамын да тыс қалдырмаған. Қажет болған жағдайда кез келген адам өз үлгісін ұсынып, түрлі киімді арнайы тапсырыс арқылы да тіктіріп алуына да болады. Фабрика костюмдері бүкіл Қазақстан нарығында сатылады, бағасы қолжетімді – 18 мың теңгеден бастап 35 мың теңгеге дейін, жеке тапсырыс жұмыстары – 40 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін бағаланады. Киім тігуге пайдаланатын мата, түйме тағы да басқа қажет қосымша бұйымдар Түркиядан алынады. Жұмысшыларға жаңадан әкелінген құрылғыларда тігуді үйрету үшін Түркиядан арнайы мамандар шақырылған. Жұмысқа жергілікті жас мамандар көптеп тартылғанын ерекше атауға тұрарлық. Жаңа технология мен өндірістік әдістерді меңгерген кәсіпорын тігіншілері қазір шеберлік шыңында деуге болады. Фабрикада шығарылған киімдер жоғары сапаға ие және импорттық өнімдермен тең дәрежеде бәсекеге түсе алады. Сапалы өнімге сұраныс та жоғары болатыны белгілі. Тапсырыстар мен сұраныс жоғары болу үшін фабрика ұжымы ерлер жейделерін, бешпеттерін, әйелдер және ерлер пальтосының түрлерін, үлгілерін көбейтуді жоспарлап отыр. Бұл жоспар да талғамы жоғары тұтынушылар үшін тиімді болмақ. Компания осы мақсатта 2016 жылы Шымкент қаласындағы «Сбербанк» АҚ филиалымен келісіп, олар фабриканың жобасын қолдаса, 16% мөлшерлемемен несие алмақшы. Бұл мөлшерлеменің жартысын «Даму» қоры өз мойнына алады, қалғанын кәсіпорынның өзі төлейді. Осындай батыл қадамдардың арқасында компания өнім көлемін ұлғайтуға мүмкіндік алып, бүгінгі таңда 250-ден аса тұрақты жұмыс орнын құрып отыр. Алдағы уақытта алар асулар одан да биік болары сөзсіз. Ең бастысы ниет бар, мемлекет тарапынан қолдау да көріп отыр. Еңбек дұрыс ұйымдастырылған жерде жоғары нәтиже де болатынына ұжым көз жеткізді, осы бағытты берік ұстанбақшы.КІР САБЫН ДА КІРІС ӘКЕЛЕДІ
2015 жылы «Даму» қорының кепілдігінің арқасында Сайрам ауданында айына 23 тонна дайын өнім немесе 92 мың дана кір сабын шығаратын цех ашылды. Өмірбай Тәшімбетов Сайрам ауданының тұрғыны, 1953 жылы туған, еңбек өтілі 30 жылдан асады, соның 10 жылдан аса мерзімін жеке компанияларда басқару қызметін атқарған. Ал, 2014 жылдың басында жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп өз бизнесін ашуға бел буады, кір сабын өндірісімен айналысатын болып шешім қабылдайды. – Халықтық тұтыну тауарларына әрқашан сұраныс бар, оның үстіне, біздің облыс халқы ең көп және ең тығыз орналасқан өлке, сонымен бірге Өзбекстанмен шекараласып жатыр. Әртүрлі тауар түрлерінің нарығын және оларға деген сұранысты зерттей келе, мен кір сабын өндірісін қолға алдым, – дейді Өмірбай Тәшімбетов өз іс-тәжірибесімен бөлісіп. Цех үшін ғимаратты жалға алу және шикізат сатып алу мәселесін тездетіп шешу аса қиындыққа соқпаған көрінеді. Тұтынушылар үшін өнім сапалы және бағасы тартымды болуы шарт. Ал, ондай сапалы дайын өнім шығару үшін өндірісті сапалы атқаратын, көрсетілген бағдарламаны мүлтіксіз толық қамтитын ақылды құрылғы қажет. Бұл дегеніміз: майды ерітуден бастап, оны айдап қотару, табиғи өсімдік майларын қосып қайнату, кептіру және соңында өңдеу, кесу және қаптау сияқты күрделі сатылардан тұрады. Мұндай талаптарға жауап беретін жинақы, қуатты және бағасы да қолжетімді құрылғы Өзбекстандағы өндірушілерден табылғанмен, оны сатып алу үшін қаражат жетіспепті. Міне, осы кезде өз жеке ісін бастаушы кәсіпкер ойластырған коммерциялық идеясын алып ОҚО «Даму» қорының аймақтық филиалына жүгінеді. Бұл жерде кәсіпкердің идеясы бірден қолдау тапты. Өйткені кір сабын қарапайым зат болып көрінгенімен оның тұрмыста кеңінен қолданылатыны алдымен есепке алынған-ды. «Даму» қоры кепілдігін және пайыздық мөлшерлемені субсидиялауды ұсынды. Яғни, несие алуға қажет пайыздық мөлшерлеменің 7% қор, ал қалған 7% кәсіпкердің өзі төлейтін болды. Сонымен қатар «Даму» қоры «Бизнестің жол картасы – 2020» бірыңғай бағдарламасының аясында 6,2 млн. теңгеге немесе кәсіпкердің банктен алған несие соммасының 70%-ы кепілдік берді. Бұл кәсіпкер үшін үлкен жеңілдік, қолдау болды, алдағы ісіне нық сенім, серпіліс бердіҚҰБЫР ӨНДІРІСІ ҚОЛДАУ ТАПТЫ
«Бизнестің жол картасы – 2020» бірыңғай бағдарламасына тағы бір қатысушы – бұл Сайрамдық жартылай винилхлоридтік (ЖВХ) құбыр өндіруші «Еврокод» компаниясы. Бұл осы өңірдегі өз саласындағы алғашқы кәсіпорындардың бірегейі. Компанияға 2015 жылы неміс өндірушілерінің озық технологиялы құрылғысын – ЖВХЕ 400 мм экструздік тізбекті, бұранда кескіш, белдек пен пневматикалық куттерді сатып алу үшін 190,0 млн. теңге несие алуға тура келді. Несие бойынша пайыздық мөлшерлеме 14% болса, оның 10% мемлекеттік бағдарлама аясында «Даму» қоры төледі. Серіктес-банк рөлін «Сбербанк» АҚ атқарды . Бүгінгі таңда компания неміс өндірушілерінің заманауи құрылғысының арқасында айына 600 тоннадан аса ЖВХ құбырын өңдеп шығарады. Кәсіпорында 30-дан аса адам жұмыс істейді. Алғашқыда жаңа іске жатсына қарағанымен қазір кәсіпорын ұжымы тәжірибе жинақтап, өндірісті даңғыл жолға қоя білді. – Біз өндіретін өнімнің сапасы жоғары, берік те төзімді. Өнім сапасы көптеген факторларға тәуелді, оның ішінде ең негізгісі қолданылатын шикізаттың сапасы мен оны жасап шығаратын құрылғыға байланысты. Кәсіпорын шикізатты Германиядан, Ресейден және Қытайдан сатып алады.Германдық құрылғымен жабдықталған өндіріс үдерісі ретке келтірілген. Өнім жоғары деңгейдегі стандартқа сәйкес, сенімді өрт қауіпсіздігімен және қоршаған ортаға зиянсыздығымен ерекшеленеді. Құбырлар әртүрлі қышқыл мен тот басу сияқты сыртқы әсерлерге ұшырамайды. Кәсіпорын шығарған өнім өндірістік және тұрмыстық салаларда кеңінен пайдаланылады. Әзірге кәсіпорын еліміздегі оңтүстік аймақтардың нарығына шығуды жоспарлауда. Мемлекеттің және «Даму» қорының тарапынан қолдау арқылы біз 190,0 млн. теңге соммасында несие алдық. Оның жылдық пайыздық мөлшерлемесі 4%-ды құрайды. Бұл деген біз үшін өте тиімді және соның арқасында біз жоғары сапалы ЖВХ құбырларының өндірісін іске қоса алдық, – дейді компания басшылары. Бір сөзбен айтқанда, бизнесті қолдау мен дамытудың «Бизнестің жол картасы – 2020» бірыңғай бағдарламасы мемлекет тарапынан қаржылай және өзге де қолдау құралдарын қосатын бірегей жүйені ұсынып келеді. Соның арқасында оңтүстік өңірде көптеген жаңа кәсіпорындар ашылуда. Бұл бағдарлама бойынша өз ісін ашқалы жүрген немесе бизнесін кеңейтіп жатқан кәсіпкер несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялай алады. Несие бойынша біртіндеп кепілдендіруді не болмаса инженерлік байланыстар жүргізеді. Бағдарлама қаражаты есебінен мамандар оқытылады және ұқсас, салалас кәсіпорындарда тағылымдамадан өту үшін шет елге бара алады. Сонымен қатар басқару саласында, халықаралық нарықтарда мол тәжірибесі бар мамандар қайтарымсыз негізде құрылғының жұмысын реттеп және онымен жұмыс істеуді қызметкерлерге үйретеді. Сол сияқты бизнесті жүргізу, тиімді бизнес-үрдістерді жасау, тауар және қызметтерді өткізу бойынша шетелден аға сарапшыларды шақыруға болады.Бұның бәрі мемлекеттік бағдарлама аясында елімізде кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Шағын және орта бизнесті дамыта отырып жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік жасалады. Осы бағдарлама мүмкіндіктерін ұтымды пайдаланған Оңтүстік өңірде бұл бағытта көптеген жұмыстар атқарылуда.СУРЕТ САЛОНЫНАН БАСТАЛҒАН БИЗНЕС
Шардаралық кәсіпкер Марат Жораев өз бизнесін 17 жыл бұрын шағын ғана сурет салонынан бастаған болатын. Осы уақыт аралығында кәсіпкер фотостудиясын дамытып қана қоймай, сурет пен видео түсіруден бастап үйлену тойлары үшін автокөліктерді жалға беруге дейінгі қызметтердің түр-түрін ұсынды. Ал өткен жылы бизнестің мүлдем жаңа бағытын жүзеге асыруға «Даму» Қорының кепілдендіруіне ие болды. Қазір біртіндеп қанатын жайған кәсіпорын қаладағы 39 мектептің 38-не, 8 балабақшаға, аурухана сияқты мемлекеттік мекемелерге, сонымен қатар ауданда өтетін үйлену тойларына қызмет көрсетеді. – Бизнестің бұл түрі өзгелерге қарағанда аса көп қаржыны қажет етпейді, керекті құрылғыны бір рет сатып алсаңыз болғаны. Ең бастысы іске шығармашылықпен қарап, өнерді одан әрі дамыту қажет. Сонда ғана бұл кәсіп өз шығынын тез ақтап, пайда келтіре бастайды. Бизнесте мен нарықтың қажеттіліктерін зерттей отырып, сұранысқа қарай бет бұрдым. Сурет салоны тұрақты жұмыс істеп тұрған кездің өзінде, келушілерден залдарды, үйлену тойларындағы кортедждерді безендіруге сұраныстың көп екендігіне назар аударып осы бағыттарды біртіндеп меңгере бастадым, – дейді Марат Жораев өзінің 17 жылдық еңбегін еске алып. Марат Жораев бұл қол жеткізген табыстарымен тоқтап қалмады. Өткен жылы бизнестің тағы да бір жаңа бағытын меңгерді. Шардара, Шымкент, Алматы, Астана және Новосибирск бағыттарына қалааралық жүк тасымалдауды қолға алды. Аталмыш қалаларға бизнесмен шардаралық шаруалар өсірген жемістер мен көкөністерді, сонымен қатар балық өнімдерін де тасымалдайтын болады. Бұл қызметті көрсетудің де жауапкершілігі мен өз қиындықтары көп. Жылдам бұзылатын және мұздатылған өнімдерді тасымалдау үшін арнайы тоңазытқышы бар жүк көліктері керек. Оны бірден қолма-қол сатып алуға кәсіпкердің қаражаты жетпеді. Сөйтіп өткен жылдың қазан айында бизнесмен қаржылай қолдау алу үшін «Даму» қорының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша аймақтық филиалына келді. Аз уақыт ішінде «Даму» қоры несие сомасынан 50% мөлшерін кепілдендіруге келісім берді. Осының өзі кәсіпкерге қажетті арнайы жабдықталған жүк көлігін сатып алуға толық жетерлік болатын. «Бұл кәсіптің жаңа түрін игеруге үлкен көмек болды. «Даму» қорының қолдауына ризамын, онсыз жаңа кәсіпті өз күшіммен игере алмас едім» – дейді кәсіпкер Марат Жораев.КЕШЕН ҚҰРЫЛЫСЫНА КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ
Қазір көпшілікке танымал Оралбай Балабаев өз бизнесін сонау аумалы-төкпелі 90-жылдары Арыс қаласында тамақ өнімдерін сатудан бастаған-ды. 1998 жылы бір бос ғимаратты жалға алып, автобөлшектер, тұрмыстық заттар және құрылыс материалдарын сататын жеке дүкен ашқан-ды. Бұл оның бұрын өзіне беймәлімдеу кәсіпкерліктің күре жолына аяқ басқан кезеңі болатын... 2006 жылы тәуекелге бел буып, қала орталығынан жер телімін сатып алып, жалпы аумағы 400 шаршы метрден асатын болашақ «Ақ-Қыран» кешенінің құрылысына кіріседі. Әрине, күрделі құрылыстың оңайға түспегені айтпаса да түсінікті. Құрылыс материалдарының бағасы қымбат, оған қоса бірі болса, екіншісі дер кезінде табылмай қалатыны бар. Ол өз кезегінде бүкіл құрылыс жұмысына кедергі келтіреді. Бірақ, кәсіпкер алған бетінен қайтпай, табандылық таныта білді. Төгілген тер босқа кетпеді, ақыры діттеген мақсатына қол жеткізді. Бүгінгі күні аталған кешенде дәмхана және екі дүкен орналасқан. Алғашқы ашылған күндерден бастап-ақ дәмхана Арыс қаласындағы ең көп халық жиналатын орындардың біріне айналды. Дәмхананың алып жатқан жалпы аумағы – 264 шаршы метрді құрайды. Онда тұрақты жұмыс істейтін негізгі және 120 адамға арналған банкет залы бар. Апта сайын банкет залында үйлену той, мерей той, туылған күн сияқты шаралар өткізіліп тұрады. – Біздің оңтүстік өңірде ұлды үйлендіру, қыз ұзату, құдалық, мерей той сияқты өмірдегі маңызды сәттер мен дәстүрлерді бүкіл туған-туыстармен, достарымен ерекше атап өтеді. Сол себепті, салтанатты шараларды ұйымдастыруға сұраныс әрдайым жоғары, сәйкесінше үлкен салтанатты кештер ұйымдастыратын залдарға сұраныс бар, – дейді кәсіпкер Оралбай. Сол себептен, 2015 жылы мен дәмхананы кеңейтіп, банкет залының аумағын үлкейтетін болып шештім. Сондай идеямен арыстық кәсіпкер Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Даму» қорының аймақтық филиалына келеді. Сол жерден мемлекеттік бағдарламаның Арыс қаласы да кіретін шағын қалаларды қолдау бөлімінің мүмкіндіктері туралы естіп біледі. «Даму» қорының аймақтық филиалы және Серіктес-Банк «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Оңтүстік-Қазақстан облысындағы филиалы бизнесменнің жобасын мақұлдап, қолдау көрсетуге кіріседі. Алайда, керекті несие соммасын алу үшін кепіл жеткіліксіз болды. Бұл мәселе несие соммасының 40%-ы немесе 2,0 млн. теңге мөлшеріндегі «Даму» қорының кепілдігімен шешімін тапты. Бүгінде Оралбай қала қонақтары мен келушілерін қабылдайтын 120 орыннан 200 адамға көбейген «Ақ-Қыран» дәмханасының қайта құрылуын және кеңейту жұмыстарын аяқтады. Жақын күндерде жаңа банкет залында жерлестері түрлі салтанатты шараларын өткізе бастайды. – Мемлекет және «Даму» қоры тарапынан қолдаудың арқасында, мен кепіл құнымның сомасынан асып түсетін несие алдым. Онымен қоса, несие бойынша мөлшерлеме бар-жоғы жылдық 4%-ды құрайды, ал қалғанын маған «Даму» қорының тарапынан мемлекет жауып отыр. Нәтижесінде 6 айдың ішінде мен өзімнің бизнесімді екі есеге дейін кеңейттім, – дейді «Даму» қорына деген ризашылығын білдірген кәсіпкер Оралбай Балабаев. Өмірзақ АҚЖІГІТ, Майя БЕРДАЛИЕВА Оңтүстік Қазақстан облысы
qazaquni.kz