Халықтың қалауы – жердің тұтастығын сақтау
2016 ж. 18 мамыр
3298
3
Жер дауы өршіп тұр. Билік халықты мәмілеге шақыруда. Соған орай, үкімет пен халық өкілдері бас қосқан коммисия өз жұмысын бастап кетті. Әйтсе де халық көңілі күпті. Себебі, коммисияда билік сойылын соғатындар даусы басым. Сансыз сауал алдыңды орайды. 21 мамырға иек артатындар да аз емес. Не істемек ләзім? Құранға жүгінейік.
Құран «...өздеріңнен болған әмір иелеріне бой ұсыныңдар» дейді. Дұрыс. Билікке қазақтай бой ұсынған ел жер бетінде некен-саяқ. Хадиске жүгінейік. Хадисіміз «Патша – Алланың жердегі көлеңкесі» дейді. Бұл да жөн. Жөн демейтіндей Пайғамбарымыздан озып не айта қоймақпыз. Дегенмен... Иә. Мына бір аятқа назар аудару қажет сияқты. Мағынасы «халық қалауы өзгермейінше, билік ауыспайды» дегенге келеді. Молдалар тілінде «халық өзгермей, билік өзгермейді» делінеді. Сонда халық қалай өзгеруі керек? Көшеге шығып, өзгеріске түсуге жоғарыда келтірілген аят пен хадис жол бермейді. Шынымен солай ма? Ендеше сол діни екі ұстанымға ой жүгіртіп көрейік.
Иә, Патша – Алланың жердегі көлеңкесі. Алайда бұл ұғымды тура мағынасында қабылдау әбестік. Рас, адамның Аллаға ұқсастырыла жаратылғандығын дін де жоққа шығармайды. Алайда ол ұқсастықты кескіндік тұрғыда қабылдасаң діннен шығасың. Шынтуайтында ол қандай ұқсастық, қандай «көлеңке»?
Ұғынықтылық үшін айтайық. 1465 жылы қазақ халқы мемлекет ретінде тарих сахнасына шықты. Бұл – халықтың қалауы. Қалау – халықтық қуат. Бүгінгі тілмен айтсақ – өкілеттік. Халық сол өз өкілеттігін Керей мен Жәнібекке берді. Енді айтпағымызды жүйелейік. Хан (Патша, Президент –атта тұрған дәнеңе жоқ) – өкілеттік иесі. Өкілеттік – Алланың жердегі көлеңкесі. Ол өкілеттікті ханға беруші – халық. Ал халық – Алланың бір аты. Сонда түптеп келгенде әлгі өкілеттікті беруші Алла болып шығады.
Енді мына бір жайтқа назар аударайық. Билік пен халық тұтас ұғым. Президенттің қайта-қайта сайлана беретіндігі сондықтан. Егер халық қалауы өзгерсе хандағы өкілеттікті қайтадан кері алып қояды. Бассыз халықтың теңіздей толқитыны сондықтан. Ал, өкілеттігінен айырылған ханның сөзіне ешкім құлақ аспайды. Хан тағы – халық қалауына орай шайқалады. Қалау көпшілік мәнге ие болғанда халық өзгереді. Ал, халық өзгергенде билік ауысатындығы Құран аятымен дәлелденген.
Халықтың бүгінгі қалауы – жердің тұтастығын сақтау. Билік сол қалауға үйлескенде ғана өзін сақтап қалады. Болмаса...
Құдияр БІЛӘЛ