Елбасы Астананы жасылдандыру туралы алдағы міндеттерді атады
2016 ж. 20 маусым
3138
0
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астананың «жасыл аймағының» даму барысымен танысты, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметінен.
Нұрсұлтан Назарбаев Елорданың орман плантацияларын және «Ақ қайың» көшеттер питомнигін аралады. Соңынан дәстүрлі қырғауыл ұшыру шарасына қатысты. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысына ағаш отырғызылатын аумақтың жалпы көлемін ұлғайту жұмыстарының барысы, сондай-ақ 2018 жылға дейінгі жасыл желекті алап пен оның биоалуандылығын дамыту жоспары туралы баяндалды. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін брифинг өткізді. Елбасы Астана маңындағы жасыл желек орман шаруашылығы қызметкерлері мен ғалымдардың тынымсыз еңбегінің арқасында пайда болғанын атап өтті. - Жылдар бойғы егілген ағаштардың жалпы аумағы 73 мың гектар болды, жыл сайын қосымша 5 мың гектар ағаш отырғызылады. Бұл аумақ көлемі жөнінен Бурабай ұлттық саябағына тең. Біздің ендігі міндетіміз - Елорда маңындағы орман ағаштары алабын Бурабай саябағы аймағына ұластыру, - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті еліміздің экологиялық жағдайын жақсарту үшін барлық өңірде орман өсіру ісін дамыту қажеттігіне де назар аударды. - Осы жылдары жаңа елорда - Астана ғана емес, сонымен қатар «екінші Бурабай» бой көтерді. Бұған дейін мұның бірі де болмаған. Ен далада жаңа қала бой көтерумен бірге оның маңында «жасыл аймақ» та пайда болды. Соның арқасында қалада шаң-тозаң мен ұйтқыған жел де азайды. Бұл ормандарда жеміс-жидектердің алуан түрі өседі, жан-жануар әлемі пайда болды, - деді Елбасы. Соңында Мемлекет басшысы еліміздің барша азаматтарын ағаш егу ісіне өз үлестерін қосуға, Қазақстанның табиғи байлықтарын аялауға шақырды. *** Астана маңында ағаш отырғызылған аумақтың жалпы көлемі 73 мыңнан астам гектарды қамтиды. Болашақта елорданың «жасыл аймағын» Ақмола облысы Ақкөл ауданы ормандарымен ұштастыру жоспарлануда. Бұдан бөлек, қаланың «жасыл аймағында» туризм мен демалыс орындарын дамыту мақсатымен 2014 жылы «Жасыл Аймақ» Қызылжар орман шаруашылығы аумағында сафари-саябағы құрылды. 2015 жылы жабайы жан-жануарлар түрі мен санын көбейте отырып, саябақ аумағын 300 гектарға дейін кеңейту жөнінде жоба әзірленді.