"Уахабиссің" бе, әлде "арандатушысың" ба?
2016 ж. 05 мамыр
3752
1
БИЛІКТІ ЖАҚТАСАҢ «УАХАБИСТ», ЕЛДІ ЖАҚТАСАҢ «АРАНДАТУШЫСЫҢ»!
25 жыл айрандай ұйып отырған жұртта «ынсап» пен «қанағат» та баршылық
Иә, Ресей мен Қытай сынды екі алпауыттың ортасында ұланғайыр даланы 25 жыл тәуелсіз Қазақстан етіп ұстап тұрған Елбасының бір ойлағаны бар шығар... Ол тарыдай шашылған қазақтың басын Атажұртқа жиды, шекараны бекемдеді, көпшілік жұрттың қарынын тоқ, көйлегін көк қылды. «Болашақ» бағдарламасымен түлектер ұшырды, ядролық қарудан бас тартты, Сарыарқаның төріне Астана салды... Қалай болса да өз мемлекетінің шаңырағын шайқалтпай 25 жылдан бері басқарып келеді.
Қара орман қазақ та ақылсыз емес еді... Әлмисақтан мемлекеттік идеологиясы қалыптасқан, ханын сыйлаған, Алладан қорқатын, «аруақтан аттамайтын» ұлт болатын. Сол мінезімен «Құдайдың жердегі көлеңкесін», өз Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты «Ұлт көшбасшысы», «Елбасы» деп төбесіне көтерді. Биліктің айналасынан шығып жатқан миллиардерлермен қатар, күн санып өсіп жатқан миллиардтаған сыртқы қарызға да көз жұмып отыр... Яғни, Нұрсұлтан бастаған «Нұрлы заманда» өмір сүріп жатқандарына шүкірлік етті.
Қарап тұрсаң, бәрі керемет! Ел де, Елбасы да бір-біріне сай. «Қазақтың бақытты тұрмысы жайында» мемлекеттік БАҚ неше түрлі сан цифрлармен сағат сайын сүйіншілеп отыр. Оған да шүкір!
Бірақ, соңғы кездері неге әр өңірде халық толқуы болып, билікке наразылық білдіруде? «Данышпан блогерлер» айтсын, «сайқал» саясаткерлер айтсын – бұл тек «жер мәселесі» десек қателесеміз. «Жер кодексі» 2003 жылы қабылданған. Шетелдіктерге 10 жылға жалға беру нормасы сол кезде қосылған. Ал, халық неге 13 жылдан кейін «жерді» желеу етіп отыр?
Көзі қарақты жұрт көрсе керек. Егер мемлекетті алып бәйтерек десек қазақтың сол бәйтерегін түп тамырынан діңнің ұшар басына дейін жемқорлық құрты жайлады. Яғни, күндер өте «сол құрттардың» мемлекеттің өзін сатып жіберетініне мына жұрт имандай сеніп барады...
Бір қызығы Елбасының алысты ойлайтын көреген саясатын «көрмей отырған» жұрт пен ұрпағының болашақ қазынасын ойлаған елдің арасын кім жарастырады? «Америка арандатып» отырған «тобырды» тыңдап, заңды өзгертсе «патшаның» қандай қасиеті қалады? Ал қара орман халықты тыңдамай өз білгенін істесе «патшаның» қандай қадірі қалады? Мұндай сұрақтардың жауабын билік пен халықтың ортасына «алтын көпір» болуға тиіс депутаттар емес, ғаламтор жағалаған «виртуалды әлемнің батырлары» айтатын болды. Осыдан-ақ қазақ жұртының қазіргі жайын біле беріңіз.
Елбасыны жақтап сөйлесең «уахабист», халықты жақтап сөйлесең «арандатушы» боласың! Басқа таңдауың жоқ.
Қазақ әуе бастан «ақсақалын» тыңдайтын еді... Елге де, Елбасыға да батыл айтатын кім қалды? Шерхан Мұртазаның денсаулығы жар бермейді, Мағауин - шетелде, Мырзатай Жолдасбек - «әсіребилікшіл», Мұхтар Шаханов - «әсіреұлтшыл», Қабдеш - «оппозиция», Амантай қажы... Жо, жоқ! Алты Алашты ауызына қарататын ақсақал қалмапты, әлде қалдырмапты...
Жігіт ағасы ше? Айдос Сарымды тыңдасаң «нацист», Бекболат Тілеуханды тыңдасаң «уахабист», Ғалым Боқашты тыңдасаң «сопы», Дос Көшімді тыңдасаң «Америкашыл», Әміржан Қосановты тыңдасаң «оппозицяшыл» боласың...
Біздің қоғамның сиқы – осы.
Әйтеуір ең басты байлығымыз – тәуелсіз Қазақстан екенін есті қазақ біледі. Ендеше дәл қазіргі жағдайды тыныштандыру үшін қайтпек керек? Жол – үшеу.
- «Жерді желеу» етіп толқыған халық «Америкалық арандатушылардың» кесірінен «Қазақ көктемін» жасап, тәуелсіздігін қолдан береді.
- «Жер кодексіне» түсіністікпен қарап, барлық жауапкершілікті Елбасына артады. Ертең шекарадан аттаған әрбір қытай мен жер иеленгіш орыс үшін сол кісі жауап береді. Егер мұндай жағдай бола қалса, ертең тәуелсізікті қорғау бүгінгіден де қиындай түседі.
- Елбасы халықтың шынайы өкілдерін жинап (мейлі ол оппозиция, мейлі ұлтшыл, мейлі арандатушы...), арнайы кеңес өткізіп, «Жер кодексіне» тиісті өзгерістер енгізеді.
Ал, әрі қарай баянды тәуелсіздік үшін не істеуіміз керек? Оны да ойлағанымыз жөн. Жетіскеннен жер сататын билік, асып-тасқаннан «арандайтын» халық жоқ шығар. Қазақ көбею үшін, экономика өркендеу үшін ертеңгі ұрпақ зиян шекпейтіндей не істей аламыз? Соны ақылдасайық. Құдайға шүкір, байлық бар, жер бар, мұнай бар... Бәрі бар қазақта. 25 жыл айрандай ұйып отырған жұртта «ынсап» пен «қанағат» та баршылық.
Айтпақшы, «жер мәселесі» қозғалғаннан бері оны шешу жолдары емес, кім «арандатушы» деген сауал жиі қойылып, соған жауап қарастырылып жатыр. Ол да дұрыс шығар. Әртүрлі арандатулар болып жатқаны да жасырын емес. Бірақ елдің арасын алатайдай бүлдіріп, «анау арандатушы, мынау бүлікшіл» дегенді қою керек. Ондай қисынға салсақ, «Америкадан ақша алып жатыр» деп жұртты айыптаған «Еуразия» телеарнасы, тәуелсіздікті бүлдіруші деп халықты қаралаған «әсіребилікшіл» блогерлер, болған оқиғаны жеткізіп отырған ақпарат көздері... бәрі-бәрі «арандатушы» болып шығады. Шын мәнінде нағыз арандатушы кім? Оны тиісті органдар анықтай жатар.Әркім өз жұмысын жасағаны, сол шеңберде қызмет еткені абзал.
Хазірет Абділда
Дерек көзі: «Қамшы»
(Тақырып өзгертілді)