Еліміздегі жер дауына Ресейдегі қандастарымыз да алаңдаулы
2016 ж. 16 мамыр
2731
13
Ресейдегі қазақ диаспорасы өкілдері Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық хатында «жер дауын» қоғам пікірін ескере отырып реттеуді сұрайды. Қазақстанды дүрбелеңнен сақтау үшін жұрт көңіліндегі күмәнді сейілту қажеттігін екенін айтады.
Қазақстанда қоғамында биылғы жылдың негізгі оқиғаларының біріне айналған «жер мәселесіне» қатысты алыс-жақын шетелдегі қазақ диаспорасы өкілдері де үн қосып жатыр. Жерге қатысты әлеуметтік желілерде белсенді пікір білдіріп жүрген Мәскеудегі «Халықтар достығы мен ұлттық мәдениеттердің дамуын қолдайтын «Астана» қоры президенті Жарқын Өтешованың Азаттыққа жолдаған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жазылған ашық хатта «жер кодексіндегі өзгерістерге және жердің 25 жылға жалға [шетелдіктерге – ред.] берілуіне қарапайым халықтың білдірген наразылығы сырттағы 42 мемлекетте тұратын 5 миллион қазақты да алаңдатып» отырғаны айтылған.
Хат авторлары президент Назарбаевтың жер туралы заңдағы даулы баптарға мораторий жариялағанын құптай отырып, «жер кодексін қайта қарап, оның жерді жалға беру саласына нақты қатаң талап қоюды сұраған халық тілегін қолдайтынын» айтқан.
Бұл хатқа қол қойғандардың бірі, Мәскеуде тұратын тағы бір ресейлік қазақ әйелі Баян Нұрсапарова:
- Қазақстанда жерді шетелдіктерге ұзақ мерзімге береді дегенді естіп халықтың дүрлігіп жатқаны сыртта жүрген бізді де алаңдатып отыр. Қазақстанда туып-өстім, қазір Мәскеуде тұрамын, Ресей азаматымын. Бірақ алыста жүрсем де елдегі жағдай тыныш болса екен, үкімет бұл мәселені ушықтырмай, жанжалға жеткізбей, халыққа түсіндіріп және көпшіліктің пікірін ескеріп шешсе деген тілек айтамыз, - деді Азаттыққа.
Ресейде туып-өскен этникалық қазақ Самат Шарипов жер кодексінде жұрттың наразылығын туғызған баптар тыңғылықты түрде сарапталып, жердің болашағына қатысты ел көңіліндегі күмәнді сейілтетін дәрежеде қайта әзірленгені жөн деп санайды.
- Әрине, бүкіл әлемдегідей жерді жалға алып, одан өнім алудың дұрыс екенін ешкім жоққа шығармайды. Бірақ келешекте жердің құнарлылығы жойылмай, оның дұрыс қаралатындығына сенім болу үшін заң жүзінде оның барлық алғышарттарын белгілеп, нақты көрсеткен дұрыс. Халықтың пікірін ескеріп қабылданған шешім – қоғамды қажетсіз дүрбелең, жанжалдан сақтаудың бірден бір жолы, - дейді ол.
Мәскеуде тұратын этникалық қазақ Ерназар Нұриев «жерді шетелдіктерге сатады екен» деген қауесет жұрт арасында жаңсақ пікір туғызған деп біледі. Оның пікірінше, билік заң ережелерін халыққа ұғынықты етіп жеткізе алмауының салдарынан қоғамда наразылық туған.
- Түкке тұрғысыз нәрседен мәселе шығарып, түсініксіз айғай-шуға айналдырды. Бар болғаны – үкімет халыққа жердің жайын сауатты түрде дұрыстап түсіндіруі керек еді. Қазақстан азаматтарына жерді жалға берген дұрыс деп ойлаймын, себебі жерге қарамаса – тозады, оған қарап, күтетін иесі болуы керек, - деген Нұриев «жерді шетелдіктерге сатуға болмайды» деген өз көзқарасын да білдірді.
Сонымен бірге Ресей астанасындағы қазақтар хатта өзге мәселелерді де қозғаған. Мысалы, «Мәскеуде 2014 жылдан бері өткізіліп келген «қазақ тілі мен әдебиеті бойынша халықаралық олимпиада соңғы жылдары сұйылғаны», «Мәскеуде балаларды оқытатын тіл орталығына арналған, қазақтар бас қосар баспана жоқ» екені жазылған.
Қазақстанда жер туралы заңға енгізілген соңғы өзгерістерге сай үкіметтің биылғы шілде айынан бастап ауыл шаруашылығы жерін сату және шетелдіктерге жалға беру мерзімін 25 жылға дейін ұзарту жоспары қоғамда қарсылыққа тап болған еді. Сәуір айының 24-інде Атырауда «жер мәселесі» бойынша жаппай қарсылық шеруі кейін елдің тағы бірнеше аймағында көлемді наразылық акцияларына ұласқан соң, президент Нұрсұлтан Назарбаев жер кодексіндегі даулы өзгерістерге жыл соңына дейін мораторий жариялап, оның тапсыруымен үкімет жанынан жер реформасы жөнінде комиссия құрылған.
Құрамына парламент депутаттары, үкімет мүшелері, ғалымдар, ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлері мен азаматтық белсенділер енгізілген комиссияның алғашқы отырысы 14 мамырда Астанадағы ұлттық мұражайда өтті.
Жер реформасы бойынша комиссияның алғашқы отырысы: