Дәрігерлер жалған құжат жасап, қосымша ақша таба бастады
2016 ж. 27 маусым
13504
0
Жалған медициналық анықтама алғысы келетіндер мұндай құжатқа қазір үйде отырып-ақ тапсырыс бере алады. Өйткені интернетте оның саудасы қызып тұр деп жазады Түркістан газеті.
Естеріңізде болса, биылғы жылдың ақпан айында студенттерге жалған анықтама сатып келген қостанайлық азаматша ұсталған болатын. Медициналық анықтамалар, ДКК-ның (дәрігерлік консультациялық комиссия) қорытындысы және сырқат парақтарын қысқа мерзімде және төмен бағамен ұсынып жүрген келіншек Қостанай қаласындағы №1 емхананың мөрі мен сондағы дәрігерлердің қолтаңбасын пайдаланып келген.
Сканерден өткізу арқылы қағазға басылатындықтан олардың түпнұсқа екеніне күмән келтіру қиын-ақ. Алайда зер салып қараған адам анықтаманың жалған екеніне көз жеткізе алады.
Әлгі келіншек ұсынған медициналық анықтамалардың бағасы әр түрлі. Мәселен, ДКК анықтамасы 6 мыңнан 9 мың теңгеге дейінгі аралықта. Сабаққа қатыспағаны үшін берілетін анықтаманың құны тәулік санына қарай 500 теңгеден 2000 теңгеге дейін саудаланған. Сабақтан бір күн қалғандар 500 теңгесін, бір апта қалғандар 1500 теңгесін санап беріп отырған.
Құқық бұзушыға тіпті тапсырыс берушінің қандай дертке шалдыққаны, қай емханаға бекітілгеніне де маңызды болмапты. Сондай-ақ, жалған құжат жасаушы студенттер мен оқушыларға екі айға дейін дене шынықтыру сабағынан босату туралы анықтама ұсынғаны белгілі болды.
Жергілікті тілшілер мән-жайды анықтау үшін Қостанай қаласындағы №1 емханаға хабарласқан. Бас дәрігердің орынбасары Гүлсара Көкжанова анықтамалар сатумен айналыспайтындарын айтқан.
«Біз мұндай заңсыз іспен айналыспаймыз. Жалған анықтама сатушылар бланкілерді ұрлаған, біздің дәрігерлердің қолтаңбаларын көшірген. Мұқият қарасаңыз, анықтамалардың дұрыс толтырылмағанын көруге болады. Оның үстіне, бұл құжаттарға басылған мөрді емханамыз өткен жылдың тамызынан бері қолданыстан шығарған. Қазір жаңаларын қолданамыз», – дейді дәрігер. Ақ халаттылардың шағымынан кейін құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғап, алаяқты жауапқа тартты.
Өкінішке қарай, жалған анықтама берушілер өздерінің заңға қайшы әрекет етіп тұрғандарын білсе де, еш қымсынбайды. Тапсырыс берушінің ісі түсіп тұрған соң ізгі әрекет жасағандай бастарын тік ұстайды. Тіпті, адамның жаны мен тәнін емдеп жүрген дәрігерлердің өзі заңсыз құжат беруді қылмыс деп санамайтындай. Өздерінің қолы қойылып, мөрі басылған анықтамаларды оңды-солды тарата береді. Тегін емес, әрине. Анықтаманың түріне қарай бағасын белгілеп қойған.
Шілде айынан бастап оқу орындары талапкерлерден құжат қабылдау бастайды. Мемлекеттік гранттан үміттілер құжаттарын қаттап-бүктеп, еліміздің түкпір-түкпірінен Астана, Алматы секілді жоғарғы оқу орындары көп шоғырланған шаһарларға ағылады. Олардан талап етілетін міндетті құжаттардың бірі – денсаулығында ақау жоқ екенін растайтын медициналық анықтама.
Күннің ыстығында кезекке тұрып, дәрігер жағалағысы келмейтіндер бұл құжатқа қол жеткізудің төте жолын іздейтіні айтпаса де белгілі. Демек, жуырда жалған анықтама беретін медициналық мекемелердің дәурені басталады.
Дерек көзі: Түркістан