Бекболат «Жер сатылсын!» деген жоқ, оны жалға беруді қолдайтынын айтты...
2016 ж. 16 мамыр
4807
17
Аз ғана азаматтың абыройы – бәріміздің беделіміз
Қолға қалам алғызған тағы да жер дауы. Жер дауы болғанда да сол жерді желеу етіп, ел сенген, ұлттың сөзін сөйлейтін аз ғана азаматты мұқатуға тырысушы кей азаматтарды ісі.
Жер – қазақ үшін ең қымбат құндылық! Жер – егемендіктің ең басты символы. Жеріміз болмаса ел де, тәуелсіздік те, мемлекет те жоқ. Мұны жер реформасына қатысты дауласып жатқан екі тараптың да ешқайсысы жоққа шығармайды. Күні кеше өткен жер комиссиясының отырысында сөйлегендердің барлығы осыны айтты. Жерді сатамыз деген үкімет те оның мән-маңызын білмей отырған жоқ. Бірақ, осы жер туралы дауды пайдаланып, қазақтың сөзін сөйлеп жүрген азаматтарды елге жексұрын етіп көрсетуді ойлайтындар бар сияқты.
Жерге қорған болып жүрміз дейтіндер шын мәнінде бірді-екілі азаматқа қарсы жұмыс істеп жүрген сияқты. Әйтпесе, жер реформасын бастаған Үкімет, оның басшысы, орынбасарлары, жүздеген депутат бар. Осы бастаманы қос қолдап отырған қаншама әкім бар. Бірақ, жер туралы айтқанда ел бас сап Бекболат Тілеухан мен Нұртай Сабильяновқа жабысты. Бұл екеуі тіралы бұған дейін де жазғанмын. Кешегі комиссия отырысынан соң туған тағы басқа жалалар үшін тағы жазып отырмын.
Мәжілістегі 107 депутаттың ішінен санаулы сыншының бірден Бекболатқа жабысуының сыры неде? Меніңше, ол – Бекболаттың беделінде. Бекболатты, іші тарлардың өті жарылып кетсе де айтайын, ел сыйлайды, тыңдайды. Қазақ руханиятын Бекболаттай білетін, түсінетін депутат жоқ шығар. Демек, азаматтың абыройы әлдебіреулердің қитығына тиеді. Түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айырмаса да, қызғаныш деген қызыл ит біраз қыңсылайтын сияқты. Міне, содан барып, жерді желеу ете отырып барлығы Бекболат Тілеуханды іреп, союда. Әйтпесе, Бекболат «Жер сатылсын!» деген жоқ. Ресми тұлға ретінде үкіметтің ұстанымын да, халықтың пікірін де ескере отырып, ойын айтты. Жерді экономикалық айналымға салудың бір тиімді жолы ретінде оны жалға беруді қолдайтынын айтты. Жерді кім жалға бермей жатыр. Мүгедекпін, мұғаліммін, дәрігермін деп үкіметтен үй алып, оны да жалға беріп отырғандар қаншама? Бұның жанында мемлекеттің белгілі бір нысанды, жер учаскесін жалға беруі, оның заңдық негізін жасап, қорғалуын қамтамасыз етуінде тұрған не бар?! Қайта қаржылық қиындық кезінде даурығып, бақа-шаян-шортан болмай, бір мәмілеге келуді неге ойламаймыз? Жоқ. Олай жасауға болмайды. Түрлі латифундистер мен бай-бағланның мүддесін қорғап жүрген, үнсіз-ақ солардың қолайына келетін заңдарды қабылдатып жүрген басқа депутаттар назардан тыс қалады да, ел болып Тілеуханды табалаймыз. Неге? Жауабын осыны оқып отырған әр адам өзі айтар. Іштей.
Жасым алпыстан асып, жетпіске бет алса да қоғам тынысын, мемлекет саясатын бақылап отыру мақсатында интернетті де пайдаланып жүрмін. Балаларымның көмегімен ондағы мақалаларды, блогтарды да оқып отырамын. Сондағы қызу талас-тартысты көріп таң қалдым. Іші тар, мәселені байыптай алмайтын қызбаларға дауа жоқ шығар. Бірақ, басқамыз неге дабыраға еріп, даурығамыз? Мысалы, Бекболат Тілеухан мырзаны қызғыштай қорып, абыройсыз жандардың айыптауынан арашалап алуға тырысып жүргенін де көріп отырмын. Бірақ, ол жігіттердің онысы тиімді әрекет дей алмаймын. Бекболаттың ел дұрыс түсінбей қалған кей сөздерін жанашырлықпен бөлісіп, елге түсіндірем деген олар қазір қатты қарсылыққа тап болып жатқан сияқты. Келсін-келмесін біреуді ақтағаннан гөрі, айыптаған әлдеқайда оңай, тез тарайды, көпшілік те еріп кете береді. Бекболат та, оны жақтаушылар да осының құрбаны болуда. Айып таққыштар ешкімді оңдырып отырған жоқ. Иә, Б. Тілеуханды жақтаушылар оның шарапатын көрген шығар, әлі де көріп жатқан шығар. Азамат болған соң қаржылай да, басқалай да көмек көрсеткен шығар. Бірақ, ол нақты оны арашалағаны үшін ақша төлепті дегенге дәлел бола алмайды ғой.
Менің осылардан кейін айтпағым, ендігі жерде қазақ өзгеге күлкі болғанын қойсын. Жер дауы, басқа мәселеде болмасын қазақ деп жүрген жігіттерді айқайлатып талқылауды қояйықшы. Әлгі жала жапқыш топ айылын жимаса да, қорғаушы топ олардың айтқандарына назар аудармай, елемей қойсын. Сонда, үріп-үріп қояды ол айыптаушылар. Аз ғана азаматтың абыройы – бәріміздің беделіміз. Алма-ғайып кезеңде тұрған еліміздің ертеңін ойлайық!
Сәруар Айнабеков,
Зейнеткер, «Мұрат» шаруа қожалығының басшысы
Қостанай облысы Жангелдин ауданы
"Қамшы"