Журналистерге ешкім тиіспеуі керек - сенатор
2016 ж. 24 мамыр
2648
11
Сенатор Мұратбай Жолдасбаевтың пікірінше, полиция қызметкерлері заңды бұзған, - деп хабарлайды Qamshy.kz
«Заң бұзушылық бар. Барлығы қателесіп жатады. Бірақ олар кешірім сұрау керек. Меніңше, полиция бастығы кешірім сұрады. Мұндай жағдайларда түсініспеушіліктер болады. Мен мұны қателік деп есептеймін. Журналистерге тиіспеу керек. Олар жұмыстарын емін-еркін істеуі керек. Сіздерді жәбірлеуге болмайды. Полиция түсіндірсін. Олай болмайды. Қоғам олардың кім екенін, журналистердің кім екенін білуі тиіс», - деді сенатор Мұратбай Жолдасбаев.
Естеріңізге сала кетейік, 21 мамыр күні ондаған журналист ұсталған еді. Елордалық ІІД ұстау фактісін жоққа шығарды. Алайда БАҚ өкілдері аудандық ІІБ бірінде болғандары туралы жазды. Бұл жағдайға қатысты Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев өз пікірін білдірген болатын.
«Әріптестеріміздің ұсталғанын жер реформасы жөніндегі комиссия отырысына келе жатқан кезде біліп, ішкі істер министрімен байланысқа шықтым. Қазір тексеріс жүргізіліп жатыр, олардың не себепті ұсталғаны анықталып жатыр. Сонымен қатар, ол журналистердің жақын арада босталуы мүмкін екенін айтты», - деді Абаев.
Кейін біршама уақыттан соң журналистер босатылып, министр журналистерді қолдайтынын жеткізіп, құқық қорғау органдарының өкілдерімен жұмыс жасайтынын айтты.
Кейінірек, жағдайға қатысты Бас прокуратура жауап берді.
«Прокуратура әрдайым барлығына қатысты шешім қабылдайды. Ол мейлі полиция, мейлі басқа болсын, кім заңды бұзады, соған қатысты шешімдер қабылданады. Ал бүгінгі ұсталғандар жайлы ештеңе айта алмаймын, өйткені хабарым жоқ. Мен осында жер комиссиясының отырысында отырмын, алайда артынан міндетті түрде хабар беретін боламыз», - деді Бас прокурор Андрей Кравченко.