Мәулен Әшімбаев: Сәләфизм - идеология
2016 ж. 30 маусым
2839
2
Парламент мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаевтың ойынша, сәләфизмге тыйым салу арқылы одан құтылу мүмкін емес. Онымен идеологиялық насихат жұмыстары арқылы күресу керек.
Сол себепті сәләфизмге тыйым салу тетіктерін әлі де қарастыру қажет, деп хабарлайды Baq.kz.
«Сәләфизм – бұл идеология. Оған жайдан жай тыйым сала алмайсың. Қоғамдық ұйым болса, жауып тастауға болатын еді. Ал идеологияға біз қалайша тыйым саламыз? Әрине, қандай да бір шешімдерді қабылдауға болады. Алайда идеологиямен күресудің ең тиімді жолы ол – оған қарсы басқа идеологияны қою. Біз оған қарсы өз идеологиямызды қарсы қоюымыз қажет. Біздің идеологиямыз – Ханафи мазхабы идеологиясы, толеранттылық идеологиясы, мәдениаралық диалог идеологиясы. Міне, біз осы тұрғыда күрес шараларын жүргізуіміз керек», - деді Мәулен Әшімбаев Baq.kz тілшісіне берген сұхбатында.
Депутаттың айтуынша, елімізде лаңкестік әрекеттердің жиілеп кетуіне тек Ішкі істер минстрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен прокуратура органдары ғана жауапты деп ойлауға болмайды.
«Иә, аталған күш құрылымдар ондай әрекеттерге жол бермеуі керек. Дегенмен, жауапкершіліктің жүгі бүкіл қазақстандық қоғамға түсіп отыр. Соның ішінде азаматтық қоғам институттары, білім беру жүйесі, бұқаралық ақпарат құралдары, үкіметтік емес ұйымдар және тағысын тағы. Бұл дегеніміз, біз бәріміз сол қауіп-қатерлердің алдын алуын ойлауымыз қажет. Өз идеологиямызды күшейтуіміз керек», - деп атап көрсетті халық қалауылысы.
Айта кетейік, күзде депутаттар діни бірлестіктердің қызметін реттеуге арналған заң жобасын қарауды жоспарлап отыр. Теолог Досай Кенжетайдың сөзіне қарағанда, сәләфизмге тыйым салынса, елімізде қантөгістер болуы әбден мүмкін.
Дегенмен, Қазақстанның күш құрылымдары осы бастамаға дайын болса, аталған ағымға ешбір қиындықсыщ тыйым салуға болады.
Дерек көзі: Baq.kz