Ең бастысы - Ел бірлігі мен тыныштығы!
Иә, төңкеріс өртінің иісі шығып тұр. Тақ таластық! Қызығы сол – төңкеріс отын, басқа емес, биліктің айналасындағылардың өзі тұтатын түрі бар. Дәлірек айтсақ – тұтатқызады! Бұл арандатқыш күш, сыртқы алпауыт елдерден қолдау тапқан, президенттің сеніміне толық енген «келесі президент мен боламын!» деген адам (БІРЕУ), не топ.
Жерді шет елдіктерге 25 жылға жалға беруді құптаған, сондай-ақ кешегі Виктор Гюго деген пақырдың "ұлтшылдық" туралы дүдәмал пікірін мысалға келтірген президент елді сан-саққа салып, ойландырып қойды. Мемлекет басшысының сөйлейтін сөзін жазып беріп отырған сол БІРЕУлер
Негізі әлгі БІРЕУдің елді басқаруға араласып отырғанына көп болды. Ол әуелі елдегі оппозицияны жоқ қылды. «Батыр» дегендерін сатып алды, су жүректілерін қорқытты, шет елдегілеріне әлгі сатылған «батырларды» қарсы қою арқылы, басылым беттерінде масқаралады.
Содан соң, ұлтшылдардың әрқайсысының артына жеке-жеке адам салып, миын, санасын «өңдеді», «иттеріне» интернетте, әсіресе, фейсбукте «талатты».
Дәл қазір әлгі БІРЕУлер үшін өз ойын жүзеге асыруға өте қолайлы сәт туып тұр. Елде төңкерістің алғышарттары көріне бастады. Мен бұған өкінбес едім, егер ол қантөгіссіз өтсе. Бірақ, төңкеріс қашанда қан төгіспен біткен! Ұлтын шын сүйгендер қырылып, ал жемісін осындай БІРЕУ және соның айналасындағы жандайшаптар жеген.
Дегенмен, бұл БІРЕУлер ұлттың менталитетін жетік білмегендіктен, қатты қателесетіні анық-ақ. Сондықтан олар өз ойларына жете алмайды! Бірақ, талайлардың обалына қалайын деп тұр. Қазаққа қулық-сұмдық, ұрыс-керіс, қан төгіспен келген басшы қашанда – жат. Қазақ тектілік тұрғыдан ғана келген басшыны жүрегімен қабылдай алады! Осыны ұқпаған, шын мәнін терең түсінбеген адам «мен президент боламын!» деген ақымақтығын доғаруы тиіс. Бұл халықтың сорына жеткізетін даңғаза қылық қана.
Не істеуге болады? «stop қазақ!»десең, жер кетпек. «start қазақ!» десең, нағыз ұлтшыл азаматтар құрбан болуы мүмкін. Және ең өкініштісі – біріншісі кее қалған күнде де, екінші ұры әрі қатыгез, қазіргіге жылап көрісетін опасыз билікке тап боламыз. Себебі, қазақтың ең жанды тұсы – жерді өз жеке бас мүддесі үшін саудаға салу, «ойынға» тігу – түпсіз тексіздіктің белгісі!
Лайым мен жаңылысайын. Басқаша жағдайда, қоғамда биліктің бейбіт жолмен емес, төңкеріс, қан төгіс жолмен алмасуы мүмкін...
Тұйықтан шығатын жол бар ма?
Бар! Ең дұрысы – ел ақсақалдары президентке барып, халықтың талабын жеткізіп, жерді сату мен жалға беруді тоқтатып тастаса, басқа ештеңенің қажеті болмас еді. Ақсақалдар өз миссияларын орындап кетуі керек! Елді бүліншіліктен, жастарды төнген қәуіптен сақтау – ата буынның парызы! Ақсақалдар бүгінгі жағдайдың өте күрделі екенін, тексіздердің өз ара тақ таласын, ұлтымыздың ең осал тұсы – жер дауына құпия ұштастырып, елді алапат қантөгіске бастап бара жатқанын түсінулері тиіс. Түсініп, қимыл-қайрат жасауға міндетті! «Абылайдың асында шаппағанда, атаңның басында шабасың ба?!» деген бар. Бүгінгі күні «шаппаған» ақсақал қанша атақты, даңқты болса да, ертең, уақыт өте келе, өте бір жағымсыз кейіпкер болып қалатыны сөзсіз!
Ең бастысы - Ел бірлігі мен тыныштығы!
Геройхан ҚЫСТАУБАЙ
Фейсбук парақшасынан.
*Мақала өңделіп, тақырыбы өзгертілді.
qazaquni.kz