"Нұр Отанның" басшысы АШ министрі болды
2016 ж. 06 мамыр
2275
0
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Асқар Мырзахметовті Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі қызметіне тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
«А.И. Мырзахметовті Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі қызметіне тағайындау туралы» Жарлық
Асқар Исабекұлы Мырзахметов Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Назарбаев
Астана, Ақорда, 2016 жылғы 6 мамыр
№ 252
Асқар Исабекұлы Мырзахметов 1962 жылы 1 қазанда Шымкент қаласында дүниеге келген. Ауыл шаруашылығы және экономика мамандықтары бойынша білім алған. Ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты.
Аспирантураны аяқтаған соң 1988-1991 жылдары Бүкілодақтық ауылшаруашылығы ғылымдары академиясының шығыс бөлімшесі жүйесінде кіші, кейіннен аға ғылым қызметкері болып жұмыс істеген.
1991-1997 жылдары шаруашылық субъектілер мен қоғамдық ұйымдарда (Орта Азия және Қазақстан биржа Қауымдастығы Басқармасының, Қазақстандағы Кәсіпкерлері Форумы Кеңесінің төрағасы) басшылық қызметтер атқарған.
1997 жылдан 2006 жылдың қаңтарына дейін Қазақстан премьер-министрінің кеңесшісі, Ауыл шаруашылығы вице-министрі, бірінші вице-министрі және Ауыл шаруашылығы министрі лауазымдарында қызмет атқарған.
2006 жылдың сәуірінен 2007 жылдың қыркүйегі арасында – Қазақстанның Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі.
2007 жылдың қыркүйегінен 2009 жылдың наурызы аралығында – «Оңтүстік» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы.
2009 жылдың наурызынан бастап 2015 жылдың тамызына дейін – Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі.
2015 жылдың тамызынан бүгінгі күнге дейін «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды.
qazaquni.kz