Ол – о бастан қызылкөз!
2016 ж. 07 маусым
3159
5
Жаңбырдың ара-арасымен жүгіргеннен жүгірген бойы биліктің басына жетіп, қолтығына қысқан тулағын таққа лақтыра тастап, қарғып шығып, жалп етіп отыра кететіндер қай заманда да, қай елде де болған, болып та жатыр, болады да. Ондайлардың және бір «қызығы» - әуелде тақта әлгі-әлгі... қаққан қазықтай болып отырып, төңірегін көзімен күндіз-түні тінткілеп, өзіне ертеңді-кеш бас шұлғыр байғұстарды тауып, теріп, айналасына жинап алады да, бөксесін қыздырған биігінен құдайдан басқа сүйреп түсірер күш жоғын біліп, жыл он екі айы көктемге айналады. Содан соң таққа: бірте-бірте біржамбастап отырып, шынтақтап жатып, шалқасынан шалжиып, ақырында төсек салдырып, тырайып жатып алады. Әрине, әке-шешесінен мұра отыз тісін, жиырма саусақ-башайын санап жатпайды, аузын жаппай пәлсәпа соғып, өсиет таратып, бұзау-торпақ тұра тұрсын, өгіздің де ішіне симайтын өкініш айтып өкіре бастайды. Енді сондайлардың біреуіне бағышталған бір мысал мінеки:
«...1993-жылдың бас шенінде болар, Санкт-Петербургта әйгілі Кербер қорының жиыны өтті.
(Қор туралы қысқаша мағлұмат. Оны 1947-жылы Гамбург қаласының тұрғыны, ізгілік-игілік істерге құмар қоғам қайраткері неміс Курд Кербер ашқан. Халықаралық байланыстарды бейбіт жолмен дамытуды, ғылым, өнер жетістіктерін насихаттауды мақсат еткен. Оның КСРО-дағы бөлімі 1959-жылы Ленинградта ұйымдастырылған, - Ғ. Қ.)
Жиынды қала әкімі Анатолий Собчак ашты. Көптеген елден келген делегаттар халықаралық деңгейдегі мәселелерді талқылап, ой-пікірлерін ортаға салған байсалды әңгіменің бір әредігінде сахна шетіндегі мінберге сап-сары жігіт селтиіп шыға қалады. Бойы орталау, сидиыңқы, сопақ басы сәл-пәл қасқалау. Қордың бұрын-соңды жиындарына қатысқандардың ешқайсысы көрмеген біреу. Оның қала әкімінің орынбасары Владимир Путин екені хабарланады. Қиық көз бен созыңқы мұрын иесі шелпек ерінін іске қосып, екпіндеп сөйлей жөнеледі де, оқыс пікірлерімен жиынның шырқын бұзады. Сонда ол не деген? Ол коммунизм идеясын ес білген кезінде-ақ іштей қабылдамағанын, КСРО-ның ыдырағаны өте дұрыс болғанын, бірақ байырғы орыс жерінің Қырым мен Солтүстік Қазақстан сияқты бөліктері Ресейге қайтарылмай кете барғанын, сөйтіп, жалпы саны жиырма миллион орыс бөгде елдерде өмір сүруге мәжбүр болып, өкпелері қабына сорлап жүргенін тістене айтады және оларға қосазаматтық құқ міндетті түрде берілуі керек, олардың жеке бас еркіндіктеріне нұқсан келтірілмеуі керек, оларды қорғауымыз керек деп екілене тебітеді.
Оның көпе-көрінеу парықсыз ол пиғылына көпшілік дереу наразылық білдіреді. Б. Ельциннің ұлт мәселесі жөніндегі кеңесшісі Эмиль Паин: «Басқа елдерде қалып қойған орыстарды қорғау» дегендей ұшқары сөзді айту дұрыс емес, мұндай пиғыл ТМД ішінде қақтығыс жасалуына апарып тірейді десе, профессор Ватаньяр Ягья Путинді көзімен атып: - Қырымды патшалық Ресей онсегізінші ғасырда жаулап алды емес пе? Солтүстік Қазақстанға орыстарды тоғытқан да сол билік қой? Сонау құрыған империялық өктемдікті жаңғырту ұлыдержавалық саясатты көксеу емес пе?! - дейді (А. Рардың «Владимир Путин. «Неміс» Кремльде» деген кітабынан).
Иә, небары Собчактың орынбасары кезінде шовинизмнің шымылдығын жұлқылап, Қазақстанға, Қырымға сұғын қадаған Путин Ресейдің билігіне жармаса сала, өздеріңіз білесіздер, Шешенстанға қарсы соғыс бастады, Грузияның ішкі ісіне қол сұқты. Ал президент болысымен: - Жер бетінің қай түкпірінде болсын тұратын орыс жәбір көре қалса, біз оған көмектесеміз! - деп безеріп, бүкіл әлемге сес көрсетті. Ел билігі тағын Д. Медведев екеуі өзара саудаға салып, екінші мәрте президент болысымен баяғыдан көкейін құртып жүрген Қырымды қарулы күшпен бассалып, Украинадан тартып алды да, құбыла қалып, бір аптадан кейін «Қырым референдумын» өткізіп, қырымдықтардың Ресейге «өздері сұранып қосылғанын дәлелдеп» сайрап берді, сонсоң украин жеріне әскерді өз бұйрығымен төккенін «заңдастыру» үшін тілалғыш думасына құптаған қаулы шығарттырып алып, «орыстарға күн көрсетуді қойған» Украинаға шеңгеліне қоса тісін салды! Ресеймен терезесі тең тәуелсіз елге басқыншылық жасағаны, өздеріңіз білесіздер, алғаш президент болғандағы шовинистік сес көрсетуінің бір көрінісі болды.
Дүние жүзінің игі ниетті елдері кінәласа да, Путин Украинаға басқыншылық жасағанын мойындаған жоқ. Алғашында: Украинаға көп әскер, қару-жарақ апармадық, бір айдан кейін әскерімізді кері шақырып алдық, қару-жарақ қалдырған жоқпыз, деп түлкіқұйрықтанды. Ол өтірігі нақты дерекпен дәлелденгенде де міз бақпады. Тар терімен әрең қаптап қойғандай жылмағай беті бүлк етпеді. Украинаның «шабуылынан қорғанушы орыс облыстары» бітімді ауызға алар емес, иә, қамқоршы алдырмаған соң. Қарулы қақтығыс жүріп жатыр, ал олай болса, бұрында әскері, соғыс техникасы болмаған бейбіт екі облыстың «қорғанушылары» танкті, басқа да керек атыс құралдарын қайдан алып отыр? «Жау» Украинадан ба?.. Путин оны «білмейді».
Орыста: «Аппетит приходит во время еды» деген мәтел бар ғой. Оны Путиннің жаратылысына қарай қазақ тіліне сайдырып көрсем: «Асайбергіштің араны ашылып тұрады». Иә, Путиннің араны атойлап, Украинадан соң, 2015-жылдың қазан айында Сирияны бассалды. Неге? Онда да орыстар ойбайлап жатты ма? Жоқ! Сирияның өзі сияқты билікқұмар «құдайы» Асадты қорғауға ұмтылды. Кімнен? Елдің сыртқы жауынан ба? Жоқ, тұрмыс-тіршілігі титықтата бастаған халықтың Асад билігіне қарсы қозғалысын жаныштауға жұлқынып жетті. Бейкүнә халыққа бес ай бойы орыс бомбасын үсті-үстіне төкті. Халықаралық батыл айыптауға ұшыраған соң ғана тоқтап, «негізгі әскери күштерін» Сирия жерінен алып кетуге мәжбүр болды. Асад-Путин одағының ымыраласуы салдарынан сол кезеңде: 400 мыңнан астам адам қаза тауып, 300 мың шамасы адам жарақаттанған; 4 миллион сириялық туған жерінен, елінен безіп, тентіреп, Еуропаны кезіп кеткен. Аштықтан, аурудан жол-жөнекей көз жұмғандары қанша екен?!. Ол да - басқыншылық, шовинистік саясаттың кесапаты!
Ресейдің бұл қожайыны сонау: дүлей Хрущев, мерез Солженицын, таңбалыбас Горбачев, жынбуған Жириновский... братандарынша Қазақстанға қарап ұйықтап, Солтүстік Қазақстанға қарап оянып жүрген жоқ па екен?!. Әйтеуір, Астанаға келген сайын әкесінің үйінде жүргендей тайраңдайды.
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ.
(06. 06. 2016 ж.)
qazaquni.kz