Қазыбек Иса. МАЙМЫЛДАР ДА СҰЛУЛЫҚ ТУРАЛЫ КЕҢЕС БЕРЕ БАСТАДЫ...
2016 ж. 28 мамыр
10260
61
ҚАЗАҚ ТІЛІНЕН "двоечник" бизнесмендер ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ БІЛІМ туралы қалай ақыл айтады?
"Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде.
Қазақ тілі ғылым мен интернет тіліне айналды!"
Нұрсұлтан Назарбаев
Қазір маймылдар да сұлулық туралы кеңес бере бастады... Қазақша білмейтін бизнесмендердің мектепте қазақ тілін шектеу туралы үндеуі туралы тек осылай деуге болады... Биліктің барлық бұтақтарына мызғымастай жайғасып алып, Қазақ тілін білмей-ақ Қазақтың тағдырын шешіп отырғандар Қазақ Елі үшін қаншалықты қауіпті! Баспасөзде барлығы бас шайқап, жағаларын ұстап жатқандай, қазақ тілінде сөйлемейтін "қазақ" байшыкештерінің елімізде негізгі пәндердің қазақ тілінде оқытылуын тоқтату туралы үндеу жасауына қандай моральдық құқықтары бар?!. Бұлардың тағы бір күйдіретіні, қазақ мектептерінде оқу деңгейі төмен екен. Қазақ мектептерін, әсіресе ауыл мектептерін бітіргендер өзгелерден кейін қалып келеді -мыс!.. Өздері қазақ мектебінде оқымаған, бір баласы да қазақ мектебінде оқымайтын, басым бөлігі қазақ тілін білмейтін, кейбіреулерінің тілі нан сұрауға жеткенмен, хал сұрауға жетпейтін қалталылар қалайша бұндай масқаралыққа барып отыр? Бұлардың бұл тірліктерін маймылдардың сұлулық туралы ақыл-кеңес бере бастағанымен салыстыруға болар... Әлде, олар жыл сайын халықаралық пәндер олимпиадаларында дәл осы математика, физика, химия т.ю. пәндерінен алтыннан алқа тағып келетіндердің басым бөлігі қазақ мектептерінің оқушылары екеніне назар аудармай ма? Тіпті, жыл сайын өтетін ҰБТ қорытындыларына қараса да, ең үздік балл алған түлектердің басым бөлігі қазақ мектептері оқушылары екені баспасөзде жарыса жазылып келе жатыр ғой. Ауыл мектебінің ахуалы түгілі ауылды көрмегендердің ауыл білімі туралы ауыз ашатындары күлкілі екен... Мүмкін, бұл қазіргі дүрлігіп тұрған Жер мәселесінен ел назарын аударамыз деп, "екі жеп, биге" шығу үшін ұйымдастырылған шара да болуы мүмкін... Бірақ, қазақ үшін ең басты өмірлік һәм елдіктің басты белгісі - Жер мен Тіл екенін, олар мәңгілік біртұтас екенін ұмытпаңыздар, мырзалар!ӨМІРІНДЕ СУҒА ТҮСІП КӨРМЕГЕНДЕР ЖҮЗУДІ ҮЙРЕТЕМІН ДЕСЕ, КЕЛІСЕР МЕ ЕДІҢІЗ?
Мысалы, өмірінде суға түсіп көрмеген адам сізге жүзуді үйретемін десе, келісер ме едіңіз? Әрине, келіспейсіз? Келіссеңіз, су түбіне батып кетуіңізге күмәніңіз болмасын. Ал бұлардың Қазақстан мектептерінде негізгі пәндерді қазақ тілінде оқытуды шектеу туралы “кеңесіне” келісуге бола ма? Су түбіне батып кеткісі келмеген кез-келген ел келіспейді! Дамыған ұлттық мемлекеттердің барлығы (құрама мемлекеттерді айтып отырған жоқпыз) орта мектепте білімді мемлекеттік тілде береді. Жаһанды жаңа технологиясымен жаулап келе жатқан Жапония бастауыш сыныпта тек мемлекеттік тілде білім беріп. ағылшын тілін тек 12 жастан бастап оқытады. Ағылшын тіліне қарсы емеспіз, ол - заман талабы. А,ылшын тілін үйренушілер үшін ешқандай кедергілер көріп тұрған жоқпыз. Арнайы мектептер ашыла берсін. Тек ағылшын тілі қазақ тілінің - мемлекеттік тілдің есебінен болмасын. Осы бизнесмендердің барлығы ана тілдеріне милары жетпейтін сауатсыздар болса да, Ресейдің мемлекеттік тілі - орыс тілін беске біледі, әрі болашақ - ағылшын тілінде деп отыр өздері, олай болса, онда орыс тілінің есебінен болсын ағылшын тілі... Мысалы, "Дүниежүзі тарихы" пәні неге орыс тілінде өтуі керек? Сонда қазаққа дүниежүзі тарихы керек емес пе? Мамандар "егер олай болса, Қазақстанда дүниежүзі тарихы ғылымы да жойылады" деп дабыл қағуда.. Осындайда ойға келеді екен... Осы Тәуелсіздік алған ширек ғасырда Олжас Сүлейменов бастаған орыстілді элита, осы өзге тілде сөйлейтін, қазақтың бабадан келе жатқан байлығын иеленумен байып шыға келген кәсіпкерлер де, ең болмаса, ырымға бір де бір рет ұлттық мүддеге негізделген бір бастама, қолдау жасады ма? Жасамай-ақ келеді. Жасағаны былай тұрсын, қарсы қарекеттерін тоқтатпай келе жатыр. НЕГЕ? Бұл біздің Тәуелсіз мемлекеттің іргетасы дұрыс құйылмағандығында. Ол іргетасты құйған материалдардың ішінде ұлттық негізге құрылған бір де бір түйір зат жоқ!.. 25 жылдан бері - ширек ғасыр ұлттық мүддеге құрылған кез-келген ниетке кешегі кеңес кезінен келе жатқан ұлтшылдықты жау ғып көрсететін құлдық санаың арқасында тойтарыс беріліп келеді. 25 жылдан бері биліктің бізді алдап келе жатқан, елдің санасына сіңіруге тырысып келе жатқан мифтерінің ең негізгі бастысы - "мемлекеттік тілге басымдық берілсе, ел қирап, өзгелер кетіп қалады" деген далбаса! Бұндай билік жасап алған өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам екені әлдеқашан әшкере болды. Өйткені, "МЕМЛЕКЕТ БІЗДІ НЕГЕ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ҮЙРЕНУГЕ МӘЖБҮРЛЕМЕЙДІ" - дегенге саятын ойларын жасырмаған талай орыс және өзге ұлт өкілдерінің сөзін естіп, оқып жүрміз. Олардың біразы кезінде 2011 жылы Конституциядан орыс тілі туралы 7-ші баптың 2-ші тармағын алып тастауды талап еткен, қолдаушылар саны кейін 30 мыңдай адамға жеткен әйгілі "138-дің хатына" қол қойған да болатын. Иә, сол кезде елімізді елеңдеткен бұл заңды талапты орыстілділер де қолдаған еді. Сын сағаттарда Николай Щербинин, Алла Платонова секілді орыс ұлтының озық ойлы өкілдері, парасатты кәріс қызы Клара Хан, Украин Мәдениет орталығының төрағасы Валентин Лымаренко және т.б. мемлекеттік тілді қолдап шықты. «Қазақ тіліне қарсылық - қазақ халқына қарсылық» деді Клара Хан ханым. «Қазақстанда қазақ тілі үстем болуы тиіс! Кез-келген мемлекет мемлекеттік тілсіз өмір сүре алмайды. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің өмірі, мемлекеттің бейнесі. Бізде ол –Қазақ тілі. Бұл – Қазақстан Республикасы! Сондықтан мемлекеттік тілді бәрі білуі керек!» деп мәлімдеді Валентин Лымаренко. «20 жыл тіл үйренуге аз уақыт емес, орыстар ренжімеуі керек! Мемлекеттік тілді білмегендер, елді қалай басқарады?» деді орыс Николай Щербинин. Ал орыс қызы Алла Платонова 2011 жылы Көкшетауда өткен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының V құрылтайында: «Қай мемлекетте тұрып өмір сүрсең, сол мемлекеттің тілін білуге, құрметтеуге міндеттісің! Қазақша сөйлемеу, үйренуге құлшынбау мемлекеттік тілді, яғни мемлекетті сыйламау. Қазақтың нанын жеп, ауасын жұтып, бірақ тілін менсінбеушілер елдеріне кетсін!» деді. Бұны Қазыбек Иса айтып отырған жоқ, орыстың ойлы қызы Алла Платонова айтты… Ал өскемендік белгілі ақын, «Золотое перо России» халықаралық әдеби сыйлығының иегері, Ресей Жазушылар одағының мүшесі Борис Петрович Аникин : «Я член союза писателей России. Автор нескольких поэтических сборников. Я упорно изучаю казахский язык. Считаю, что каждый человек, который проживает в Казахстане, должен знать государственный язык, чтить культуру и обычаи этой великой нации. Сам Лев Толстой и Достоевский, приклонялись перед тюрками. Анна Ахматова потомок последнего хана Золотой Орды Ахмата. Казахи великий и воинственный народ. Призываю всех изучать казахский язык!!!»-деп жазады. http://www.qazaquni.kz/?p=27285 Яғни, Мемлекеттік тілді білуге мәжбүрлейтін Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауға қарсылықты өзге ұлттар емес, билікте отырған қазақ тілін қақпайтын қаптаған қазақ шенеуніктері жасап отырғанын қазір елдің бәрі біледі. Талай елде елші болған, мына байшыкештерден білімі болсын, білігі болсын көш ілгері, ауыл мектебінде қазақша оқып-ақ, бірнеше шет тілін жақсы меңгерген көрнекті мемлекет қайраткері Болатхан Тайжан ағамыз Малайзияны мысалға келтіріп, елдің көзін ашып еді. Малайзия Тәуелсіздік алғанда малай ұлтының саны біздің Тәуелсіздік алғандағы қазақтың санымен шамалас болған. Соның өзінде ұлтшыл болып туғандықтан да, ұзаққа шапқан көреген мемлекет басшыларының арқасында жергілікті негізгі ұлт - малай халқына тілде де,тірлікте де басымдық берілген. Мысалы, Малайзияда малай тілін білмейтін малай жоқ ... Ана тілін білмейтін құлдық санамен... малай күйінде қалған біздің Қазақстандағы қазақтар ғана. Қожайынның тілінде сөйлеуге кім құмар болады - Құлдар ғана! Қарапайым аксиома! Ал қазақ халқының ұлттық намысымен ойнап отырған бұларды кім "маймыл" қылып отыр? Оны әркім де білетін шығар... Қолдан жасалған байлықтың тізгінін қолында ұстап отырғандар... қуыршақ ойнатуда кезекті рет... 1994 жылы да "маймыл" болған бұл байшыкештер. Сонда да, енді Тәуелсіздік алып, еңсемізді тіктеп жатқанда "орыс тілі мемлекеттік тіл болсын, төлқұжаттан " ұлттық" деген графаны алып тастайық"-деп бастама көтерген еді. Сонда да елдің қатты наразылығына тап болған болатын... Бұндай ұлттық мүддеге сатқындық тек кәсіпкерлер ғана емес, зиялы қауымдар ішінде де, тіпті , ел тағдырын сеніп тапсырған парламенттің өзінде де кездесіп тұрады. Бұрын да айтып, жазып жүрмін, осы оқиғаға байланысты тағы да еске салып кетейін. 2004 жылы «Қазақ үні» газетінің (ол кезде «Жас қазақ үні» деп аталады, ел ішінде "Жас қазақ"деп те айта беретін) Парламенттегі мемлекеттік тілге қарсы шыққан депутаттардың стенограммалық тізімін жариялауы қалғыған қазақ қоғамына жарылған сенсациялық бомба болды. Өйткені, қазақ тіліне қарсы шыққандардың 80-90 пайызы... қазақтар еді... Менің «Мемлекеттік тілді табанға таптаған Парламент таратылуы тиіс!» http://www.qazaquni.kz/?p=21922 атты мақалам елімізді дүр сілкіндіріп, зиялы қауымның Сенат пен Мәжіліске Ашық хат жолдауына себепші болды. Оны көптеген баспасөз құралдары қатты қолдап кеткені белгілі. Еліміздің бас газеті «Егемен Қазақтанда» біртуар қайраткер Шерхан Мұртаза: «Кімнің кім екенін білгің келсе, тек «Жас қазақ үні» газетінен ғана оқып, біле аласыздар» десе, қаламгерлердің бас басылымы «Қазақ әдебиеті» газеті: «Жас қазақ үні» бір мақаласымен-ақ ұйқыдағы жұртты оятты» деп жазды. "Қазақ үні"газетінің сол бір ғана мақаласы парламенттің "Дауыс беру стенограммасы сыртқа шығарылмасын" деген ереже қабылдауына мәжбүр етті. "РЕСЕЙДІҢ НӨМІРІ БІРІНШІ ҰЛТШЫЛЫМЫН"-деп мәлімдеген Ресей Президенті В.Путин таяуда ғана: “Орыс тілі мен әдебиеті және мәдениеті – Ресей үшін ұлттық қауіпсіздік мәселесі!”-деп айтты. Ресей азаматтығын алу орыс тілін білмейтіндердің ойына да кірмейді - бермейді!.. АЛ НЕГЕ КРЕМЛЬГЕ ҚАРАП "НАМАЗ ОҚИТЫН" БІЗДІҢ БИЛІК ОСЫ РЕСЕЙДЕН, ПУТИННЕН ҮЛГІ АЛМАЙДЫ? Сонда Қазақ тілі Қазақстан үшін Ұлттық қауіпсіздік емес, қазақша қақпайтын билікте отырғандар мен шалақазақтардың ойына келгенін істейтін экперимент алаңы ма?..ҚАЗАҚТЫҢ ЖҮЙКЕСІМЕН ОЙНАУ, ТӨЗІМІН СЫНАУ ҚАШАНҒА ДЕЙІН ЖАЛҒАСАДЫ?!.
Бұған дейін талай жазылғандай, үлкен жиындарда қаншама рет айтылғандай, кешегі "Жерімізді қорғаймыз"-деген митингілерге ел тек жер мәселесімен ғана шыққан жоқ. Талайдан жүректерге шемен болып қатып қалған ұлттық мүдделерге қарсылықтар жинала келе халықтың наразылығына от тастайтынын мектеп баласы да білгенде, мемлекеттік тілді "аттап кететін" министрлер неге білгісі келмейді? Осындай ең маңызды мәселені ширек ғасырдан бері біздің биліктің түсінбей, әлде түсінгісі келмей келе жатқанына таңым бар? Қазақ ешқашан қарыны ашқаны үшін көшеге шыққан емес, қашанда қадірінің қашқаны үшін ереуілге шығып отырғанын ұмытпауымыз керек. Мен кезінде “ҚАЗАҚ ТІЛІН ҮЙРЕНУГЕ МИЫМДЫ АУЫСТЫРМАСА, МИЫМ ЖЕТПЕЙДІ”-деп мәлімдеген, ағылшын тілінде ағып тұрған министрді “шукша министр”-дегенімде белгілі тіл жанашыры Руза Бейсембайтегі өз қарсылығын білдіріп еді. Сонда ол министрімізді жақтаған жоқ, шукша халқын жақтады. Ол кісі Ресейдің Свердловск қаласында өзімен бірге оқыған шукша халқының қыз-жігіттерінің озат оқығанын айтты. "Олар ана тілін біледі ме?"-деп едім, "Жоқ, ұмытып қалған" -деді. "Ендеше, мен шукша халқын білімі үшін кемітіп отырған жоқпын, ана тілін ұмытқаны үшін біздің шенеуніктерді шукшаға теңеп отырмын"-деп жауап жазғаным бар еді... Мәселеге тура, тереңнен шынайы қарасақ, өзі өткізген басты жиында елдің атын жаза алмай, "КазаХАстан" деп қате жазатын бұл "ағылшын тілімен ауырған" Білім министрі Ерлан Сағадиевтен бастап, ақылпаз" кәсіпкерлердің 90 пайызы қазақ тілінен мектепте "екілікке" оқығанына бәс тіге аламын. Олардың сол қазақ тілі білімі әліге дейін жетіле қоймағанын жиындардан анық көріп-біліп жүрміз. Сонда өмір бойы "двоечник" болып келе жатқан Білім министрі мен бизнесмендер қазақ тіліндегі білім деңгейі туралы қалай ақыл айтып, нұсқау бергісі келеді? Бай-бағландар бұл қойылған "бағамен" келіспесе, мен мамандығым сурет пәнінің мұғалімі болса да, олардың кез-келгенінен мектеп бағдарламасы бойынша қазақ тілінен емтихан алайын... Министрлерден бастасақ та болады... «Қазақ тілі туралы айтқанда, істі алдымен өзімізден бастауымыз керектігі ұмыт қалады" -деген Елбасы Н.Назарбаевтың ұлағатты сөзінің бұларға қатысы жоқ па? Кеше ғана белгілі саясаттанушы, ауылда қазақ мектебінде оқып-ақ, тарих ғылымының докторы, профессор атанған, ағылшын тілінде бизнесмендер түгілі министріңнен артық білмесе, кем білмейтін Әзімбай Ғали: " Құрметті Президент! Президент әкімшілігіндегі және Үкіметтегі қазақша білмейтін топастардан құтылыңыз, олар сіздің түбіңізге жетеді. Бүгінгі күні негізгі саясаттанушылық және әлеуметтанушылық объект және саяси субъект, ол –қазақтар. Сондықтан, қазаққа бет бұру керек"- деп, билік орындарындағы "двоечниктер" туралы ашына жазды. ( "Президент айналасындағы қазақша білмейтін шалағайлардан құтылуы керек!" http://www.qazaquni.kz/?p=52656 ) Бүгінгідей қаржылық дағдарыс кезінде мемлекеттік тілді білмейтін мемлекеттің қызметшілер үшін аудармашылар ұстап, екі тілде іс қағаздарын жүргізу үшін қыруар миллиардтар жұмсаудың не керегі бар? Мемлекеттік тілін басқа тілге аударатын бейшаралық тек бізде ғана бар... Мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілді білуі міндетті болуы бізден басқа әлемнің барлық елінде - бұлжымас заң! Сонда мемлекеттік тілді білмейтін мемлекеттік қызметкерлердің кесірінен мемлекет миллиардтаған қаржы зиян шегуі керек пе? Мемлекеттік тілді ширек ғасырдан бері білгісі келмесе, ұстап неміз бар, мемлекеттік тілді білетін олардан артық мамандар толып жүр ғой жұмыссыз... Міне, нағыз мемлекеттік тұрғыдағы әділетсіздік!!! Міне, билік бұтақтарына жайғасып алып, Тәуелсіздік Бәйтерегінің тамырын кеміріп жатқандар!.. Қуаныш Айтаханов бастаған бір топ ҚР Парламенті Сенатының депутаттарының ҚР Премьер-министріне: “Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95%-ы қазақ тілін білуі тиіс деген міндет қойды. Мемлекеттік тілді оқып, үйрену балабақшалар мен мектептерден басталады. Сондықтан, мемлекетік тілді меңгеру мақсатында орыс тілді мектептерде Қазақстан тарихы, география, өлкетану пәндерін қазақ тілінде оқытуды енгізу қажет"-деп депутаттық сауал жолдағанына да 3 жыл болды. "Сенаторлар орыс тілді мектептерде бірқатар пәнді қазақ тілінде оқытуды ұсынды" http://www.qazaquni.kz/?p=18328 Әлі өзгеріс жоқ. Керісінше, жоғарыда айтқанымыздай, орыс мектептері түгілі қазақ мектептерінің өзінде жаратылыс тану пәндері ағылшын тілінде, дұниежүзі тарихы пәні орыс тіліне ауыстырылмақ... БҰҰ-да қазақ тілінде баяндама жасаған Елбасымыздың бір кезде күйіп кеткенде айтқан: «15 жылдан бері мемлекеттік тілді аю да үйреніп алатын уақыт болды»,-дегенінен бері де 10 жыл өтіп кетті... Шынында да, Президентіміз айтқандай, осы уақытқа дейін орман жануары да үйренер қазақ тілін білмей отырып, қазақ тіліндегі білім деңгейі туралы сын айту - Крыловтың мысалындағы бұлбұлға "ән айтуды әтештен үйренуің керек екен"- дейтін әйгілі жануарды да еске салады... "Қоянның түрін көріп, қалжасынан түңіл" дегендей, бұл қазақ тілін мектептерде шектеуді қолдаған 20 кәсіпкердің ішінде атасы мен өзінің атын қазақша сауатты жаза алмайтындар да, кезінде мемлекет қаржысын талан-таражға салып, интерполмен шетелде тұтқындалғандар да, шекарамыздан шетелге күмәнді тауарлар алып өтпекші болғанда ( наркотик) ұсталғандар да жүр, ел онсыз да аттары былғанған, қадірі шамалы олардың бәріне өкпесін айта бермес. Бірақ әдебиет пен мәдениеттің белгілі меценаты Исламбек Салжановтың, руханият саласында еңбек еткен медиамагнат Арманжан Байтасовтардың аттарына кір келіп жатқаны анық... Осы "үндеушілердің" ішінде аты жүрген «Turkuaz Machinery» (Туркуаз Машинери) компаниясының басшысы, Түркия азаматы Мехмет Кемаль Четинелли мырзаға қазақ мектебінің қай тілде оқытылуын үндеуге кім құқық берді? Қазақстанның қазіргі адам аярлық тілдік ахуалына қарап, Қазақстанның мемлекеттік тілі - қазақ тілі екенін білмеуі мүмкін Мехмет мырза өз тілін білмейтін қазақ кәсіпкерлеріне "Түрік тілін білмейтін түрік жоқ және болуы да мүмкін емес" екенін әр кездескен сайын амандасудан бұрын (олардың қазақ тілінде сәлем беруге санасы жетпейтіні анық) айтып отырса, ол әлдеқайда оңды болар еді.. Бұл сұрақ Глобалинк компаниясы басшысы Сидик Ханға да қойылады...Математиканы қай тілде оқытуды министр математиканың академигінен артық біле ме?
Әлемнің талай елдеріндегі ең белгілі университеттерде дәріс берген, физика-математика ғылымының докторы, қазақ мектебінде оқып-ақ отызға толмай-ақ ғылым докторы, академик атанған Асқар Жұмәділдаев орта мектепте білімді тек мемлекеттік тілде алу керек деп есептейді: "Орта мектепке барлық ғылым, барлық оқу пәндері ана тілінде жүруі керек. Егер ол пәндер Қазақстанда қазақ тілінде жүрмейтін болса, қазақ тілінің де, Қазақстанның да ешкімге керегі жоқ. Сондықтан мен бұл реформаларға қарсымын және мұны он-он бес жыл бұрын айтқанмын.Олай болса, жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде өткіземін деген министрліктің ұсынысының астарында қазақ тілінің ғылымға икемі келмейді, қазақ тілі тек отбасы-ошақ қасы болып қалуы керек деген саясат тұр. Ал ол – Конституцияны бұзу!"-деп мәлімдеді ұштұғырлы тілге қарсы зиялылардың Ашық хатына алғашқы болып қол қойған академик. ( Асқар Жұмаділдаев: Оқу-білімді өзге тілде беру – Конституцияны бұзу! http://www.qazaquni.kz/?p=52532 ) Иә, академик дұрыс айтады. ҚР Республикасының Конституциясының 19-бабының III-тармағы «Әркімнің ана тілі мен төл мәдениетін пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдап алуға құқығы бар» деп жазылған. Сонда ақыл айтқыш қалталылар мен "реформашыл" министр математиканы қай тілде оқыту керектігін математиканың әлем мойындаған академигі Асқар Жұмаділдаевтан артық біле ме? Орыс тілінде ойланатын бизнесмендердің бәрі министрі бастап кезекке тұрса да, жабылса да, ауылдағы қазақ мектебін қазақша оқып-ақ, Германиядағы Гамбург, Мюнхен, Билефельд университеттерінің профессоры, Кэмбридж университетінің Ньютон институтында, сондай-ақ, Италиядағы А. Салам атындағы Халықаралық теориялық физика орталығында, Швеция корольдік Ғылым Академиясының Миттаг-Леффлер атындағы Математика институтында, Канададағы Фильдс атындағы Математика институтында қызмет атқарып, дәріс берген Асқар Жұмәділдаевтың қолына су құюға жарамайтындарын ойланды ма екен... Ал атын айтуды қаламаған биология ғылымының докторы, профессор ағамыз "Өзі былай да күрделі жаратылыс тану пәндерін енді тіпті күрделендіріп, ағылшын тілінде оқыту оқушылардың сағын сындыруға дейін барады, тіпті суицидке де баруын көбейтеді" -деген де пікір айтып қалды. Ол кісінің айтуынша, оқушылар түгілі қызметкерлер арасында да қолдан жасалған қиындықтарға душар болғандардың ішінен түңілуге бой ұрғандар кездескен екен..“Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Қазақ тілі ғылым мен интернет тіліне айналды!”- деген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі қайда қалады егер жаратылыс тану пәндерінің бәрі ағылшынша болып, қазақ тілінің қажеті болмаса...
"Кетпеннің басын бассаң, сабы маңдайыңа тарс ете қалады"-дейді қазақ мақалы. Кетпен ұстамай-ақ кенеттен керемет байып кеткендер бұл мақалды біле ме, білмей ме, оны айта алмаймын. Бірақ серіппелік заң бойынша, кері тебетін күшті де байқауға тура келеді енді оларға...БІЗ ДЕ ҚАЗАҚ ЖУРНАЛИСТЕРІ, ҮНДЕУ ЖАСАЙМЫЗ !
Бұдан былай барлық қазақстандық министрлер, әкімідер, депутаттарға, саясаткер, шенеуніктер, мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкерлерге РЕСЕЙДІҢ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛІНДЕ ЕМЕС, ҚАЗАҚСТАННЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛІНДЕ СҰРАҚ ҚОЙЫП, СОЛ ТІЛДЕ ЖАУАП АЛУДЫ ТАЛАП ЕТЕЙІК! БҰЛ ЕҢ АЛДЫМЕН КОНСТИТУЦИЯДАН БАСТАП, ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢДАРДЫ ҚОРҒАУ! ЕҢ АЛДЫМЕН ЕЛБАСЫНЫҢ ТІЛ ЗАҢЫНЫҢ САҚТАЛУЫ ТУРАЛЫ ЕРЕКШЕ ТАПСЫРМАСЫНЫҢ ОРЫНДАЛУЫН ҚАДАҒАЛАУ! МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕН ЕМТИХАН ТАПСЫРАТЫН УАҚЫТЫ ЖЕТТІ! ОЛАР ПРЕЗИДЕНТТЕН АРТЫҚ ЕМЕС ҚОЙ… Ширек ғасыр болды, билік иелері жеке бастарын ойлап біткен шығар, енді ҚАЗАҚ ЕЛІ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ 25 жылдығында мемлекеттік мүддені ойлайтын кез келді! Ал министрлер мен әкімдер, депутаттар және кәсіпкерлер, мектептерді өзге тілдерге көшіруден бұрын өздерің мемлекеттік тілден сынақ тапсыруға дайынсыңдар ма?.. ХАЛЫҚ СЫНАҚ АЛУҒА ДАЙЫН! Қазыбек ИСА, "ҚАЗАҚ ҮНІ" газеті. qazaquni.kz- Махмуд Шадиев
- Айдын Рақымбаев
- болатхан тайжан
- жер дауы
- Талгат Ахсамбиев
- Кеңес Рақышев
- Айгүл Жайлаубекова
- орыс тілі
- ұлттық мүдде
- Даурен Жаксыбек
- ағылшын тілі
- Берик Каниев
- Марат Шотбаев
- Бауыржан Жамалов
- Андрей Лаврентьев
- Арманжан Байтасов
- митинг
- Гауһар Қапарова
- Азимбай Гали
- Мехмет Кемаль Четинелли
- Исламбек Салжанов
- Галымжан Есенов
- Сидик Хан
- Елдар Әбдіразақов
- Асқар Жұмаділдаев
- Ерлан Сағадиев
- Анатолий Побияхо
- Qazybek ISA
- Қазақ тілі
- Үш тұғырлы тіл
- мектеп
- Ерлан Кожасбай
- Тұрсен Алагөзов