Индустрияландыру бағдарламасындағы жобалар да салыққа тиімді түсім бермей отыр - Нұртай Сәбилиянов
2016 ж. 11 мамыр
2466
0
Сырттан қарыз алғанша бюджетті оңтайландыру керек. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Нұртай Сабильянов осы мәселені көтерді. Еске салсақ, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланған болатын. Ол бойынша Дүниежүзілік банк Қазақстанға макроэкономикалық басқару және экономиканың бәсекеге қабілеттілін арттыру саясатын қаржыландыру үшін 1 миллиард доллар мөлшерінде қарыз береді.
«Біз Дүниежүзілік банктен қарыз алып оны бюджеттің тапшылығын жабуға жұмсағалы отырмыз. Неге біз сырттан қарыз алғанша бюджетті оңтайландырмаймыз? Шындығында, бюджеттен кейбір шығындарды қысқартуға әбден болады», - деді Н. Сабильянов.
Бұл ретте депутат «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына миллиардтаған бюджет қаражаты бөлінетінін, алайда осы арқылы қаржы алатын кәсіпкерлер бюджетке дұрыс салық төлемейтінін алға тартты.
«Бұл бостан босқа кетіп жатқан қаржы. Бізде ірі кәсіпкерлерді қаржыландыру бағдарламасы бар. Жыл сайын оған 17-18 миллиард теңге бөлінеді. Ондағы бағдарламада сауда-саттықты, неше түрлі кәсіпкерлерді қаржыландырамыз. Неге осыларды қысқартпасқа? Индустрияландыру бағдарламасындағы жобалар да салыққа тиімді түсім бермей отыр. Арнайы экономикалық аймақтарға да қыруар қаражат бөлінді. Оның нәтижесі қалай? Осылардың бәрін бюджеттен қысқарту керек, сырттан қарыз алғанша. Өйткені, біз әлемдегі бизнесті қаржыландырып отырған бірден-бір мемлекетпіз. Басқа ешбір ел бизнесті қаржыландырмайды. Бізде керісінше, бизнеске қаражат бөлеміз, олар еш салық төлемейтін масыл болып алды», - деді депутат Н. Сабильянов.
Депутаттың пайымынша, қазіргі таңда мемлекет пен бизнес екі бөлек бағытта қалып отыр. Осыған байланысты депутат бюджетте тапшылық болса, сырттан қарыз алғанша бюджеттің өзін қысқарту керек деген мәселе көтерді.
Дерек көзі: ҚазАқпарат