Дәурен Қуат: Билік өзіне шын жанашыр баспасөзді, шын жанашыр журналистерді мойындағысы келмейтін сияқты
2016 ж. 24 мамыр
2876
0
- Иә, 20-мамырдан 21-мамырға ауған түні Abai.kz ақпараттық порталы ашылмай қалды. Бізбен қатар, Ult.kz сайты, Azattyq.com сайты да жабық тұр. Шамасы, бәріміздің қауіпсіздігіміз бен құқығымызды қатты ойлап, қамқор болып отыратын органдағы достарымыздың қарекеті болса керек бұл. Иә, Abai.kz порталы былтырғы қыркүйек айынан бері ашық аукцион арқылы сатылып жатқан кен орындары туралы, таяудан бері Жер кодексіне тікелей қатысты материалдар легін үзбей жариялауда. Сірә, біздің осы бағытта жасаған азды-көпті жұмысымыз жоғары жаққа жақпай тұрса керек. Алайда, бірден айтайын, біз жұртты алаңға шақырып, шеруге үндеген емеспіз. Мемлекетіміздің тұтастығына, Атазаңымыздағы құқытық нормаларға, Тұңғшы президенттің Конституцияда әйгіленген мәртебесіне, т.б. қайшы келетін мақала немесе пікір жариялаған емеспіз. Әсіресе, жер мәселесімен байланысты жұрттың көңіл-күйінде «ойнайтын» мақала жариялап, жеңіл сенсация қумағанымызды қадап айтқым келеді. Әйтсе де, жағдай осындай болып тұр.
- Алыс-жақын шет елдегі қандастарымыз сайттың ашылып тұрғанын, ондағы материалдарды оқуға қол жетімді екенін айтып отыр. Бұны қалай түсінуге болады?
- Мен бір нәрсені түсінбеймін: біздің билік өзіне шын жанашыр баспасөзді, шын жанашыр журналистерді білмейтін, білсе де мойындағысы келмейтін сияқты. Бір қызығы Abai.kz Қазақстанда ашылмай тұрғанымен шетелдегі қазақтар порталды ашып оқып отыр. Сайттың Қазақстанда бұғатталып қалғанын да бек жақсы біліп отыр. Тіпті, шетелдік баспасөзде қазақтілді аса ірі порталдың жабылып қалғаны туралы ақпараттар да тарап жатыр. Бұл айналып келгенде Баспасөз бен сөз бостандығы және адам құқықтары жөніндегі халықаралық ұйымдардың есебіне еніп, еліміздің бет-беделіне нұқсан келтіретін оқиға болып табылатынын біздегі билік өкілдерінің ескермейтініне таңым бар.
- Сайттың жабылуы оқырманнан айрылу, рейтинг жоғалтуға әкеп соғады ғой.
- Әрине. Міне, 4 күн болды Abai.кz ақпараттық порталы жабық тұр. Біз, міне, 4 күннен бері оқырманымен жүздесе алмай отырмыз. Рейтинг жоғалттық. Жарнама берушілерден айрылдық. Сайттың контетнтіне нұқсан келді. Мұның бәрі моральдық, материалдық шығын. Бұл шығынды біз кімнен даулаймыз? Кімнен өндіріп аламыз? Білмеймін...
qazaquni.kz