КЕРІСУ ЕМЕС, КЕЛІСУ КЕРЕК
2016 ж. 02 маусым
4462
21
БҰҚАРА МЕН БИЛІК ЖЕРГЕ ҚАТЫСТЫ ОРТАҚ ШЕШІМ ТАБА АЛА МА?
Жер мәселесіне қатысты қоғамдағы туындаған дау-дамай Елбасының біздегі қисынсыз қабылданған Жер кодексінің кейбір баптарына мораторий жариялауынан соң сәл де болса тыншыған сыңайлы. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы жағдайды түсіндіріп, көпшіліктің ұсыныс-пікірлерін талдау үшін арнайы құрылған комиссия өз жұмысын бастап та кетті. Оның қандай нақты қорытындыға келері әзірге белгісіз. Ең бастысы, қоғам мүшелері өз ойлары мен пікірлерін білдіруге мүмкіндік алды. Енді тек қана келісім арқылы бір ортақ шешімге келу қажет. Бұл өте маңызды.АРАНДАТУЛАРҒА АЛДАНЫП ҚАЛМАЙЫҚ
Әрине, жер мәселесіне жеңіл-желпі қарауға болмайды. Сондықтан ата-бабаларымыз ғасырлар бойы қанымен де жанымен де қорғап, ұрпағына мирас етіп қалдырған жалғыз және ең басты байлығы – жерден айырылып қаламыз ба деп қауіптенген қарапайым халықтың бұл үрейін түсінуге болады. Жерінен айырылса – халық жетім. Оны көздің қарашығындай сақтау әрбір адамның міндеті, басты борышы. Бұл туралы Елбасымыз да ордалы жиында әлденеше рет айтқан болатын. Өкінішке орай, біздің Үкімет ұсынып, Парламентіміз сонау 2003 жылы жерді жекешелендіру мен сатуды заңмен бекітіп берген Жер кодексі және одан кейінгі түзетулер мен толықтырулар жұмсартып айтқанда тым асығыс және терең ойластырылмаған, кейбір жекелеген адамдардың ғана мүддесін көздеген заң болып шықты. Осыған орай халықтың қарсылығы да қылаң берді. Бүгінгі жағдайды пайдаланып қалмақшы болған кейбір экстремистік топтар пасық пиғылдарын көрсете бастады. Оны күні кеше ғана Алматы қаласында орын алған оқиға анық көрсетіп отыр. Орталық алаңдарда жасырылған қару-жарақтар тегін емес, біздің еліміздегі бейбіт өмірді көре алмаушы сырттағылардың саясаты деп түсінуіміз қажет. Сондықтан осы тектес арандатулардан сақтанып, ел бірлігін бұзбай, қандай қиындықтар болмасын, қандай күрделі мәселені болмасын келісім арқылы шешкен жөн. Бұл жерде биліктің халық пікірімен санасуы аса қажет. Оған қоса жаңағы арандатушыларды ұстап, заң бойынша жазалау керек. Бұл – алаңға шыққан адамдардың бәрін апарып қойша тоғытып, қамау деген сөз емес. Жоғарыдан бұйрық келді екен деп көрінгенді бас-көзге төпелеп, қамау жағынан жоспар орындау – керісінше көптің ашу-ызасын тудыратынын ұмытпауы керек шенділер. Қолымда билік бар екен деп қоқаңдаудың арты жақсылықпен аяқталмайды. Қазір елімізде құқық қорғау орындары кейбір басылым өкілдерін шақырып, басылған материалдарға байланысты түсініктеме алуды әдетке айналдырды. Олардың ойынша жер мәселесіне немесе өзге де саяси жағдайларға қатысты БАҚ ештеңе жазбауы керек. Бұл қате ұстаным. Ақиқат айтылмаса, шындық жазылмаса бұқара адасады. «Бізде бәрі жақсы, бізде бәрі дұрыс» деп сылап-сипасақ, жағдай өзгеріп кете ме? Жоқ, ол халықты алдау болады. Ақырында ақиқат бәрібір ашылады, бірақ ол кезде жер дауы сияқты қатені түзеу мың есе қиынға түседі. Егер Үкіметіміз дер кезінде дұрыс шешім қабылдағанда, бүгінгі жағдай болмас та еді. Құқық қорғау орындарына айтарымыз, арандатушыларды адаспай іздегендері жөн. Сіздерді сол үшін жауапты қызметке қойып отыр емес пе? Кәсіби деңгейлеріңізді көрсетер тұс осы. Көптеген құқық қорғау орындарындағы мыңдаған адамдарды, тіпті биліктегілерді де халық есебінен қаржыландырып отырмыз ғой. Сондықтан қарапайым көпшілікті «қара тобыр» деп қарамай, керісінше халыққа адал қызмет ету олардың бәрінің тікелей міндеті. Қайталап айтайық, билік пен бұқараның өзара тіл табысуы бүгінгі қалыптасқан жағдайда өте-мөте маңызды.ЖЕРДЕГІ ЖІК ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?
Ата-бабаларымыздың қаны мен тері сіңген қасиетті жеріміздің ешқандай кінәсі жоқ. Жік сол алдында айтқан Жер кодексінен кейін пайда болды. Оған көпшілік қарсы болғанмен билік сол кезде ешкімнің пікіріне құлақ аспады. Қалай десек те, заң қабылданды. Жекеменшікке беріліп, оны сатып, немесе сатып алу заңдастырылды. Құдайдың жаратқан жерін қып-қызыл саудаға салғандар қалтасын қалыңдатқанмен, қарапайым халық қу тақырда қалды. Қала мен қала маңындағы жерлер үлкен сұранысқа ие болды. Өйткені ауылдан жұмыс іздеп қалаға ағылғандар жер сатып алып, баспаналы болсам деп үміттенді. Сол үшін банктерден несие алып, қарызға белшесінен батты. Кім ұтты, кім ұтылды? Әрине, жерге құжат беретін жергілікті әкімдіктегілер мен соған жауапты шенеуніктер бір жырғап қалды. Ал қарапайым тұрғындар тұтылды. Мақұл, болар іс болды делік. Енді не істеуіміз керек? Біріншіден, жерді сатуға ешкімнің құқығы жоқ. Егер сіз үй салсаңыз, бір зат жасап шығарсаңыз оны сатуға болады. Ол – сіздің еңбегіңіз. Ал жерді кім жаратыпты? Әлде оны біз біреулерден сатып алып па едік немесе ата-бабаларымыз бізге сатып кетіп пе еді? Екіншіден, өткен тәжірибе көрсеткендей жерді жекешелендіру оны міндетті түрде тағы да саудалауға алып барады. Оған көзіміз анық жетті. Ал, қазір жерді сатып алса, оны қайта сатпа деп кім айта алады? Ешкім айта алмайды, өйткені ол енді жекеменшігі. Яғни, жер саудасы одан әрі заңды түрде жалғасады деген сөз. Құнарлы жерлер тағы да билікке, соларға жақын немесе қалталылардың меншігіне өтеді. Оған он жерден бақылау қойсақ та, қазан басындағылар қай жерден құлақ шығарамын десе де өз дегенін істейді. Өйткені біздегі бақылау дегеннің аты ғана бар. Мемлекеттік бағдарламаларға бөлінген миллиардтаған қаржылардың ұрлануы соған анық дәлел. Жерді сатқандағы түсетін ақшадан мың есе артық қаржы кім-көрінгеннің қолында кетіп жатыр. Бақылағыш болсақ, сол желге ұшқан ақшаларға неге ие бола алмай отырмыз? Себебі бізде жемқорлық деген биліктен бастап төменге дейін тарап, тамырланып кеткен. Сондықтан жемқорлыққа тікелей жол ашатын – жерді жекешелендіруді тоқтату керек. Жерге жекеменшік деген бапты мүлдем алып тастап, барлық жерді қайтадан мемлекет қарамағына қайтару қажет. Жерді өз адамдарымызға жалға немесе тегін берген жөн. Сол ақшасын техника, тыңайтқыш алуға немесе шаруашылықты дамытатын басқа қажеттеріне жұмсасын. Оған қоса ауыл шаруашылығы саласына салық дегенді төмендетіп, олардың дамуына жағдай жасасақ ұтамыз. Үкімет оларға тұрақты, нақты қолдау көрсетсе ауылдарымыз қайта көркейеді. Ертең қазба байлықтарымыз біткенде күніміз осы ауылға қарайтындығын ұмытпайық. Әзірге бізде бәрі керісінше болып отыр. Мысалы, Алматы маңайындағы, тау бөктерлеріндегі жерлер түгел жекешелендіріліп кетті. Бұл жерлерде бұрын сол маңдағы ауылдардың малы жайылып, тұрғындардың тіршілік тірегі болатын. Қазір гектарлап қоршалған жерлерге ешкім кіре алмайды. Хан сарайындай зәулім үйлер тұрғызып, анда-санда келіп демалатын орын жасап алған байлар қазынаға қандай пайда тигізіп отыр? Ешқандай. Салық саласының деректеріне қарасақ олар жарық, су, жылу үшін тиісті төлемдерін де бермейді. Есесіне сол маңдағы тұрғындар төрт тұяқтыдан мүлдем қол үзді. Малдан айырылған соң қаладан жұмыс іздеп сенделіп жүр. Осыны ескере отырып, шетелдіктерге де өзіміздің адамдарға да жер сату туралы ешқандай әңгіме болмауы керек. Қазір билік «жерді сатып алса, оған иесі ұқыппен қарайды» деген желеу айтуда. Бұл да негізсіз, сенімсіз дәлел, сыныққа айтар сылтау ғана. Алыс ауылдағы жерлерді жекелеген адам сатып алса, қолындағы санаулы малына ғана қарап отырғандар не істейді? Жекеменшік жеріне оларды ешкім маңайлатпайды да. Сөйтіп олар да күн көріп отырған қолындағы ақырғы малынан айырылады. Ондай адамдар миллиондап саналады. Сол кезде әлеуметтік қайшылықтың көкесі басталады, жер дауының әкесін көретін боламыз. Дау-дамай бізге керек пе? Жоқ! Олай болса біздің билік ақылға келіп, халыққа құлақ түргені дұрыс. Үшіншіден, халық неге билікке жалынуы керек? Көпшілікті қайран қалдыратыны да осы. Сырттан қараған адамға қарапайым халық биліктің үйінде пәтерде жүргендей әсер қалдырады. Мемлекеттің, жердің, елдің иесі тек қана билік болып отырғандай жағдайға жеттік. Сонда қарапайым халық қазақ жеріне кірме, өгей ме? Неге олар кіріптар болуы керек? Бұл жердің иесі қазақ халқы емес пе еді? Биліктегілер де кезінде сол халықтың бір мүшесі еді ғой. Аумалы-төкпелі кезеңді пайдаланып, жымқырудың арқасында тез байып, лауазымға қол жеткізген соң неге олар өз халқына, өз қандастарына жау сияқты қарайды? Олардың қарапайым халықтан қай жері артық? Лауазымдылар мен қалталылар осы жағын мүлдем ұмытқан. Тек қана өз бас пайдасын ойлау, байыған үстіне байи берсем деген ашкөздік бүгінгі әлеуметтік қайшылыққа әкеліп отыр. Енді жерді шетелдіктерге жалға беру туралы. Кезінде Ресей патшалығы Алясканы америкалықтарға жалға беріп, стратегиялық маңызы зор қаншама жерінен біржола айырылып қалғаны тарихтан белгілі. Бұл қай елге болса да ұмытылмас сабақ. Әсіресе бізге, өйткені жеріміз кең, халық саны аз. Бір ғана мысал, былтыр ондаған кен орындарын сатылымға шығарып, небары 1,5 млрд. теңге тауыппыз. Бұл күлкілі жағдай. Енді жерді шетелге жалға бергенде содан көп ақша табамыз дегенге ешкім сенбейді. Есесіне мыңдап кірген қытайлықтар немесе өзгелер өзі аз қазақ ұлтын жұтып жіберетіні анық. Яғни, табиғи түрдегі ұлтсыздану орын алады. Сондықтан жерді шетелдіктерге жалға беруді тиып, арабтар секілді шеттен келген өзге ұлт өкілдеріне азаматтық беруді мүлдем тоқтату қажет. Жер – біздің ең қымбат және ең соңғы байлығымыз, тіршілігіміздің тірегі.Зейнолла АБАЖАН
QAZAQUNI.KZ