Шыбын-шіркейлер және «тәуелсіз» журналистер
2016 ж. 06 маусым
2553
1
Павлодарда шыбын-шіркей шыққаннан бері тұрғындардан маза кетіп, облыс әкімі Болат Бақауовтың құлағынан ызың кетпей қойды. Соңғы кезде оны кейбір басылымдардың тілшілері де мазалай бастаған сыңайлы. Әдетте, өздерін «тәуелсіз» журналист деп есептейтіндердің көбі облыстың экономикасы, халықтың әлеуметтік тұрмысы, денсаулығы, білімі, мәдениеті жөнінде ойлап, бас қатырмайды. Себебі белгілі: бұл тақырыптарды жазуға кәсіби біліктілігі жетпейді. Солай бола тұра, осы «шіркіндер» батыл журналист кейпіне енудің ең оңай әрі ең тиімді тәсілін жақсы меңгерген: бірден әкімге «ауыз салады». Мәселен, бұлардың біреуі әкімнің жүріс-тұрысын, қолына ұстаған портфелін де сынаса, бірыңғай қылмыстық істерді қаузайтын екіншілері қазіргі әкімдер басқарып отырған Павлодарды өткен ғасырларда бандиттер жайлаған Петербург тәрізді сипаттауға машықтанған. Біреуі тіпті бұрынғы әкім Қанат Бозымбаевтың өзіне қоқан-лоққы көрсетіп, «ауыз бастырық» сұрауға дейін барды. Әрине, құр қол қалған жоқ, «сыбағасын» алды... ...«Ratel. kz» порталында павлодарлық тілші Джамиля Маричеваның «Аким Павлодарской области и его блондинка» деген мақаласы жарық көрді. Әкім Болат Бақауовпен ондаған жылдан бері жемісті қызмет істеп келе жатқан Татьяна Васильевна Фишер деген ханымның еңбек жолын, мінез-құлқын, түр-келбетін, жас мөлшерін, тіпті юбкасы мен туфлиінің өкшесіне дейін тәтпіштеп жазған автордың ойын әркім әр түрлі түсінеді... Әйтсе де мақсаты айқын тәрізді: аймақ басшысын ықтырып алып, Т.В.Фишердің қызмет баспалдағына тосқауыл қою, сөйтіп кадр саясатына ықпалын жүргізу... Рас, Д. Маричеваны тиісті ақпараттармен кімдердің қамтамасыз етіп отырғанын әзірше жорамалдау қиын. Дегенмен, әкімнің идеология саласына жауапты қызметкерлері мен баспасөз хатшысының әлгі мақалаға орай қандай қадам жасайтыны жөнінде бірнеше болжам бар. Біріншісі, бұлар да бұрынғы әкім Қ.Бозымбаевтың баспасөз хатшысы Асқар Жалдинов сияқты Джамиля Маричеваны барынша көтермелейді де, құлақтары ызыңнан тынышталады. Екіншісі, «Мұның өзі кім, сөзі кім?» деген оймен оның жазбаларын мүлде қаперге алмайды. Үшіншісі, Қ.Бозымбаев секілді мүмкіндігінше төзімділік танытады, сонда да қоймай, шектен шыға бастаса «сыбағасын» береді... Егер аймақ басшысы өзін жөн-жосықсыз сынаған тілшілерді нан-тұзбен қарсы алып, барынша сый-құрметке бөлейтін болса, «атың шықпаса – жер өрте» дейтін журналиссымақтар жапа-тармағай оңай олжаға қарай лап беретіні анық жайт. Әрине, өз басым ҚР Президентінің аймақтағы өкіліне қандай да бір ақыл айтып, жеке ісіне араласудан аулақпын. Әкім және оның командасы әлгі жарияланымға әділ баға бере алса керек. Ал шыбын-шіркей «мәселесіне» келетін болсақ, мұны Болат Бақауовтың жуық арада сәтті шешетініне еш күмән жоқ.
Арман ҚАНИ, Павлодар қаласы
Фотосурет Д.Маричеваның фейсбуктегі парақшасынан алынды
qazaquni.kz