Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің мемлекеттік саясатқа деген сенімдері артып келеді - Асқар Мырзахметов
2016 ж. 22 маусым
2378
1
Алматы облысында республиканың аудандық және облыстық әкімдіктерін бейне конференция байланысы режиміне қоса отырып, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтің қоғам өкілдерімен есептік кездесуі өтті.
Кездесуге ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, салалық одақтар мен қауымдастықтар, барлық деңгейдегі қоғамдық кеңес мүшелері, партиялық және кәсіподақ ұйымдары, орталық және жергілікті атқарушы органдар қатысты. Атап айтқанда, есепті 350 қатысушы залда, 1700-ден аса қатысушы бейне конференция байланыс арқылы тыңдады. Соған қоса, Министрліктің ресми сайты (mgov.kz) мен «Bnews.kz» АА тікелей эфир ұйымдастырылды.
Кездесу барысында Асқар Мырзахметов Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің 2015 жылға арналған негізгі даму бағыттары мен мекеменің ағымдағы жылға арналған міндеттерін баяндап, сонымен қатар қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Оның есептік ақпаратына сәйкес былтырғы жыл агроөнеркәсіптік кешен үшін жақсы көрсеткіштермен аяқталған. 2015 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 3,4 пайызға ұлғайып, 3,3 трлн. теңгені құрады. Бұл ретте республикалық өндіріс көлемінде ең үлкен үлестік салмақ Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарына тиесілі.
Министрдің айтуынша, аграрлық сектор бизнеске тартымды болып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің (АШТӨ) агроөнеркәсіптік кешендегі (АӨК) мемлекеттік саясатқа деген сенімдері артып келеді. Атап айтқанда, бағыттың болашағы бар екеніне ауыл шаруашылығына құйылып жатқан инвестициялар, оның ішінде АШТӨ-нің өз қаржысының 80%-ды құрауы дәлел.
Өсімдік шаруашылығын әртараптандыру бойынша жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде, бидайға деген ұсыныс пен сұраныс көлемі теңгерімделіп, ол ауыспалы егісті енгізуге, жемдік астық, майлы, жемшөптік дақылдар мен жалпы бақша дақылдары аумақтарын кеңейтуге мүмкіндік берді. Алайда, егін науқанының қорытындысы бойынша 2016 жылы бірқатар облыстарда меморандумдардың индикативті көрсеткіштеріне қол жеткізілмей қалуы күтілуде. Осыған байланысты А. Мырзахметов әкімдіктерді Меморандумдарда қарастырылған жоспарлық көрсеткіштерді орындау жұмысын жандандыруға шақырды.
Министр жылдың аяғына дейін субсидияға қатысты ескі қағидалардың күші жойылмайтынын айта кетті. Субсидиялардың тиімсіз түрлерінен тиімді түрлеріне көшу бойынша ұсыныстар әзірлеу мақсатында Министрлік Мәжіліс депутаттары, бизнес, ғылым, қоғамдық ұйымдар өкілдерінің, сондай-ақ әкімдіктер мен басқа да мемлекеттік органдардың қатысуымен Жұмыс тобын құрды.
Халықты жеміс-жидек өнімдерімен және ерте пісетін көкөніспен қамтамасыз ету үшін Министрлік қарқынды бақтарды отырғызу бойынша АӨК субъектілерінің шығынын өтеуде. 2014 жылдан бері «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-ның қатысуымен жалпы алаңы 670,2 гектарды құрайтын 10 жоба пайдалануға беріліп, 756,1 гектарды құрайтын 12 жоба мақұлданды. Бұдан басқа, 2014 жылдан бастап АШТӨ-нің жылыжай жабдықтарын сатып алуға жұмсалған шығындары өтеле бастады. Осылайша, соңғы екі жылда жалпы 1,3 млрд. теңгеге 30,8 гектар жылыжай субсидияланды.
Ішкі нарықты негізгі азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету жағдайын талдау 2015 жылдың қорытындысы бойынша 80%-ды құрайды. Бұл ретте, күріш, қой еті, тауық жұмыртқалары, бидай ұны, нан бойынша қамтамасыз ету 100%-ды құрайды.
Сонымен бірге, ішкі тұтынымдағы отандық өнімнің үлесі жекелеген тауарлар бойынша әлі күнге төмен деңгейде қалып отыр. Министрдің айтуынша, өзін-өзі қамтамасыз ету жөніндегі міндеттер өңдеуші кәсіпорындардың қант, құрғақ сүт, сары май мен қатты ірімшік өндіру үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алуға кеткен шығындарын өтеу арқылы шешіліп отыр. Мәселен, 2015 жылы бюджеттік субсидиялар көлемі шамамен 2,6 млрд. теңгені құрады.
Жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы жануарларының саны көбейді. Генофонның біртіндеп жақсаруы мен жануар өнімділігінің артуы байқалуда. Нәтижесінде, 2015 жылы 16 мың тоннадан астам ет пен ет өнімдері, оның ішінде 6,4 мың тонна тоңазытылған сиыр еті экспортталды.
Кооперацияны дамыту шеңберінде сүт өндіру мен өңдеуді жоғарылату үшін 700 сүт қабылдау пунктін құру жоспарлануда. Бұл ауыл тұрғындарын айтарлықтай көлемде жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Аталған нәтижелер «Агробизнес-2020» бағдарламасында көзделген АӨК-ні мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру нәтижесінде қамтамасыз етілді.
«Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында жыл сайын АӨК-ні мемлекеттік қолдау көлемі ұлғаюда. 2015 жылы АӨК-ні субсидиялау көлемі 173,3 млрд. теңгені құрады, бұл 2014 жылға қарағанда 18,1%-ға көп. 2016 жылы АӨК-ні мемлекеттік қолдау көлемі 182,7 млрд. теңге деңгейінде жоспарлануда.
Агроөнеркәсіптік кешенге жұмсалатын шығындардың едәуір бөлігі, атап айтқанда, 2011 жылғы 32 млрд. теңгеден 2016 жылы 155,2 млрд. теңгеге дейінгі немесе 4,9 еселік көлем жергілікті атқарушы органдарға берілгендігін атап өткен жөн.
2015 жылы ормандарды молықтыру мен орман өсіру көлемі 60,2 мың гектар аймақта жүргізілді. Бұдан басқа, Астана айналасында “жасыл белбеу” құру жұмысы жалғасуда. Оның жалпы алаңы 73 мың гектарға жетті. Шығыс Қазақстан облысының аумағында жабық тамырлы жүйемен көшет отырғызу материалдарын өсірудің жаңа технологияларын қолданатын заманауи орман тұқымы кешені қолданысқа енгізілді.
30 гидротехникалық құрылысты салу және реконструкциялау арқасында Қазақстанның алты облысында суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету жақсартылды. Сонымен бірге, су беру сенімдігін жақсарту үшін жалпы халық саны 75,1 мың адамды құрайтын 31 елді мекенде сумен жабдықтауды жақсартуға мүмкіндік берген 432,6 шақырым су құбыры желісі реконструкцияланды және салынды.
Осы және басқа да сумен қамтасыз ету мақсаттарына 2014 жылы 42,1 млрд. тенге, 2015 жылы бар болғаны 37,7 млрд. теңге бағытталған. Алайда, бөлінген қаражат су шаруашылығы инфрақұрылымын қалпына келтірудегі бүкіл қажеттілікті қамтуға мүмкіндік бермейді. Оның үстіне, елімізде сумен қамтамасыз ету жүйесінде айқын тепе-теңдік жоқ. Мысалы, оңтүстік облыстарда АШТӨ үшін судың 1 текше метрі тиынға бағаланады (ОҚО-да судың бір текше метрі 0,2-0,8 теңге, Жамбыл облысында – 0,2 теңге, Қызылорда облысында – 0,3 теңге), ал Павлодар облысында судың 1 текше метрі 16 теңгені құрайды.
Осылайша, экономикалық негізделген тарифтер су шығындарын үнемдеудің негізгі тетігі болып табылады. Осыған байланысты, Ауыл шаруашылығы министрлігі жеке және халықаралық инвестициялар тартуды жоспарлап отыр, алайда кепілдендірілген пайданы тек қана дұрыс тарифтік саясат ғана қамтамасыз ете алады. Бұл жобалардың негізгі мақсаты су саласын бюджетке тәуелділіктен біртіндеп ажыратып, инвестициялық тартымдылықты жақсарту болып табылады.
Бүгінгі қалыптасқан жағдайда АӨК-нің негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне кірген фермерлердің үлесін, қолданыстағы суармалы жерлер алаңын ұлғайту арқылы экономикалық өсімнің қозғаушы күші болу.
qazaquni.kz