ЖҰМБАҚ ӨЛІМНІҢ БӘРІ БІРДЕЙ «СУИЦИД» ПЕ?
2016 ж. 03 мамыр
2998
1
Нақтырақ айтқанда, былтырғы 20-желтоқсан күні Ақтау қалалық әкімдігінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы «Күзет» полициясының лейтенанты Қарлыға Жаңабергенованың таңертеңгі сағат 7.30 шамасында өзін-өзі әжетханада атып өлтіргені жайындағы хабар жұрттың есінде шығар. Және көпшілік бұл оқиғаның себебін полиция өкілдері Қарлығаның соңғы кездері онкологиялық кеселдің ауыр түрімен ауырып жүргендігімен түсіндіргенін де ұмыта қойған жоқ. Полицияның бұлай жариялауына марқұмның күйеуінің берген түсінігі мен әкімдіктің диспетчері болып істейтін Демина деген әйелдің айтуы негіз болыпты.
Бірақ, араға бір күн өтпей жатып-ақ аталған ақпараттың жалған екені анықтала бастайды. Ең алдымен есін жиған марқұмның жолдасы екен. Ол 2015 жылғы 22-желтоқсан күні облыс прокурорының атына жазған түсінігінде «21-желтоқсан күні Ақтау – Жетібай жолының 20-шақырымында (марқұмды жерлеуге апара жатқанда! – авт.) бізді тоқтатып, мені өздерінің «Газель» машинасына кіргізіп, взвод командирі С.Омаров пен капитан Ж.Әзенов, әкімдік диспетчері Деминаның айтуымен, маған «әйелім онкологиялық аурумен ауыратын еді» деп жаздырды. Ол жерде «Күзет» қызметкерлері Ғалия, Лариса, Гүлзира, майор Құрманбаев, т.б. болды. Есеңгіреп отырған мен солардың сөзіне өзім сеніп қала жаздадым. Әйелімнің ешқандай аурумен ауырмағанына емханалар берген құжаттар дәлел. Тергеп, тексерілмеген деректі облыстық ІІД орынбасары А.Қуанышкереев ақпарат құралдарына жайып жіберді» деп көрсетеді.
Шынында да, Қ.Жаңабергенова өзінің денсаулығына шағымданып кейінгі бес жылда емханаға бармаған екен! Ол ол ма, кезекті кәсіби тексерісте де, 2015 жылғы аттестацияда да оның денсаулығынан ешқандай ақау табылмапты. Бұны облыстық онкологиялық диспансер де (А.Рахметов), қалалық №2 емхананың дәрігерлік-кеңестік комиссиясы да (А.Мелдеханов) растап отыр. Жарқылдап, күліп-ойнап жүрген жас келіншек, отыз бір жасқа енді келген бір баланың анасы сол түні де «ватсап» арқылы үй-ішіндегілермен бірнеше рет сөйлескен, оларға «комикстер» жіберген, таңертең 7.00-де нысанды тексеріп шыққан. 2005-жылдан бері сол жерде қызмет ететін Қарлыға «он жыл дегенде күйеуім екеуміздің еңбек демалысымыз биыл бір мезгілге келетін болды, отбасымызбен Алматыға, Астанаға қыдырамыз енді» деп жоспар құрып, қуанып жүр екен...
Қылмысты ашу ісі ұзаққа созылып кетеді. Жәбірленуші жақ:
«1) Макаров тапаншасының даусы өте қатты шығады, ендеше қалай оның дауысын диспетчерлер Демина мен Әлия, сол түнгі екінші күзет қызметкері Е.Қуанов естімей, күзетші әжетханаға кірген кезде ғана тауып алады? 2) Оның үстіне Е.Қуанов «Қарлыға унитаздың үстінде отыр екен» десе, оқиға орнына бірінші боп келген екінші адам, күзет бастығы Сейітхан «марқұм унитаз бен есіктің екі ортасында жатыр екен» деп көрсетеді. 3)Тағы бір күзетші, үйінде демалып жатқан Александр, болған оқиғаны кімнен естіп, сол жерге алғашқылардың бірі болып жетуі қалай? 4) Әжетханада жарық жанбайды екен, ал, Қарлыға қараңғы жерге үйде де аттап баспайтын, жалпы, көшені де тиісті жерінде ғана кесіп өтетін аса сақ адам болатын, қалай ол қараңғы жерге қорықпай кірген? 5) Оқ марқұмның төбесінен төмен қарай тесіп өткен. Бейнелеп айтсақ, сағат тілінің 11.00-ден 5.00-ке қарай. Адам өзін-өзі тамағынан жоғары қарай атуы мүмкін, құлағына тақап басының жанынан атуы мүмкін, бірақ, қанша тырысса да төбесінен төмен қарата ата алмайды ғой! 6) 22-желтоқсан күні Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Ю.Дирр мен оның екі сыбайласы тұтқындалды. Біз марқұм Қарлыға солардың құжаттарды жою секілді әлдебір қылмысының үстінен түсіп, соның құрбаны болған деп есептейміз. Екі диспетчер әйел мен күзет қызметкерінің де бұл қылмысқа қатысы бар деп күдіктенеміз» деп арыз жазғанымен, тергеу ісі орнынан жылжымай қояды.
Жәбірленушілер «Нұр Отан» партиясының облыстық бөліміне арызданғаннан кейін, ақпанның 11-інде, қылмыстың орын алғанына елу екі күн өткенде барып облыс прокурорының орынбасары А.Дүйсекенов осы арызға байланысты жиналыс өткізіп, «тергеуді жан-жақты әрі объективті жүргізу» жайлы облыс ІІД-не тапсырма береді, тапсырманы орындаудың жалған мәлімет таратушы А.Қуанышкереевке жүктелгені жөнінде облыстық прокуратураның басқарма бастығы А.Уәлиев жәбірленушілерге 17-ақпанда хабарлайды.
Тергеу онда да орнынан жылжымайды! Жәбірленушілер Г.Жаңабергенова мен З.Қарабалиннің ОІІД-нің тергеушісі Қ.Нысанбаевтың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 416-бабы бойынша қылмыстық іс қозғауды талап еткен арызына 24.03.2016 жылы Ақтау қаласының прокуроры Т.Әлібаев: «Осы күнге дейін тиісті тергеу әрекеттері жүргізілген. Тергеуші Қ.Нысанбаевтың әрекетінде қандай да бір заң бұзушылықтар, тергеу барысын бұрмалау орын алмаған» деп жауап береді.
Ал, қылмыскерлерді табуға әрекет те жасамаған Қ.Нысанбаев мырза болса содан 4 күн бұрын, 20-наурызда «қылмыстық құқық бұзушының анықталмауына байланысты» деп, бұл істі үзу туралы – әкімге білдірместен қаулы шығарып тастайды! Оның әрекет жасамағанын облыстық прокуратураның аға прокуроры Н.Оразбаевтың «...тергеуші қабылдаған шешімнің заңсыздығына байланысты бұзып, қосымша тергеуге жолдау» туралы 31-наурызда қабылдаған қаулысы дәлелдеп отыр! «Бұрын облыстық прокуратура берген нұсқауларда көрсетілген тергеу әрекеттерін толық орындау қажет» деп, тайға таңба басқандай етіп жазған Н.Оразбаев өз қаулысында алдағы уақытта істелуі тиіс ең кемі алты бірдей іс-әрекетті мұрынынан тізіп көрсеткен. Және! «Аталған нұсқауларды орындаумен шектелмей, барлық тергеу әрекеттерін уақтылы және сапалы түрде орындап, тергеуді толық, жан-жақты әрі объективті жүргізуді қамтамасыз етуді және заңда белгіленген мерзім ішінде заңды процессуалдық шешім қабылдауды тапсырамын» дейді.
Айтары жоқ, бізде сөз жүзінде бәрі керемет! Іс жүзінде де сондай болса ғой, шіркін... Жәбірленушілер Н.Оразбаевтың осы қаулысына сүйене отырып, қылмыскерлерді бүркемелеуге, тергеуді басқа бағытқа ауыстырып жіберуге тырысқаны үшін тергеуші Қ.Нысанбаевың үстінен ҚР ҚК-нің 413-бабы бойынша қылмыстық іс қозғау жайлы Маңғыстау облыстық ІІД бастығының атына шағымданғанымен, біз Ақтаумен хабарласқан едік, бүгінгі таңға – 25-наурызға – ешнәрсе өзгермепті. Тергеу ісі Абай атамыз айтып кеткен «қаңқ етер, түкті байқамас баяғы бір жартасы» секілді ешнәрсені байқамайтын баяғы Қ.Нысанбаевтың мойнында көрінеді.
Прокуратураның басты міндетінің өзі – заңсыздыққа жол бермеу. Ал, Маңғыстау облыстық прокурорының орынбасары А.Досекенов те жәбірленушілерге 1.04.2016 ж. жолдаған хатында «Тергеуші Қ.Нысанбаев тергеуді үзу жайлы заңсыз қаулы қабылдаған» дейді, бірақ, оның сол заңсыз әрекеті үшін жазаланғаны жайлы бір жақ ашпайды. Қолында билігі бар полиция қызметкерін жазаламау, ертең сол ісіңді жалғастыра бер деген сөз емес пе?!
Осы қылмыстық іс бойынша жәбірленушілерге ақыл-кеңесін беріп көмектесіп жүрген, республикалық «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықтық комитет» қоғамдық қорының Оңтүстік Қазақстан облысындағы өкілі заңгер Жаңабек Әбішев былай дейді: «Дәл осы қылмыстық істі полицияның басқа арнаға бұрып жіберуге тырысқаны көзге ұрып тұр! Олай деуімізге бірінші дәлел – жоғарыда айтылған, төбесінен жай түскендей болып, жан жарынан айрылып, қайғыдан қан жұтып жүрген азаматты «Күзет» қызметкерлерінің «әйелім обырмен ауырушы еді» деген сөзді жазуға мәжбүрлеуі болса, екінші дәлел – Маңғыстау облыстық ІІД бастығының орынбасары А.Қуанышкереевтің қылмыс болған күні «31 канал» телернасына берген интервьюінде «Қ.Жаңабергенова онкологиялық аурумен ауырған екен» деген жалған хабар таратып жіберуі. Оны сол күні республика жұртшылығының бәрі естіді. Бірақ, .... артынша аталған телеарна сайтынан әлгі сөз өшіріліп кетеді. Кім өшірді, неге өшірді? Оның өшіріліп кетуіне кім мүдделі?..
Үшіншіден, неге олар істі заңсыз үзіп тастады? Оның заңсыз екенін прокуратура өзі айтып отыр. Тергеушінің күдіктілерді тереңдетіп тергеудің орнына «кінәлі адам анықталған жоқ» деп істі үзе салуы, оның шын айыптыларды анықтауға мүлдем мүдделі еместігін анық көрсетіп тұр.
Полицияны қылмыс бағытын бұруға жетелейтін себептің тағы біреуі – суицид орын алса, құқық қорғау органдары «қылмыс ашылмады» деп ешкім алдында жауап бермейді. Облыстық Ішкі істер департаментінің көрсеткіштері де бұзылмайды.
Біз құқық қорғау органдары осыған байланысты өздері қылмыстық іс қозғай ма деген едік, бірақ олай болмады, енді соны талап етіп, жәбірленуші жақ арыз берді. Себебі, «Айғақтар беруге мәжбүрлеу» деп аталатын ҚР Қылмыстық кодексінің 415-бабында: «Сотқа дейінгі тергеу жүргізетін адамның тарапынан қорқыту, бопсалау немесе басқа да заңсыз әрекеттерді қолдану жолымен күдіктіні, айыпталушыны, куәні, жәбірленушіні айғақтар беруге мәжбүрлегені үшін...» төрт жылға дейін бас бостандығынан жазаланатыны көрсетілген».
Біз бұдан бұрын да газетіміздің 2016 жылғы 7-ші және 8-санында Қарақия ауданы, Мұнайшы ауылында 2015 жылы 15-қарашада 11-сынып оқушысы Асқанбаев Әбдірахманның «суицид» деуге мүлде қисыны келмейтін жағдайда мәйіті табылғанымен, «бұл – суицид» деп алдын-ала қорытынды жасаған полиция мен прокуратура бір жарым жылдан бері тергеу ісін аяқтай алмай отырғанын жазған едік. Оған енді мына іс қосылды. Біз аталған осы екі іс аяғына жеткізілгенше жәбірленушілер жағының сөзін сөйлеп, ақпараттық көмегімізді аямайтын боламыз. Құқық қорғау орындары бізді осылай қимылдауға мәжбүрлеп отыр. Олардың әділетсіздігінен қарапайым халыққа баспасөз ғана қорған бола алатыны күн санап айқындалып келеді...
Өмірзақ ӘБДУӘЛІҰЛЫ
"Қазақ үні" газеті