ДЖИНСИ МЕН "ДЖОНСИДІ" ШАТАСТЫРМАЙЫҚ
2016 ж. 01 шілде
2720
7
КІМ-КӨРІНГЕНГЕ ЕЛІКТЕУДІ ҚАШАН ҚОЯМЫЗ?
Жер бетін қанша ұлт пен ұлыс өкілдері мекендесе соншалықты салт-дәстүр, әдеп-ғұрып, өздеріне ғана тән ұлттық тәлім-тағылымдар болатыны белгілі. Сол ата-бабаларынан ғасырлар бойы келе жатқан ғұмырлық құндылықтар мен қағидалар қашан да қатаң сақталып келген. Өміршең үрдіс ешқашан өлмейді, өйткені, ол сол қоғам мүшелерінің бәріне ортақ, санасына сыйымды, қолданысына тиімді болып келген... Бұл орайда біздің қазақ халқының да өзінің қайталанбас ұлттық құндылықтары жетерлік. Тіпті сырттай салыстырып, саралап қарасақ қазақтың бай, көркем тілі мен мәдениет-өнері, қазақтың өнегелі салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпы жер бетіндегі көптеген ұлттардан анағұрлым озық, әлдеқайда биік тұрғанын байқаймыз. Ол туралы шетелдік өзге ұлт өкілдерінің танымал мамандары мен зерттеуші ғалымдары таңғала әлденеше айтып та, жазып та мойындағанын білеміз. Біз сол үшін мақтануымыз керек еді. Өкінішке орай, бүгінгі күні өйте алмаймыз... Бір ғана ана тіліміздің қолданысын кеңейте алмай отырғанымыз мынау. Атақты сөз зергері, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтың өзі қазақ тілін тоқсан пайызға жуық қана білемін деген екен. Бай тіліміздің, көркем тіліміздің қадірін өзімізге қарағанда өзгелер жақсы түсінген. Мысалы, ұлты - неміс, жаны - қазақ, белгілі жаушы Герағаң-Герольд Бельгер қазақ тілін еркін меңгеріп қана қоймай, оған өмір бойы кереметтігіне тамсанумен, таңғалумен өткені белгілі. Қазақтың ұлттық салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпын ғажап демеске болмайды. Үлкенге құрмет көрсету, кішіге қамқор болу, адал еңбек ету, біреудің еңбегін қанамау, өтірік айтпау, қылмыс атаулыға жоламау секілді ұлағаттар біздің ұлттық тәлім-тәрбиенің түп-тамырында жатыр. Қазақ мәдениеті мен өнері өз алдына бір төбе. Осыншама бай құндылығы бар халықты бақытты демей көріңіз, тек соны бағалай білуіміз қажет. Осыншама байлық пен құндылықтарымызды жіпке тізсек шексіз кете береді. Ең бастысы, оны күнделікті өмірімізде дұрыс пайдалана білгеніміз ләзім. Бірақ, дәп осы жағы бізде ақсап жатыр. "Ағаш көркі - жапырақ, адам көркі - шүберек" дейді халық даналығы. Басқасын айтпай-ақ, осы бір тұрмыстық түйінді тарқатып көрелікші. Түйін деп отырғанымыз - бүгіндер біздің адамдарымыз не болса соны үстіне жапсыратын болды. Соны өздерінше сән көреді. Екі қабат әйелдердің тыртитып шалбар кигені көрер көзге тіптен оғаш. Қарны қабақтай, аяғы шидей болып, ешкімнен қымсынбайды. Бұрындар ата-бабаларымыз жүктілігін жасырып, "көз тиеді" деп кең көйлек кигізетін. Оны қазіргілер мүлдем ұмытты. Бізде өзгелерге, әсіресе Батысқа еліктеу басым. Жалғыз киім үлгісі ғана емес, барлық салада да осы үрдіс анық байқалады. Батыс ертең бәтеңкесін басына киіп, Шығыс шұлығын қолына кисе, біз де соны қайталайтын түріміз бар. Қазір тізесі жыртық джинси киетін сән шықты. Құдайға шүкір, бізде жыртық-жамау киетіндей, ешкім аштан өліп жатқан жоқ. Сол "жыртық" джинсидің бағасына өзге бүтін, су жаңасын сатып алуға әбден болады. Жоқ, өйтпейді, өйткені бұл - "мода"! Еуропалық кәстөм-шалбарды киіп жүрміз. Мақұл, оны күнделікті қолданысқа ыңғайлы делік. Ал жыртық джинсиді не үшін киіп жүрміз? Шындығында ол көпір астында қонып, көшеде күнелтетін американдық кедей-кепшіктердің амалының жоғынан шығарған "сәні" емес пе? Тұрмысымызда тұрақты кездесетін осыған ұқсас мысалды мыңдап келтіруге болады. Енді осы мақаланы жазуға түрткі болған мына бір жағдайға назар аударалық. Қазір елімізде екі аяққа екі түрлі, екі түсті шұлық (носки) киетін "сән" шығыпты. Жақында ғаламторда шенеуніктермен бірге спорттық шараға шыққан Мәдениет министрінің ышқыры босап кеткенін көрсеткен фото жарқ ете қалды. Ышқырын қайта-қайта көтергенде не тұрғанын түсінбедік? "Ондай-ондай хан қызында да болады" демекші, ышқыры құрғыр кез келген жерде босап кетуі мүмкін ғой. Сол қызық қуғандар дәп қасындағы нағыз "жаңалықты" байқамапты. Біздің премьер-министріміз Кәрім Мәсімовтың екі аяғына киген екі түсті шұлығына назар аудармапты. Ал, Әділбек Жақсыбеков шұлықсыз, кроссовкасын қоңылтаяқ кие салыпты. Бәлкім, суретте көрінбей қалуы мүмкін. Дегенмен, екі түрлі шұлық кигенге қарағанда Әділбектікі дұрыс па деп қалдық. Бұл не болғаны сонда? Шетінен бай шенеуніктеріміздің жөні бүтін шұлық алуға ақшасы жетпегені ме? Үкімет басшымыз цирктегі клоунға ұқсап сайқымазақтық өнерін көрсетпек болғаны ма? Әлде бұл да жұрт көзіне түсіп қалудың амалы, пиардың бір түрі ме? Олай дейін десек Үкімет басшысы онсыз да үнемі, күні-түні жұрт назарында емес пе? Сондықтан да сөйлер сөзі мен киер киіміне бір уақыт жіті назар аударып, бұныма көпшілік қалай қарайды екен деген сұрақ ойына келу керек-ті. Жастар сияқты неге болса соған еліктеп, сән қуатын жастан Мәсімов баяғыда өтіп кетті емес пе? Қалай десек те қарапайым көпшілікке тәлім етер тірлікке ұқсамайды. Бас уәзіріміз осылай істесе, басқалары аяғымен емес, басымен жүрсе де таңғалуға болмас. Мемлекеттік қызметкерлерімізді енді кеңсеге келгенде таққан галстук пен телефондарын ғана емес, қандай шұлық кигендерін, немесе мүлдем кимегенін де тексеру туралы заң қабылдауға тура келетін шығар. Өйткені мемлекеттік қызметкерлеріміз көпке үлгі болуға тиісті. Қатардағы қарапайым халық соларға қарап сап түзейді. Екіншіден, бұл табиғи тепе-теңділік заңын бұзу. Құдай адам баласының екі жартысын тең жаратқан. Екі көз, екі құлақ та бірдей. Ал соңғы сәнге салсақ адамның бір құлағы үлкен, екіншісі кішкентай немесе біреуі ақ, екіншісі көк болуы керек пе?.. Осындайда сонау кеңес заманында жиі айтылатын, халық арасында кеңінен тарап кеткен бір анекдот еске түседі. Сол кездерде Чапаев пен оның шабарманы Петька туралы небір қызық анекдоттар жиі айтылатын. Тарихта, бүкіл мектеп оқулықтары мен кеңестік режиссерлер түсірген киноларда Чапаевты халық қаһарманы қылып көрсеткенмен, бұқараны алдай алмайсыз. Василий Чапаевтың білімсіз, саяси сауатсыз екенін, алаңғасар, әпербақан, ұрда-жық мінезін жақсы білетін халық аңызға айналдыра отырып, қызыл командирдің шын мәніндегі болмысы мен бейнесін жасағанына қайран қаласыз. Қағаз жүзіндегі тарихи бейне мен ел аузындағы Чапаев бейнесі бір-біріне мүлдем кереғар. Мәселе онда да емес, талай қолдан жасаған "қаһармандарды" тарих сахнасына шығарды ғой. Жасандылық жоғалады, тарих атты таразы бәрін де екшеп өз орнына қояды, қазір олардың есімін ешкім еске де алмайды. Бірақ, ел аузындағы аңыз осы күнге дейін айтылып жүр. Реті келіп тұрғанда, бүгінгі әңгімемізге жаналай қатысы болғандықтан солардың бірін айта кетелік. Бірде кезекті шабуылда жеңіске жеткен қызылдар жауларын жер жастандырып, бар мүліктері мен қару-жарақтарын тонап қайтады. Ерекше тапқырлығымен үнемі көзге түсіп жүретін адъютанты Петьканың джинси киіп алып ойқастап жүргенін көрген Чапаев "Мынауың не? дейді бұтындағы елде жоқ шалбарды көрсетіп. -Василий Иванович, бұл - джинси! - дейді Петька ерекше мақтанышпен. - Матасы мықты, жумай, үтіктемей апталап кие беруге болады. Петьканың тапқырлығына іштарлықпен қарайтын Чапаев ойға қалып, орынбасарынан ақыл сұрайды. "Кольсонын (шалбардың ішінен киетін дамбал) теріс киіп алғандай мәз боп жүр ғой!"- дейді орынбасары да Петьканы жақтырмай. Іштегі "қызыл ит" қойсын ба, Чапаев ақыры дамбалын теріс айналдырып киіп алып Петьканы шақыртады. Тапсырма берген болып Петьканың алдында әрі-бері жүріп алады. Жағдайды бірден түсіне қойған Петька: - Мынауыңыз не? - дейді шалбарын көрсетіп. - Джонси!- дейді шалбардың нақты атауын ұмытыңқырап қалған Чапаев. - Джинси деген жақсы ғой, Василий Иванович. Бірақ, артыңызды сүртіп жүрмейсіз бе? -дейді теріс аударып киген дамбалына жабысып қалған нәжісін бетіне басып... Анайылау болса да осы бір анекдоттың айтар ойы бар. Кім-көрінгенге көзсіз еліктеудің жақсылыққа апармайтынын, абайламаса абыройдан айырып, түбі бір жарға жығатынын меңзеп тұрған жоқ па? Сондықтан біз де джинси мен "джонсиды" шатастырған Чапаев сияқты болып жүрмейік. Өз ұлттық құндылықтарымызды сақтап, қадірлей білейік. Біреуге ессіз еліктемес бұрын, алдымен оның ақ-қарасын ажыратып, пайдалы-зиянды жақтарын саралап, алды-артымызға қарап, абай болғанымыз жөн.Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz