Ел аман, жұрт тынышта “Жерiм-айлап” сорлаймыз ба?
2016 ж. 16 мамыр
2348
1
Жылдар бойы қақпақылда жүрген Жер мәселесінің қарпуын қандырмай, бір қайнауын ішіне жорта сақтап, көпшілікті дүрбелеңге салып қою үкімет пен парламенттің бұлжымас “кәсібі” болды. Биыл да баяғы жыр қайта жаңғырды. Ел мен жер егіз ұғым. Бірінсіз екіншісі ешқандай мағынаға ие емес. Мемлекеттіктің Ұлы кепілі-жерге иелік. Жерді меншікке беру қазақ халқының келешегін кесумен бірдей. Адам меншігін Қырымға сата ма, Қытайға саудалай ма, қимас тамырына тегін бере ме, керегіне қалай жаратам десе, еркі өзінде. Жер шетелдіктерге сатылмайды деген ертегі күні ертең далада қалатыны даусыз. Өйткені, меншік иесі өзіне тиісті дүниеге ешкімнің қол сұғуына жол бермейді. Оған ешкім тосқауыл болмайды. Тосқауыл наразылық туғызады. Меншік психологиясы жәй наразылық емес, ожар қарсылыққа ұласуы кәдік. Демек, мемлекеттік шегесін босатар тағы бір фактордың пайда болуына негіз жасалуы ықтимал. Бұрын қазақ біреудің боданында жүріп туған топырақтың әр шөкімі үшін жан алып, жан берген. Енді тәуелсіздік алып, өз қолымыз өз аузымызға жеткен заман туғанда, қара жерде қасқыр соғатын екпініміз ізім-қайым қайда жоғалып кетті? Бабаларымыз саясаттың алпыс айласын қолданып, орыс пен қытай сияқты алып елдерге жеріміздің тоқымдай телімін де тебінге түсірмеген. Алаш көсемдері көлденең өткен көк аттының бұйымтайына бөктерте салатын “қазақта басы артық жер жоқ”-деп, туған жердің бүтіндігін сақтап қалу жолындағы күресі үшін итжеккенге айдалды, атылды. Олардың жанкешті әрекеттері патшалық Ресейдің министрі Столыпиннің “Тың игеру” ойын жанғырту болған кенестік жоспарды іске асырмады. Столыпиннің де, большевиктің де діттегені жерге орысты қоныстандыру еді. Қазақ жерінің қойнауын игеруден қазақты шеттетіп, бұл саясатқа қарсы тұратын ұлт кадрлерінің қалыптасу жолын кесіп, байлықты сүлікше соруға жол ашу болатын. Кеңес үкіметі Столыпин жоспарына үндес ойын орындау Алаш көсемдері барда мүмкін емесін біліп, олардың көзін жойды. Бүгін көп көкейіне «Осы керді тартамыз ба» деген күдік ұя салған. “Ақтабан шұбырындыда“ қазақ “Елiм-айлап” зарлаған едi, ендi ел аман, жұрт тынышта “Жерiм-айлап” сорлаймыз ба, бiр кезде құба қалмақ зарлатса, енді өз Үкіметіміз сорлата ма деген қауып та жоқ емес. Жерді меншікке беруге наразылық бұрын да, бүгін де, болашақта да айтыла береді. Елбасы ел–жұртының орынды талабына құлақ асып, қам көніл елін алаң еткен ырың–жырыңды өзі тоқтатқаны жөн-ақ. Жер–ананың тағдыры бүгін өмір мен өлімнің өлшеуіші іспеттес болып тұрған тұста: «Жер ешкімгеде сатылмайды, оның бірден бір иесі мемлекет, жер шетелдіктерге жалға берілмейді»-деген бір ауыз сөз Жер Кодексіне енгізілуі халықка ауған жүкті басқандай әсер ететіні айдай ақиқат. Істің сәті осылай оң жамбастан келіп жатса, «Бізге халыққа ұнамайтын Заңның керегі жоқ» деген Елбасының нұсқауы оның абыройын арттырып, Ел еңсесін бір көтеріп тастар еді. Дербестiктің шарты-жерге иелiк екенін, жерінен айрылған ұлттың ұлттық қасиетін қоса жоғалтарын Атам-Қазақ тайқы талайлы кейбір министрден ерте білген. Қазақ үшін жер қашан да сакралды ұғым. Оны жат жұртқа жалға беру немесе сату күн тәртібінде ешқашан тұрмау керек. Ана сатылмайды! Ана жалға да берілмейді! Егер келбеті келіскен Жер Кодексін қабылдауға бүгіннен қам жасамасақ, ертең: “Кеден кеден болды, кедергі неден болды?”-деген зілді сұрақты халық Елбасының өзіне төте қоятын болады. Бұның салмағы тым ауыр сауал. Сондықтан ұрпаққа мирас етіп қалдырған бабалар аманатын келер буынға бүтін жеткізу біздің азаматтық киелі борышымыз.
qazaquni.kz