Назарбаев Астананы миллионыншы тұрғынның дүниеге келуімен құттықтады
2016 ж. 04 шілде
1999
1
3-нен 4 маусымға қараған түні Астанадағы №1 перинаталды орталықта қаланың миллионыншы тұрғыны дүниеге келді деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Дүниеге келген қыз баланың ата-анасына Астана әкімі Әсет Исекешевтің атынан пәтер кілті тапсырылды. Сәбидің әкесі - 24 жастағы монтер Олжас Мұхамедияр мен анасы - 22 жастағы балабақша тәрбиешісі Арайлым Мұхамедияр жуырда ғана отбасын құрған. Тұңғыш перзенттерін олар Саида деп атап отыр.
"Жас отбасы ата-анамен бірге тұрып келген. Баланың туылуына қарсы сыйланған пәтер олар үшін үлкен тосынсый болды", - делінген әкімдік таратқан хабарламада.
Сондай-ақ, президент Нұрсұлтан Назарбаев Астананы миллионыншы тұрғынның дүниеге келуімен құттықтады деп хабарлайды Қазақпарат.
«2016 жылдың 4 шілдесі күні таңға жақын, Мұхамедияровтардың отбасында Астананың миллионыншы тұрғыны дүниеге келді. Баланың анасы балабақша тәрбиешісі болса, әкесі электромонтер екен. Енді Астана - миллион халқы бар қала. Құттықтайын!», - деді президент.
Мемлекеттік туды көтерген соң, дәстүрлі түрде, Астана күніне арналған шаралар ресми түрде басталатынын айта кетейік. Биыл Астана қаласы 18 жасқа толды.
«Енді елорда кәмелеттік жасқа толды деген сөз. Бұл дегеніміз қаланың алған белесі көп, болашағы зор деген сөз. Астана үлкен өзгерістердің қаласы. Бүкіл Қазақстанға шабыт беріп отырған да - Астана», - деді елбасы.