«ӨЗІМІЗГЕ БЕРМЕЙТІН ЖЕРДІ ҚЫТАЙҒА БЕРДІ»
2016 ж. 18 мамыр
4836
3
Қытай фермерлері көктем туа тәжік жеріне дән сеппекші
Тәжікстан үкіметі қытай фермерлеріне мақта мен күріш егу үшін екі мың гектар жерді жалға берді. Қазақстанда қоғам қарсылығына тап болған идея енді Тәжікстанда жүзеге асты.
Қаңтар айының ортасында Тәжікстан парламенті ел аумағының бір бөлігі Қытайға берілгендігін ресми түрде бекіткен болатын. Ел шекарасын демаркациялау туралы Парламент бекіткен хаттама бойынша Совет өкіметі кезінде Қытаймен арада даулы жер саналып келген 1,1 мың шаршы шақырым жер, яғни Тәжікстанның жалпы аумағының 0,77 пайызы Қытай қарамағына өтті.
Енді міне, арада көп уақыт өтпей-ақ Тәжікстанға бір жарым мың қытай фермерінің асай-мүсейін арқалап келетіні белгілі болды. Көп жұртқа көктен жай түскендей болған мұндай келісім туралы Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон да, басқа ресми орындар да осыған дейін мүлде тіс жармаған еді.
Кейбір азаматтардың пікірінше, мұндай келісімді жария түрде айтатындай үкіметте бет жоқ. Өйткені жаппай жұмыссыздық жайлаған Тәжікстаннан жүздеген мың тәжік екі қолға бір күрек іздеп, Ресей асып кеткен.Олардың кейбірі бір жылда қайтып келсе, енді біреулері жат жерде бірнеше жыл жүріп бір-ақ оралады. «Кеткен ізі бар, келген ізі жоқтар» да жеткілікті.
АСТЫРТЫН КЕЛІСІМ
«Тәжік жері жалға берілетін болды» деген ақпараттар тәжік баспасөз бетінде 2010 жылдың маусым айында-ақ жылт ете түскен еді. Осы айда Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына үш күндік сапармен барып, автономия төрағасы Чжан Чунсенмен кездескен болатын.
Эмомали Рахмон сапарының ізінше, 2010 жылы қыркүйекте Душанбеге келген Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы ауыл шаруашылығы департаментінің орынбасары Ли Хунюньның қолына Тәжікстан ауыл шаруашылық министрлігі «Тәжікстан Республикасы мен Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының ауыл шаруашылық саласы бойынша 2010-2015 жылдардағы ынтымақтастығы» деп аталатын бағдарламаны ұстатты.
Эмомоли Рахмон (оң жақта), Тәжікстан президенті, Ху Цзиньтао ресми келіссөзден соң. Душанбе, 27 тамыз 2008 жыл
Бағдарламада Хатлон облысының Қумсангир және Бохтар таулы аудандарындағы екі мың гектар жерді игеруге бір жарым мың қытай фермерін тарту мәселесі қарастырылған болып шықты. Қытай жағы суды аз шығындайтын тамшылатып суару технологиясын пайдалануға және оны тәжік фермерлеріне үйретуге уәде берді.Қытай компанияларының осыған дейінгі Тәжікстан жерінде жүргізген жұмыстарына жергілікті тұрғындардың көңілі толған емес. Соңғы жылдары Тәжікстанның электр энергетикасы мен жол құрылысы саласындағы инфрақұрылымдарына Қытай тарапынан төрт миллиард долларға жуық инвестиция салынды деген мәлімет бар. Алайда сонда да жергілікті жұмыссыздардың азаяр түрі жоқ.
Еңбек миграциясын бақылайтын мекемелердің есебіне қарағанда, 2007 жылы жол, шағын электр станциялары салу мен таулы жердегі құрылыстарда қытайдың 30 мың мигрант-жұмысшысы жұмыс істеген. Құрылыс нысандары аяқталғанымен, кейбір қытай жұмысшыларының отанына қайтпай қалатын кездері де кездеседі. Ресми дерек бойынша, 2010 жылдың бас кезінде Тәжікстандағы Қытай азаматтарының саны 82 мыңға жеткен.
«ТӘЖІККЕ БЕРМЕЙТІН ЖЕРДІ ҚЫТАЙҒА БЕРДІ»
Азат Еуропа/Азаттық радиосының тілшісі Брюс Панниер 2011 жылдың 27 қаңтарында жарияланған репортажында «Қытайдан гастарбайтерлер келмей жатып наразылық оты тұтанды» деп жазады. Жергілікті тұрғындар қытай шаруаларының тәжік жеріне жұмысқа келуіне қарсы.
Душанбедегі көптеген тәжік азаматтары Азаттық радиосы Тәжік редакциясына берген сұқбаттарында үкімет шешімін сынады.
«Біздің үкімет тәжік сұраса бермейтін жерді қытайға беріпті. Жұрт күнін әрең көріп жүр. Оданша өзімізді жарылқамай ма?» – дейді толық аты-жөнін айтудан бас тартқан Бақтияр есімді азамат.
Ал үкімет шетелдік мигранттарға Тәжікстанның шығыс шекарасындағы егіншілікке жарамсыз, пайдалы қазбалары мен шаруашылық маңызы жоқ таулы жерлер берілгенін айтып ақталады.
Тәжікстан аумағының 93 пайызы таулы жер екені, қалған 7 пайызы ғана елдің аграрлық секторында пайдаланылатыны мәлім.
«МҰНЫҢ СОҢЫ ЖАҚСЫЛЫҚҚА АПАРМАЙДЫ»
Бірақ үкімет айтқан уәжге тоқтамайтын тәжік азаматтары да бар. Аты-жөнін айтқысы келмеген Душанбедегі респонденттердің бірі «Мұның соңы жақсылыққа апармайды» деп шорт кесті.
«Қазір тәжіктің өзіне жер жетпей отыр. Душанбе мен оның төңірегіне көз салсаңыз, жерге қолы жетпей шерменде болып жүргендердің көп екенін көресіз. Үкімет бұл мәселені қайтсе де шешуі керек», – деді ол азамат Азаттық радиосы Тәжік қызметіне берген сұқбатында.
Тәжік әлеуметтанушысы Рустам Хайдаров та қытай фермерлерінің келуі үлкен қауіп екенін айтады. «Өз азаматтарын басқа елдерге қоныстандырып, сол елдердің ішіне біртіндеп мысықтабандап жылжи беру — Қытайдың стратегиялық саясаты. Олар Тәжікстанға не үшін келгендерін жақсы біледі. Әуелі экономикалық саясатымызға, содан соң жалпы саясатымызға ықпал етуге кіріседі», – дейді Рустам Хайдаров.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ СӘТСІЗДІК
«Бос жатқан жерлерді» соя мен рапс өсіру үшін Қытай сұрады деген сөз 2009 жылы желтоқсан айында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың да аузынан шыққан еді. Бірақ бұл әу дегеннен қазақтардың қарсылығына ұшырады. Нұрсұлтан Назарбаевтың бір ауыз сөзін ілік еткен саяси қарсыластары Қытайға жалға жер беруді елді біртіндеп егемендігінен айыру, қытайландыру деп бағалады.
Осыған орай ел ішінде әжептәуір дүрбелең туып, алып-қашпа сөздер күшейген соң Нұрсұлтан Назарбаев ақпарат құралдары арқылы: «Қытайға жер сатылайын деп жатыр» деген қаңқу сөздерді таратып жүргендерді жауапқа тарту жөнінде құқық қорғау органдарына тапсырма беремін», – деп мәлімдеуге мәжбүр болды.
2009 жылдың желтоқсанында: «Жер кодексінің» 23-бабында шетелдіктерге ешқандай да жер сатылмайтыны айдан анық жазылған. Одан артық не керек?» – деген Қазақстан президенті бұл әңгімені доғарғандай болды.
«ИРАНДЫҚТАР БАУ ӨСІРІП, ТҮРІКТЕР БАҚША САЛАДЫ»
Алайда тәжік үкіметінің көздегені – басқа. Көп ұзамай Тәжікстанның егіс алқаптарында өзге елдердің де шаруалары жүруі ықтимал.
Тәжіктің «Авеста» агенттігінің хабарлауына қарағанда, Тәжікстан ауыл шаруашылық министрі Косим Косимов қытайлықтармен қатар, 2010 жылдың маусым айында Үндістанның Пенджаб штаты ауыл шаруашылығы мекемесінің басшысы Сардар Суч Сингх Лангахпен де кездескен. Хатлон облысы Яван ауданын аралып шыққан соң күріш өсіретін мың гектар жерге Үндістанның да да көзі түскен.
Кей ақпараттарға қарағанда, үнді фермерлері күріш пен астық егу үшін шамамен төрт мың гектар жерді жалға алмақ. Келешекте Тәжікстан тауларында ирандықтар бау өсіріп, түріктер бақша дақылдарын салатын көрінеді.
Тәжікстан ауыл шаруашылық министрлігі сыртқы байланыстар басқармасының бастығы Тиломурод Дониеровтың жергілікті баспасөз бетінде жарияланған сөзіне қарағанда, ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы Түркия, Иран, Қытай және Үндістанмен арада түрлі келісімдерге қол қойылған және министрлік мамандары жалпы көлемі 92 миллион доллар құрайтын 28 инвестициялық жоба әзірлеген.
Орталық Азияда Қытай ықпалының артып келе жатқанын Ресей қызғана бақылап отыр. Мәскеу мемлекеттік университеті ақпаратық-сараптамалық орталығының 2010 жылғы қыркүйек айындағы «Қытайдың Орталық Азиядағы ықпалының келешегі» деп аталатын талдауын жариялады. Онда: «Орталық Азия Аспан асты еліне тәуелділікке апаратын жолмен баяу да болса тоқтаусыз жүріп барады. Қытай өзінің аса үлкен армиясын пайдаланбай-ақ, «жаңа империализм» дейтін күдік туғызбай-ақ, ешқандай да тікелей билік орнатуға жүгінбей-ақ Орталық Азияны жаулап алуға кірісті», – деп жазылған.
Жасұлан КӨЖЕКОВ
Азаттық радиосы