ЕЛІМІЗДЕ ОФШОР ДАУЫН ЕЛЕҢ ҚЫЛҒАН ЖАН БОЛМАДЫ...
2016 ж. 11 мамыр
2296
2
Сәуір айының соңында ақпарат құралдарының негізгі тақырыбына айналған «Панама дауы» 9 мамыр күні қайтадан негізгі әңгіме өзегіне айналды. Халықаралық зерттеуші журналистер консорциумы (ICIJ) дүйсенбі күні жариялаған Mossack Fonseca офшорлық регистратор клиенттері туралы мәліметтер базасында одан басқа Қазақстанмен байланысты тағы төрт компания аталады. Жарияланған тізімде 200-ден астам қазақстандықтың бар екеніде айтылуда.
Экономика мен қаржы саласында офшорлық жүйені көпшілік заңсыз әрекет дегеннен гөрі бизнес құралы деп санайды. Ол негізсіз де емес. Тек, заң аясында офшорлық компанияларға қатысы бар адамның мемлекеттік қызметке де қатысы болмауы, салық төлеуден жалтармауы қажет. Соңғы офшорлық компаниялар тізімінде Қазақстандағы белді бизнесмендермен қатар, министр, вице-премьер шеніндегі лауазымды тұлғалардың да есімдері айтылды.
Бизнесмендерден Марғұлан Сейсембаев, Серікжан Мәмбеталин сынды кәсіпкерлер офшорлық тізімге қатысты алғашқылардың қатарында түсінік берді. Кәсіпкерлер кезінде офшорлық компанияларға қаржы құйғандықтарын, алайда, мемлекеттік қызметке, салық заңнамаларына қайшы келетін заңсыздықтардың болмағанын ашып айтты.
Үкімет құрамындағыларан офшор тақырыбына қатысты пікір білдірген Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев қана болды.
«Мен 25 жыл бойы бизнеспен айналысқан, әлемнің 10-нан астам елінде бизнес сатып алып, сатқан кәсіпкер ретінде көптеген халықаралық консорциумдардың акционері болуым түсінікті. Ал, бүгінде менің шетелде ешқандай ақшам, активтерім жоқ. Бүгінде барлығын тегін заңдастырып алуға болады. Мемлекеттік қызметке кіріскен сәттен кейін мен бизнеспен айналысқан жоқпын. Ал, тізімде аталған компаниялар қызметін әлдеқашан тоқтатқан. Алайда, олар туралы әңгіме әлі де көтеріле беретіні түсінікті. Бұл қалыпты халықаралық тәжірибе», - деді министр Е. Сағадиев.
Ал, Мәжілістің бүгінгі отырысында депутат Азат Перуашев офшорлық әрекеттердің салық заңнамаларына, бизнестегі әділ бәсеке қағидаларына қайшы келетінін айтып, Үкіметтен ондай компанияларды мемлекет тарапынан қолдауды тоқтатуды, мемлекеттік сатып алулар байқауына қатыстырмауды талап етті.
«Біздің партия Қазақстаннан ақшаның офшорлық зоналарға кету мәселесінің өзектілігін 2012 жылы 3 сәуірде, 25 қыркүйекте, 2014 жылы 15 қаңтарда, 2015 жылы 13 мамырда депутаттық сауал етіп жолдаған. Ал, 2014 жылы 16 сәуірде біз Үкіметтен Қазақстан экономикасын офшорсыздандыру бойынша шаралар қабылдауды ұсынған еді.
Біз тапқан пайдасын офшор арқылы сыртқа шығарып отырған компаниялар мемлекеттік бағдарламалардың, салықтық жеңілдіктердің, мемлекеттік субсидиялардың қолдауын, басқа да жеңілдіктерді пайдаланбауы керек деп санаймыз», - дейді депутат Премьер-министр Кәрім Мәсімовке жолдаған депутаттық сауалында.
Бұл айтылғандардан көретініміз журналистердің табандап сұраған сауалдарына жауап берген Е. Сағадиев пен депутат А. Перуашевтің мәлімдемелерінен басқа жоғары мінберлерде офшорлық аймақтардағы қазақстандық шенеуніктер мен лауазымды тұлғалардың активтері туралы айтарлықтай сөз болмады. Отставка мен тергеу-тексеруді талап еткен де жан жоқ. Қайта офшорда ақшасы барлар туралы абайлап сөйлеуге, айыптамауға шақыру әрекеттері байқалады.
Мәселен, Мәжіліс депутаты Мәулен Әшімбаев офшор иелерін нақты дәлелдері болмаса, ешкімнің де заң бұзды деп айыптауға құқығы жоқтығын айтты.
«Әрине, мұнда бұл жағдайға объективті түрде қарау керек. Егер шенеуніктердің біреуі қызметтік жағдайын пайдаланып қандай да бір заң бұзушылықтарға барса, осы мақсатта офшорлық юрисдикцияны пайдаланса, мұнымен құқыққорғау органдары айналысуы тиіс. Сонымен қатар, осы жерде қандай да бір дәлелсіз ешкімді айыптауға болмайтынын айтқым келеді. Егер қазақстандық кәсіпкерлер офшорлық есеп-шоттарды белгілі бір операцияларға пайдаланса, онда ешқандай біздің елдегі, шет елдердегі заң талаптары бұзылмаса, бұл қалыпты жағдай деп ойлаймын. Мұндай жүйе халықаралық бизнес тәжірибеде қолданылады», - дейді депутат.
Атынан ат үркетін офшор туралы бұл айтылғандардан ұққанымыз шетелде қаржы ұстағанның бәрін ұры немесе алаяқ деп аттандай жөнелуге негіз жоқ. Қолмен қойғандай дәлелдеп беретін айғақтарыңыз болмаса, Исландия халқы офшор дауында аты аталғанпремьерін қуып шығыпты дегенге еріп, офшор иелеріне қатысты қандай да бір айып тағудан да аулақ болғаныңыз жөн. Оның үстіне атышулы тізімді жер-жаһанға жария еткендер онда қай бизнесменнің қанша қаражаты офшорлық аймақтарда шоғырланғанын ашып айтуды жөн көрмепті.
Жомарт Абдоллаұлы
«Қамшы»